«Махаббат әлемді басқарады» немесе «Инферно» фильміне рецензия

Жанры: детектив, триллер

Режиссер: Рон Ховард

Сценарист: Дэвид Кэпп, Дэн Браун

Рөлдерде: Том Хэнкс, Фелисити Джонс, Бен Фостер, Омар Си, Ирфан Кхан

Инферно
©kinopoisk.ru

«Көзімді аштым. Мен қайдамын? Маған не болған? Басым ауырып барады… Көз алдым тұманданып тұр. Бұл келген кім? Мен көлік апатына түстім бе, дәрігер? Неге Флоридадамын? Келген кім? Полиция мені неге іздеді? Ол неге оқ атып жатыр? Қайда қашып барамыз?… Тоқта, бұл не? Бұл лазер менің қалтамда не істеп жүр? Қаштық…». Фильм Роберт Лэндтің  (Том Хэнкс) осындай түсініксіз халімен басталады.

Ол Гарвард университетінің профессоры. Флоренциядағы ауруханада есін жиған ол Италияға қалай тап болғанын білмейді. Сиенна Брук (Фелисити Джонс) есімді дәрігермен бірге ауруханадан қашып шығып, өз қалтасынан Дантенің «Құдіретті комедиясындағы» тозақ картасы салынған лазерді тауып алады. Картадан Зобрист (Бен Фастер) деген адамның есімін оқыған профессор Сиеннамен бірігіп, жұмбақты шешуге кіріседі. Зобрист жер бетіндегі халықтың санын азайту үшін биологиялық қару ойлап тапқан миллиардер. Лэндонның қолындағы карта осы қарудың орналасқан жерін көрсетуі керек. Олар билікке де, полицияларға да сене алмайды. Себебі, оларға қоңырау шалған сайын іздеріне киллер түседі.

инферно

Фильм америкалық жазушы Дэн Браунның «Инферно» деген кітабына негізделген. Инферно – «тозақ» деген мағынаны береді. Бұл жазушының профессор Роберт Лэнгдон туралы төртінші кітабы. Оның алдыңғы  «Код да Винчи», «Періштелер мен перілер» («Ангелы и демоны») атты  туындылары да Рон Ховардтың режиссерлігімен үлкен экранға шыққан еді. «Инферно» солардың жалғасы.

Сценарист Дэвид Кэпп түпнұсқаға көп өзгеріс енгізбеген. Жалғыз айырмашылығы – кітапта биологиялық қару іске қосылмай тұрғанда адамдарды жерден көшіру мәселесіне қатты мән беріледі, фильмде қаруды табуға күш жұмсалады.

Инферно

Фильм операторларының жұмысы қол соғуға тұрарлық. Көремен болсаңыз да, профессормен бірге басыңыз айналып, көзіңіз тұманданып, сүрініп-жығылып, қуғыншылардан қашып отырасыз. Біресе Флоренциядағы Палаццо Веккьюде, енді бірде Венециядағы Сан-Марко собарында болсаңыз, тағы бірде Стамбұлдағы киелі София соборы мен Базилика жерасты суқоймасында жүресіз. Себебі профессор фильмнің басынан аяғына дейін қашады немесе ойланады, не болмаса қашып бара жатып, ойланады. Осы тұста әр елдің тарихи құнды ғимараттарына жасалған виртуалды тур үшін оператор Сальваторе Тотиноға жеке алғыс.

инферно музей

Әсіресе, Данте жазған тозақтың тұрғындарын көру қорқыныш пен жиіркеніш аралас сезім сыйлайды. «Құдіретті комедиядағы» тозақтың тоғыз шебері есіңізде болар?  Олардың әрқайсысы экраннан тыс қалмаған.

Құдыретті комедия Данте
Дантенің «Құдіретті комедиясындағы» тозақтың тоғыз шеңбері. Бұл картаны 1480 жылы Сандро Боттичелли салған. 

Сондай-ақ, фильмнің негізгі мотиві – Дантенің «Құдіретті комедиясынан» алынған мына бір сөзі: «Әлемді махаббат басқарады». Иә, махаббат адамзат баласын аман алып қалуға жетелейді, осы махаббат биологиялық қару ойлап тапқызады, дәл осы махаббатқа берілген уәде үшін бассыздық жасалып, осы махаббатын өлімге қимаған жан қылмыскердің жақтасы болған адамға сенім артады. Қысқасы, «Инферно» тек қашудан және экшн кадрлардан ғана тұрмайды. Арасында осындай лирикалық сәттері де бар.

Инферно Том Хэнкс

Ауруханаға түскеннен үш күннен соң есін жиған профессор фильм соңына дейін нәр татпайды. Сценарист пен режиссер кімнің қалай тамақтанатынын, бұл табиғи үдерісті көрсетуді қажет санамаған болар. Әрине, «адамзат қырылудың алдында тұрғанда тамақты ойлап жатататын уақыт жоқ» деп, бұл сынды ақтап алуға болатын шығар. Айтпағымыз бұл емес. «Инферно» профессорды алдыңғы фильмдердегідей күрескер емес, ақылды қарт ретінде көрсетеді. Алайда, оның миы құдды бір «Википедия» сынды. Дантеге қатысты барлық мәліметті біледі, бір оқығанын жаттап алады. Әр сөздің қай тілден шыққанын біледі. Мәселен, «Карантин» сөзінің түп төркінін білесіз бе? Ол ительянша quaranta – «қырық» деген, яғни қырық күн бойы қарым-қатынастан, артық жүрістен шектелу деген мағынаны береді.

Ирфан Хан
Фильмде Ирфан Хан да бой көрсетеді. «Жизнь Пи», «Миллионер из трущоб» туындылары арқылы көрермен есінде қалған актер «Инфернода» үлкен корпорацияның басшысын сомдайды.

Айта кетейік, фильм 13 қазаннан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында прокатқа шығады.