Алматыда Шерхан Мұртаза тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға қала басшысы Бақытжан Сағынтаев, сенатор Нұртөре Жүсіп, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен қоғам қайраткерлері қатысқан.

Халқымыздың сүйікті перзенттерінің есімі есте мәңгі сақталып, ұлықталуы үшін барлығын жасаймыз. Шерхан Мұртазаның шығармашылық мұрасы кеңінен ашылып, тереңірек зерттелуі керек, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Шерхан Мұртаза — халық жазушысы, қоғам және саясат қайраткері. Ол қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қоса отырып, венгр халық ертегілерін, Ганс Христиан Андерсеннің, Шыңғыс Айтматовтың, Мұстай Кәрім мен басқа да жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Шерхан Мұртазаның шығармаларын мемлекет басшысы мен халық жоғары бағалады. Көзі тірісінде ол «Отан» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.