Күйзеліс пен қартаю. Климакс қандай жағдайда ерте басталады?

Әелдердің климаксы
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Орта жастан асқан әйел тым ашуланшақ, көңілшек, я әлжуаз болып кетсе, оны жүйке жүйесімен ғана байланыстырмаған жөн болар. Ол жаңа кезең — климаксты өткеріп жатуы мүмкін. Мұндай кезде оған ерекше қолдау қажет. Қазіргі уақытта климакстың «жасарып» кеткені жайлы айтатындар бар. Бұл қаншалықты рас? Ол ерте басталмас үшін не істеу керек? Бұл сауалдарға гинеколог Тоғжан Әлиева жауап берді.

Қыз бала құрсақта жатқанда оған өмір бойына жететін 400-600 мыңға дейін аналық ұрық беріледі. Бұл фолликул қоры деп аталады. Осы қор таусылған уақытта әйел климакс кезеңіне жетеді. Қыздың етеккірі басталғаны қордағы ұрық жетіліп, жарылып жатқанын білдіреді. Ай сайын үш-төрт ұрық жетіліп, жарылып отырады. Соның ішінде біреуі доминант ұрық болады. Ол айдың ортасында жарылып, ағза жүктілікке дайындалады.

Бала көтерген әйелге 9 ай етеккір келмейді. Сүт безі ананың бала емізген 1,5-2 жылында гормон өндірмейді. Демек, фолликул қорынан ұрық алынбайды, климакстың келуі ұзарады. Көп құрсақ көтерген әйелде климакс жеңіл өтеді. Бізден бұрынғы ұрпақтың баласы көп болған. Сол себепті олар бұл кезеңге 55 жасқа қараған шағында жеткен. Ал менің замандастарымның көбі жүктіліктен сақтанды. Өйткені жастық шағы 90-жылдарға тура келіп, бала туса, әлеуметтік жағдайы мүлдем төмендейтінін түсінді. Дәрі ішті, өзге де тәсілдерді пайдаланды. Сөйтіп, ары кетсе екі-үш баланы дүниеге әкелген. Сол себепті климакс кезеңі ертерек жетіп, қиынырақ өтеді. Ал қазіргі ұрпақ қайтадан бала санын көбейте бастады, — дейді гинеколог Тоғжан Әлиева.

Климакс әйел ағзасына қалай әсер етеді?

Климакс — әр әйелдің басынан өтетін кезең. Бұл уақытта ағзадағы гормон деңгейі өзгереді. Жұмыртқадаға эстроген жыныс гормоны азаяды. Маманның айтуынша, әдетте әйел климакс уақытында бала көтере алмайды, етеккірі толық тоқтайды.

Тоғжан Әлиева
Тоғжан Әлиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Климакстың пременопауза, менопауза, постменопауза деген кезеңдері бар. Пременопауза кезеңі әдетте 45-55 жас аралығында өтеді. Біреу бұл кезеңнен бір жылда өтіп кетсе, келесі әйелдікі 10 жылға созылуы мүмкін. Етеккірдің мөлшері азайып, ай сайын емес, екі-үш айда бір келе бастайды. Бірақ етеккір келіп тұрғандықтан әрі гормон деңгейі қатты түспегендіктен бала көтеруге мүмкіндік бар. Менопауза бір жылға созылады. Климакстың белгісі болмағанымен етеккір толық тоқтайды. Етеккір тоқтап қалса да, дененің бір мезетте ысып-сууы сияқты климакстың белгілері жалғаса береді. Ал постменопауза өмірдің соңына дейін жалғасады, — дейді гинеколог.

