Шығыс Қазақстан облысында Жолдаудың жүзеге асырылу барысы талқыланды

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров Жолдауда көрсетілген басым бағыттарды айтты. Онда шекаралық аудандардың дамуы, көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету, сапалы білім беру, адами капиталды дамыту бар.

Ерлан Саировтың айтуынша, Президенттің Жолдауы аймақтарды өркендетуге бағытталған. Қазақстан тұрғындарының 42%-і ауыл-аймақтарда тұрады. Сондықтан ауылдардағы әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін экономикалық және қаржылық инфрақұрылымды дамыту мақсатында атқарылатын жұмыс көп.

Бұл қазақстандық капитал үшін аса маңызды. Сол себептен біз ауыл тұрғындарының жағдайын жалпыреспубликалық деңгейге жеткізуіміз қажет. Сонда ауылда тұратындардың қатары артады. Бұл сұрақтар Ұлттық кеңесте қаралды. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында әртүрлі жұмыс қолға алынып жатыр. Президент Жолдауында педагогтардың статусын көтеру туралы айтылған. Өйткені болашақ ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымына жағдай жасалуға тиіс, — деді ол.

Ерлан Саиров ауыл тұрғындарына шағын және орта бизнесті дамыту, ауылдағы мәселелерді шешудің жолдары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар ол ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты.