Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Өзімді өзбек сияқты сезіндім» деген ресейлік әйел қамауға алынды

Видео скрині
Алматыда әлеуметтік желіде резонанс тудырған видеоға байланысты Ресей азаматшасы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиға әйелдің Қазақстанға банк картасын рәсімдеу үшін келіп, құжат рәсімдеу барысында туындаған қиындықтарға шағымданған видеосынан кейін өрбіген. Бейнежазбада ол банк пен ХҚКО арасындағы ұзақ бюрократиялық процестерге наразылығын білдірген. Бірақ желі қолданушыларының назарын оның «Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім» деген сөзі аударды.

Көпшілік бұл пікірді этностық астары бар орынсыз салыстыру әрі менсінбеушілік ретінде қабылдап, әлеуметтік желіде қызу талқыға салды. Ал кейбір пікір білдірушілер әйелдің эмоцияға беріліп сөйлегенін айтқан.

Алматы қалалық полиция департаменті видеоға байланысты тексеру жүргізілген. Ведомство мәліметінше, шетелдік әйел қоғамдық орында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Осы факті бойынша ұсақ бұзақылық бабы негізінде әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған. Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен әйел 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция өкілдері қоғамдық орындарда әдеп нормаларын сақтау мен заң талаптарын орындау азаматтығына қарамастан баршаға ортақ міндет екенін еске салды.