Алматыда Балғабек Қыдырбекұлының 90 жылдығы аталып өтті

Балғабек Қыдырбекұлы Кеңес үкіметі кезінде алғаш рет фамилиясынан «ов» тіркесін алып тастап, «ұлы» сөзін жаздырған. Еске алу кешінде жазушының шығармаларынан үзінді орындалды.

Жазушының қызы, композитор Балнұр Қыдырбек симфониялық оркестрдың сүйемелдеуімен әкесінің туындыларынан құралған композицияларды орындады.

Композицияның әр нотасын жазған кезде әкем жанымда отырғандай сезілді. Қазақта «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп айтады. Әкемнің тәрбиесі бізге мәңгіге азық болатын сияқты, — деді Балнұр Қыдырбек.

Жазушы Жұмабай Шаштайұлының айтуынша, Балғабек Қыдырбекұлын қазақ әдебиетінде әлі ешкім бағалаған жоқ.

Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» шығармасында ашаршылықтың не екені, оның трагедиясы туралы теңдесіз шындық жазылған. 1937 жылы адамды жазалау үдерісі әдебиетте өте сирек кездеседі, — деді Жұмабай Шаштайұлы.

Балғабек Қыдырбекұлы 1929 жылдың сәуірінде Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет еткен. Қазақстан журналистер одағы басқармасының төрағасы болған. Алғашқы фельетондар жинағы «Ешкімге айтпа» деген атпен 1962 жылы жарық көрген. «Шайтанның шатағы» (1966 жылы), «Қара сандық» (1969 жылы), «Маздаған шырақ» (1971 жылы), «Ұрының еншісі» (1972 жылы), «Ақпа құлақ» (1978 жылы), «Алатау» (1986 жылы, 1991 жылы), «Ақымақтың миы» (1993 жылы), «Түгел сөздің түбі бір» (1993 жылы), «Қым-қиғаш жылдар» (1993 жылы), «Қайран Ораз» (1999 жылы) және тағы басқа кітаптары жарық көрген.