Қазақстанда өнер мен мәдениет саласындағы азаматтарға арналған мемлекеттік қолдауға өтінім беру әлі де жалғасып жатыр. Биыл мемлекеттік стипендияға, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына және шығармашылық сапарларға арналған грантқа үміткер болуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия
Бұл стипендия мәдениет саласының көрнекті өкілдеріне, мемлекеттік награда иелеріне және дарынды, жас шығармашылық иелеріне арналған. Үміткерлерді шығармашылық одақтар мен мәдениет ұйымдары ұсынуы керек. Арнайы комиссия жиын өткізіп, соңғы шешім президенттің жарлығынан соң қабылданады. Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік стипендияға үміткерлердің құжатын 1 тамызға дейін қабылдайды.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы
Байқауға ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет пен спорт саласында жетістікке жеткен 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Өнер мен мәдениет саласы бойынша әдебиет, журналистика, театр және кино, дизайн және бейнелеу өнері, классикалық музыка, эстрада және халық шығармашылығы номинациясы қарастырылған. Жеңімпаздарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріліп, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табысталады. Құжат 17 қыркүйекке дейін қабылданады.
Мәдениет және өнер саласындағы сапарларға арналған грант
Нұрсұлтан Назарбаев қоры жариялаған бағдарлама 40 жасқа дейінгі мәдениет және өнер қайраткерлеріне, осы салада білім алып жүрген студенттерге арналған. Грант әдебиет, журналистика, музыка, театр, кино, хореография, сәулет, дизайн және бейнелеу өнері бағыттарын қамтиды. Байқау нәтижесі бойынша, жеңімпаздардың Қазақстандағы немесе шетелдегі мәдени іс-шараға қатысуына қажет жолақысы және қосымша шығыны өтеледі. Бұл грантқа өтінім 30 қазанға дейін қабылданады.
