Аптап ыстықтан еліміздегі бес орман өртенді. Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе патрульдеу кезінде және арнайы анықтау жүйелері арқылы белгілі болды. Орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе өрт сөндіру десанттары өртті оқшаулауға кірісті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, орман өртенген аймақтар:
- Қостанай облысы;
- Павлодар облысы;
- Катон–Қарағай ;
- «Семей орманы» МОТР;
- «Жасыл Аймақ» РМК.
Арнайы техникалар мен тікұшақ арқылы өрттің басқа аумаққа таралу қаупі сейіліп, өрт жедел сөндірілді. Баршамызға ортақ орман байлығымызды сақтауға сіз де үлесіңізді қосыңыз! — делінген хабарламада.
Министрлік еліміздегі аптап ыстыққа байланысты өрт қауіпі басым кезде табиғат аясында демалып жүрген азаматтарға өрт қауіпсіздік талабын қатаң сақтау керек екенін ескертті.