Дәрігердің айтуынша, климакс әйел бойындағы ауруға байланысты оған түрлі әсер етеді. Жүйке жүйесі ауыратын әйел климакс кезеңіне жеткенде онда вегето-тамыр бұзылады. Дене қызуы артып, түнде ұйықтай алмайды, ашуланшақ бола бастайды. Болмаса, керісінше депрессияға түсіп, барлық нәрсеге немқұрайлы қарайды. Қалқанша безі ауыратын болса, жүрек соғысы жиілейді. Терісі, жыныс органдары құрғап тұрады. Шашы түседі, тырнақтары сынғыш келеді. Ондай ауруы бар әйел көбіне бізге «жүрегім тарсылдап жүр» деп келеді. Содан климакстың басталғанын анықтаймыз. Қан қысымы бар әйелдің денесі тез ысып, тез суиды. Бұл 2-3 минутқа созылса да, әйелге әсер етеді. Терлей береді. Бірақ бұл белгілердің ешқандай қаупі жоқ. Бір әйелде күніне бірнеше рет қайталанса, екіншісінде айына бір-ақ рет болуы мүмкін.

Тоғжан Әлиева климакс жүріп жатқан әйелдерге оның белгісі мазаламас үшін және ерте қартаймас үшін төрт түрлі ем ұсынды. Бірінші емі — дәрігер тағайындаған гормондарды ішу. Бұл деңгейі төмендеген гормондардың орнын толтыру үшін керек. Бірақ салмағы қалыптыдан көбірек, қаны қою, варикозы бар әйелге гормон ішуге болмайды. Өйткені гормон денені толтырып, қанды қоюлатады. Мұндай жағдайда шөптен жасалған «Цимицифуга», «Якорцев», «Қызыл беде» горманал емес өнімдерді ұсынады. Климакс кезінде сүйектегі кальцийдің азаюынан остеопороз ауруы дамиды. Әйел бүкіреюі, тізе мен буындар қақсауы, омыртқа сүйегі ауыратындықтан жүрісі өзгеруі мүмкін. Бұл ауруды емдеу қиын. Дұрысы — алдын алу. Климакс басталмай тұрып әйелдерге кальций ішуге кеңес беріледі. «Е» дәруменін ішіп жүрсе, терінің құрғауына, шаштың түсуіне қарсы тұра алады.

Әйел климаксы
Иллюстрация: Dribbble.com ©Pavlov Visuals

Климакс жасына дейін әйел тамағына, ұйқы мен спортқа аса мән бермеуі мүмкін. Ал бұл жасқа жеткенде оларға селқос қарауға болмайды. Климакс кезінде ағзадағы су мөлшерінің азаюынан әйелдің терісі, жыныс органдары құрғайды. Көп су ішіп жүру керек. Бұрынғыдай майлы ас жеуге, кешкі асты тым кеш ішуге болмайды. Ұйқы уақытылы болмаса, мелонин — ұйқы және жастық гормоны өндірілмей, адам жылдам қартайып, тола бастайды, — дейді маман.

Климакс қандай жағдайда ерте басталады?

Климакстың ерте келуіне ықпал ететін аурулар бар. Соның бірі — поликистоз. Ай сайын қалыпты үш-төрт емес, 25-30 ұрық жетіліп, жарылады. Бір де бірі доминант уақытына жетіп үлгермейді. Бұл ауруға шалдыққан әйелді уақытылы емдеп, фолликул қорын сақтамаса, 30 жастан аспай ұрығы таусылып қалады.

Климакстың ерте басталуына экстракорпораль ұрықтандыру (ЭКО) да әсер етеді. Бұл процесс үшін жасанды жолмен 25-30 ұрықты жетілдіреді. Оның 10-15-і ұрық болып шығады. Ұрықты әйелдің жатырына салған соң, сәті түссе, үш балаға дейін босануы мүмкін. Экстракорпораль ұрықтандыру бір дегенде жүзеге аса салмайды. Оны бірнеше рет қайталауға тура келеді. Сөйтіп, қордағы ұрық азая береді. Содан барып ол әйелде климакс ертерек басталып кетеді, — дейді Тоғжан Әлиева.

Жиі ауырып, көп дәрі қабылдаған әйел де климаксты басынан ерте өткізеді екен. Күйзеліске жиі түскен әйелде де бұл кезең ерте басталуы мүмкін. Әйелдің ұрығы болса да, аналық безі жұмыс істемей қалады. Оны медицинада «резистент ұрық» деп атайды. Дәрігер мұндай ауруға шалдыққан науқасқа көбіне гормон жазып береді.

