Нұрсұлтан Назарбаев: Түркістанды астана ретінде қарастырдым

Elbasy.kz сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев халық алдында сөйлеген сөзінде облыс орталығын Түркістанға көшіру шешімін түсіндірді. 

Тәуелсіздік алған соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Түркістан — түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, — деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда түгел қарқынды құрылыс жүріп жатқанын айтты. 

Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірі қатысып жатыр, — деді ол.

Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.

Барлық жоспарланған нысан құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, — деді Тұңғыш Президент.

Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілер көрмесін аралады. Көрмеге шеберлер әлемнің 20 елінен келген. 

Еске салайық, 4 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға барды. Ол қаладағы жаңа рухани-мәдени нысандардың, атап айтқанда, Тұңғыш Президент саябағының, әткеншектер саябағының, «Арбаттың» құрылыс жоспарымен және Күлтөбе қалашығы орнындағы археологиялық парк жобасымен танысты.