Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияда Владимир Зеленскиймен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Зеленскийді Украина Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы күрделі жұмысына табыс тіледі. Украинаның әр күнін жіті қадағалап отыратынын айтты.

Президенттердің ішінде алғашқы болып зор сеніммен, 70%-тен астам дауыспен жеңіске жеттіңіз. Қалаған дүниелеріңізді іске асыруға сіздің қазір мол мүмкіндігіңіз бар. Осы жолда сізге табыс тілеймін, — деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Владимир Зеленский Украинада сапалы экономикалық серпілістерді жүзеге асыруға тырысып жатқанын айтты. Ол Нью-Йоркта Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенін еске алды.

Нью-Йоркта Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен танысуға мүмкіндігім болды. Бізге, Украинаға келуге шақырдым. Сіз де Украинада сан мәрте болған едіңіз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өзіңізді Украинаға келуге үндеймін, — деді Владимир Зеленский.

Нұрсұлтан Назарбаев Токиоға Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің арнайы шақыруымен император Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысуға барған еді. Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, император тағы мұрагерін ұлықтау рәсіміне 175-тен астам елдің өкілі келді. Сапар барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бірнеше екіжақты кездесу өткізуді жоспарлаған.

ДереккөзInform.kz