Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьерімен және Иран Президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лун және Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғары Еуразия экономика кеңесінің алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.

Кездесуде мемлекет басшысы екі елдің арасындағы қарым-қатынастың достық ниетке құралғанын атап өтті.

Біз сіздің еліңізді құрметтейміз. Бүгінгі Сингапурдың негізін қалаған сіздің әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын достық қарым-қатынаста болғаны, оның 90-жылдардың басында Қазақстанға келгені есімізде. Екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастыққа берік негіз бар деп ойлаймын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сингапур Премьер-министрі де екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.

Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Өзіңізбен Президент ретінде бірлесе жұмыс істеуге асықпын, — деді Ли Сянь Лун.

Тараптар екіжақты сауда-экономика, инвестиция байланыстарын арттыруды, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында қалыптасып келе жатқан өзара қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту жайын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-министрін елімізге арнайы сапармен келуге шақырды.

Біз сізді өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта күтеміз. Сіздің сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар нақты мәселені талқылауға жақсы мүмкіндік береді, — деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен де кездесті.

Кездесуде сауда-экономика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланысты одан әрі арттыру, Еуразиялық экономикалық одақпен ортадағы өзара қарым-қатынасты нығайту қажет екенін атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хасан Руханиді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.