Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуына Ресей тарапы үлкен мән беріп отырғанын айтты.

Шақыртуымызды қабыл алып, «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуға келгеніңізге ризашылығымды білдіремін. Бізді ұзақ жылдар дипломатиялық қызметте істеген Сіз сияқты адамның пікірі қызықтырады. Сіз — бұл салада кәсіби мамансыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы жағдайға, әсіресе, қауіпсіздік саласына байланысты Сіздің пікіріңіз біз үшін өте пайдалы әрі қызық, — деді Ресей Президенті.

Владимир Путин Еуразия экономика одағы аясындағы бірлескен жұмыстардың белсендігін атап өтті. Ол ұйымды дамыту жөніндегі бірлесіп шешім қабылдауда өзара сенімнің жоғары деңгейге көтерілгенін айтты. Ресей Президентінің айтуынша, екі ел арасындағы диалог та өте жемісті жүріп жатыр.

Біздің күн тәртібіндегі кез келген екіжақты мәселелерді талқылауға мүмкіндігіміз бар. Барлық сала бойынша табысты даму байқалады. Тауар айналымы да көңілге қонымды. Әртүрлі бағытта бірлескен жобамыз іске асып жатыр. Соның ішінде дәстүрлі және жоғары технологиялар бойынша ынтымақтаса әрекет етіп отырмыз. Біз үнемі заман ағымының тамырын дөп басып, әр саладағы әріптестерімізге министрлік деңгейінде қолдау көрсетіп келеміз. Бұл жұмыс жалғаса береді, — деді Владимир Путин.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин. Фото: Akorda.kz

Қазақстан Президенті Ресейдегі әріптесіне Жеңістің 75 жылдық мерейтойына қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой күндері Мәскеуге баруға ниет білдіріп отырғанын айтты.

Мен майдангердің ұлымын. Жақында Иванов облысында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан 73 қазақстандық майдангердің қабірі табылды. Біз, қазақстандықтар, Ұлы жеңіс жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін әрдайым есте сақтаймыз, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің жоғары деңгейі мен дәрежесінің сақталғанын атап өтті.

Өмір бір орнында тұрмайды, сол себепті біздің өзара іс-қимылдарымызды жаңа мазмұнмен толықтырып, күн тәртібіне шыққан мәселелерді дер кезінде шешіп отыру керек. Мен мұндай жұмысқа дайынмын. Біздің стратегиялық әріптестігіміз бен одақтастығымызды жаңа деңгейге көтереміз деген  ойдамын, —  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуразия экономика одағы шеңберінде интеграция процестері бойынша жоғары деңгейдегі түсіністік барын атады. Оның айтуынша, Ереванда өткен Жоғары Еуразия экономика кеңесі отырысында туындаған мәселелер сияқты шешімдер уақытылы қабылдануы қажет.