Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар бастама көтерді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мемлекет басшысы түркі елдеріне білім мен ғылым саласында бірлескен жобаларды дамыту, мамандар даярлау және озық технологияларды енгізу маңызды екенін айтты.
Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын, – деді президент.
Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашу жоспарланып отыр. Президент аталған жоғары оқу орнында түркі мемлекеттері азаматтарының білім алуына арнайы гранттар бөлінетінін жеткізді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы бағдарламалау, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бағытында түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастыруды ұсынды.
Президент бұл бастамаларды жүзеге асыруға Түркі инвестициялық қоры қаржылай қолдау көрсете алатынын атап өтті.
Биыл қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады, – деді президент.
Мемлекет басшысы қор толыққанды жұмыс істеуі қажет екенін айтып, ұйымға мүше елдерді бұл міндетті жедел іске асыруға шақырды.
