Астанада тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры ашылады

Тұсаукесер қойылым «Достар серті» деп аталады. Мюзикл  желісі бойынша еліміздің әр өңірінен консерваторияға оқуға келген төрт жігіттің басынан кешкен  қызықты оқиғалары, жастық шақ, достық  пен махаббат жайы баяндалады. Оқиға 60-70-ші  жылдар кезеңінде өрбиді.

Мюзиклға сол жылдарда әйгілі болған,  қазақ музыкасының «алтын қорына» енген: Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, «Дос-мұқасан» тобының әндері арқау болады. Әлемдік музыканың  жауһарлары Франкель, Битлз репертуарының шығармалары орындалады. Сондай-ақ, жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар да бар. Либретто авторы- ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Бақыт Қайырбеков,  драматург — Әннас Бағдат. Қойылым музыкасын жазған  республикаға  танымал дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері- Еслям Нұртазин.

«Astana Musical»- еліміздегі тұңғыш мамандандырылған  мюзикл театры.  Спектакльде    жас актерлар  өнер көрсетеді. Олардың бәрі де іріктеуден өткен: вокал, би және актерлік шеберлікті жетік меңгерген кәсіби мамандар. Мюзиклде жеке орындаушылар  «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі мен Т.Жүргенов атындағы  өнер академиясының  «Big band» ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқайды.

 

ДереккөзҚазАқпарат