Танымал адамдардың осындай іс-әрекеті мен ойланбай айтқан сөзі әлеуметтік желілерде, қоғамда жарыса талқылайтын тақырыпқа айналады. Оның салдары да әралуан: біреу абыройынан, енді біреу қызметінен айырылады немесе жұрттың есінде сол бір жағымсыз қылығымен қалып қояды.

Ыңғайсыз жағдайға тап болып, қоғамның наразылығына ұшыраған қазақстандық саясаткерлер мен басқа да белгілі адамдар нұқсан келген репутациясын қалай қалпына келтірді? Әдетте аты жаманатқа іліккендер қалай әрекет етеді, қандай PR-инструменттерді қолданады? Мұны білу үшін Baribar.kz белгілі PR маманы Юрий Дороховпен бірнеше мысалды талқылады.

1. Мұхтар Тінікеевтің атышулы видеосы

Мұхтар Тінікеев
Мұхтар Тінікеев. Фото: Hcbarys.kz

2016 жылы 20 желтоқсанда Мұхтар Тінікеевтің Қарағанды мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойдың басынан ұрып, балағаттап жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары «Тінікеевтің видеодағы айтқан сөзі мен істеген әрекеті депутатқа лайық емес» деп жазды.

Кейін Мәжілістің бұрынғы депутаты видеоға қатысты түсінік берді. Ол бұл видео 2 жыл бұрын түсірілгенін және ол әзіл екенін мәлімдеді, бірақ видеоға теледидардағы «Вести» телеарнасының сюжеті түсіп қалған. Телеарнаның сайтында бұл сюжет 2 жыл бұрын емес, 2016 жылдың 17 желтоқсанында жарияланған. Журналистер осылайша оқиға 2016 жылдың желтоқсан айының ортасында болғанын, яғни саясаткердің өтірік айтқанын анықтады.

Осы оқиғадан кейін Мұхтар Тінікеев Мәжіліс депутаты қызметінен өз еркімен кетуге өтініш берді. Қазақстан Парламентінің ресми сайты оның мәлімдемесінің мәтінін жариялады.

Қоғам назарын аударған видеоматериал бойынша түсіндіруді және жасаған шешімім жайлы айтуды борышым деп есептеймін. Оқиғаның өзі — жеке бас сипатындағы мәселе, сондықтан оның мән-жайын айтпаймын. Кәсіби қызметіммен байланысы жоқ жағдайлардағы қате әрекетім үшін барлық сайлаушыдан, барлық қазақстандықтан кешірім сұраймын. Оқиға демалыс күні, жұмыстан тыс уақытта болғанына қарамастан бұл мені депутат ретінде, Nur Otan партиясының мүшесі ретінде жауаптан босатпайды. Сондықтан мен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ретіндегі өкілет мерзімімді тоқтату туралы өтініш бердім, мұндай шешім шығару оңайға соқпағанын жасырмаймын, — делінген мәлімдемеде.

2. Төреғали Төреәлінің көрерменді залдан қуып шығуы

Төреғали Төреәлі
Төреғали Төреәлі. Фото: Sn.kz

2017 жылы әнші Төреғали Төреәлі Павлодардағы Мәдениет үйінде «Айхай-25» атаған жеке кешін өткізді. Осы концертте оның көрерменнің бірімен сөзге келіп қалған видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Видеодан әншінің егде жастағы азаматқа дөрекі сөйлеп, соңында оны концерт өтіп жатқан залдан қуып шыққанын көруге болады.

Еу, айналайын көке, ата сақалың аузыңа жетіп, жасың мыңға келіп, не айтып тұрсың мына жерге келіп ап? Менің де бір кісідей ашуым бар, ағайын. Ешкім еріккеннен жүрген жоқ. «Еріккен сарт е….. уқалайды» деген. Ұнамай ма, шығып кетіңіз бар! Сізге ешкім жалынып жатқан жоқ, — деді ол.

Әншінің бұл қылығы көптің наразылығын туғызды. Кейін әнші өзінің Instagram-парақшасында осы жағдайға қатысты түсінік беріп, халықтан кешірім сұрады.

Жаным-ай, кешіріңіздерші. Үлкен кісіге олай деп сөйлегім келген жоқ. 13-те болса да, баланың даналығы болады. 60-та болса да, шалдың шалалығы болады ғой. Сондықтан мен ол кісіні көрсем, міндетті түрде кешірім сұраймын, ол кісі де менен кешірім сұрайды деп ойлаймын, — деді ол.

3. Константин Горожанкиннің пікірі

Константин Горожанкин
Константин Горожанкин. Фото: Тимур Батыршин

2018 жылы «Қазконтент» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі болған Константин Горожанкиннің үстінен оның әлеуметтік желіде жазған пікіріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Ол Facebook желісінде Түркістан облысының Абай ауылында зорланған баланың ісі тоқтатылғаны туралы жазбаға Қазақстан азаматтарының ашу-ызасын келтіретін пікір жазды.

