Бақытжан Сағынтаев тіл жанашырларына Президенттің алғысхатын тапсырды

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде мемлекеттік тілді дамыту, оны қала жұрты арасында дәріптеу мәселесі талқыланды. Қала мектептерінің кітапханаларын қазақ жазушыларының кітаптарымен толтыру және интернет базасын қазақтілді контентпен толықтыру ұсынылды.

Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан жазушылар мен қоғам қайраткерлеріне Президенттің алғысхатын тапсырды.

Олардың арасында «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, жазушы Смағұл Елубай, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Телхожа Жанұзақов, халық жазушысы Мұхтар Шаханов, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Ұлттық аударма бюросының редакторы Назгүл Қожабекова, жазушы-публицист Жұмаш Кенебай, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Смайыл Срайыл бар.