Алматы облысында 26 жастағы жігіттің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қайғылы оқиға 10 мамыр күні Боралдай кентінде болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Криминалды Қазақстан» паблигінің мәліметінше, марқұм Бахром «Эдельвейс» кафесіне жұмысқа келген кезде оның танысымен арасында кассадағы 70 мың теңгеге байланысты жанжал туындаған. Жақындарының сөзіне қарағанда, жанжал кезінде жас жігіт соққыға жығылған.
Алдын ала сот-медициналық сараптама нәтижесінде марқұмның көкбауыры жарылғаны анықталған. Сонымен қатар туыстары оның қан құсып жатқанын, ал жедел жәрдем кеш шақырылғанын айтып отыр.
Отбасы мүшелері оқиға орнындағы қан іздері тазаланған болуы мүмкін екенін және жігіттің киімі ауыстырылғанын да мәлімдеді. Олардың айтуынша, жедел жәрдем тек сағат 21:04 шамасында шақырылған. Бахром ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның қаза болғанын растаған.
Полиция аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта бейнебақылау жазбалары зерттеліп, куәгерлер мен медицина қызметкерлерінен жауап алынып жатыр.
Іс Алматы облысының полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