Бұл геннен. XIX ғасырда Қазақстанда болған саяхатшылардың жазбасында жергілікті тұрғындардың арасындағы малмен жыныстық қатынасқа түсу жағдайлары мен гомосексуализм туралы жиі айтылады, — деп жазды ол.

Константин Горожанкин
Facebook-тегі комментарийдің скриншоты

Алматы ішкі істер департаменті (қазіргі полиция департаменті) сол кезде Константин Горожанкиннің үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағымен («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») іс қозғалғанын хабарлады. Кейін «Қазконтент» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Евгений Кочетов Константин Горожанкиннің пікірі компанияның қызметіне сай келмейтінін айтып, оның директорлар кеңесі мүшесінен шығарылғанын мәлімдеді. Ал 2018 жылдың тамызында басталған сотқа дейінгі тергеудің соңы не болғаны беймәлім.

4. Аманжан Жамаловтың кісі өлімі туралы сөзі

2017 жылы елімізде тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұру науқаны халық арасында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында ажиотаж туғызды.

Осы жылдың 16 қаңтарында Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталығында 1964 жылы туған азамат қайтыс болды. Ол тұрғылықты мекенжайы бойынша орталыққа тіркелуге келген. Осы жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов журналистерге пікір білдірді.

Халыққа қызмет көрсету орталығындағы адам өлімі Қазақстанда уақытша тіркеу жүргізіліп жатқаннан деп ойлайсыздар ма?! Адам қайтыс болыпты, білмеймін, дәл осындай жетістікпен ол өз үйінде де қайтыс болуы мүмкін еді. Бұл сұрақ бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне хабарласыңыздар. Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Біз көптеген заң қабылдаймыз және аталған заңды жүзеге асыру үшін шара қолданылуы керек, — деді Аманжан Жамалов.

Депутаттың «жетістік» деген сөзіне қатысты әлеуметтік желілерде көп сын айтылды. Аманжан Жамалов қайтыс болған азаматтың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, халықтан күтпеген сұраққа жауап бергенде қате сөз айтқаны үшін кешірім сұрады. Ол өзіне адам өлімі мен уақытша тіркеу туралы норманы байланыстыру қиын болғанын айтты.

Менің жалғыз қателігім — сөзді дұрыс қолданбағаным. «Успех» сөзін «жетістікке жету» деген мағынада айтқан жоқпын ғой. Адам өлімін жетістік деп айтуға болмайтыны түсінікті. Есі дұрыс адамға бұл сөзді оқыған кезде бәрі түсінікті болады. Менің айтқым келгені — өліп кету қаупі барлық жерде бірдей. Адам кез келген қоғамдық орында қайтыс болуы мүмкін, — деді Аманжан Жамалов.

Сарапшының пікірі

Юрий Дорохов
Юрий Дорохов. Фото: Istory.kz

«Бұл кейстердің бәріне ортақ нәрсе — бұл оқиғалардың кейіпкерлері өз әрекетінің салдары қандай болатынын әсте ойламаған. Риториканың басты ережелерінің бірі — біз әрқашан сөзімізді өзге адамдар қалай қабылдайтынын ойлауымыз керек деген. Қай кезде де көзқарасымыз, құндылықтарымыз бен мотивтеріміз өзіміздікі ғана екенін және онымен басқалар келісе бермейтінін ұмытпау керек. Сөзіміз бен әрекетіміздің жұртқа әсері адам айтқысыз болуы мүмкін — әдеттегіден ерекше бірнәрсе істегенде немесе мәлімдеме жасағанда осыны әрқашан ескеруіміз керек. Осы төрт мысал да ойланып алмай әрекет етудің салдары қандай болатынын көрсетеді. Көбіне қысылтаяңда немесе қызбалықпен жасалған. Мұхтар Тінікеев біздің заманымызда кез келген әрекет немесе сөз жұртқа жария болып кететінін ойламағаны анық. Төреғали Төреәлі сөзсіз қызбалықпен істеді, Константин Горожанкин мен Аманжан Жамалов жақсылап ойланып алмай сөйледі. Барлық фигуранттың осындай дағдарыстан кейінгі іс-әрекеті қисынға сай келеді: олар кешірім сұрады, Тінікеев пен Горожанкин қызметтерінен айырылды және оған дауласқан жоқ. Осындай атышулы жанжалдардан кейін қандай да бір құрбандыққа бару керек, жай ғана кешірім сұраудың жеткіліксіз екені түсінікті. Бұл кейіпкерлердің беделіне сол жағдайлардың бәрі орны толмас нұқсан келтірді деп ойламаймын, бірақ жұрттың есінде ұзақ уақыт бойы қалады. Енді басқа адамдар бұл оқиғалардан біраз сабақ алады деп үміттенемін, — дейді Юрий Дорохов.