Тоғжан Әлиева.
Тоғжан Әлиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Маған 38 жасында климакс кезеңі басталып кеткен әйел келді. Көп уақыт басшы қызметінде болған. Ерлер бар командаға басшылық етіп үйренгендіктен ер адамға немқұрайлы қарайды. Тұрмыс құрып, балалы болуды жоспарламаған. Ми соның бәрін қабылдап қойған соң ағза өзінің әйелдікі екенін «ұмытып кетуі» мүмкін. Содан барып аналық бездері жұмыс істеуден «бас тартады», — дейді гинеколог.

Маман ерте климаксқа ұрынбау үшін дене шынықтырумен тұрақты айналысу керек екенін айтады. Бұлшықет май тініне айналып кетпеуі қажет. «Селен» әйел микроэлементін ішу қан құрамын жақсартып, етеккір циклын реттейді.

Жыныстық қарым-қатынастың болмауы да климакстың ерте басталуына әсер етеді.

Гинекологтың айтуынша, тұрмысқа кеш шыққан әйелде климакс әдеттегіден ерте басталуы мүмкін. Өйткені қор сақталуы үшін жүктілік болмаған. Тұрмысқа дейін қордағы ұрықтың көбі жетіліп, жарылып кетеді. Жыныстық қатынас сирек болған немесе мүлде болмаған әйелдерде мастопатия, миома, эндометриоз сияқты гормон аурулары пайда болады. Өйткені гормон өзін «қайда жіберерін білмейді».

Бір пациентім 30 жасында тұрмысқа шықты. Гинекологқа да тек сол кезде көрінген. Тексергенде миома барын анықтадық. Миома дегеніміз — жатыр ісігі. Ауыртпай, білінбей үлкейе береді. Бірақ ешқашан жаман ауруға айналмайды. Отамен алып тастаған соң пациентім екі баланы дүниеге әкелді. Бірақ 40-қа жақындағанда климакс басталды. Ол қор сақтайтын уақытының бәрін өткізіп алды. Әйелдің ағзасы бала босануға, гормон өндіріп, қанайналым жаңартып отыруға арналған, — дейді Тоғжан Әлиева.

Маманның айтуынша, демография көрсеткішін орындамай халық көбеймейді. Оның ең төменгі көрсеткіші — үш бала. Әке-шешесі дүниеден өткенде санақ бойынша олардың орнын екі баласы басады. Ал үшінші бала демографияның өсуі үшін керек. Әйел адамға екі-үш жыл сайын босанған дұрыс. 24-25 жаста тұрмысқа шықса, 40 жасқа дейін төрт-бес рет құрсақ көтере алады.

Жасанды климакс деген не?

Миоама, эндометриоз сияқты ауру асқынғанда әйелдің жатырын отамен алып тастауы мүмкін. Әйелге етеккір келмейді. Бірақ бұл климакс емес. Гинекологтың айтуынша, адамдар мұны климакспен шатастырып, бұл процесті «өте жасарып кетіпті» деп жатады. Кей жағдайда жатырмен бірге аналық безді де алып тастайды. Енді мұны «ерте жасанды климакс» деуге болады. Аналық без алынған соң әйел климакстың барлық белгісін басынан өткізеді.

Бізге мұндай аурумен келіп, ота жасататын әйелдердің жасы 30 жастан басталады. Гормон деңгейі түсетін жасқа жетпегендіктен оларға аналық без өндіруге әсер ететін гормон жазып береміз, — дейді дәрігер.

«Климакс қартаю емес»

Гинеколог бұл кезеңге келген әйел көбіне өзін ауру сезінетінін айтты. Өздерін қартайған адамның қатарына қосуы мүмкін. Бірақ ол дұрыс емес. Өзін-өзі жақсылап күтсе, қартаю процесі баяу жүреді. Қартаюды баяулатуға жыныстық қарым-қатынастың жиі болуы оң әсер етеді.

Әйел климаксы
Иллюстрация: Dribbble.com ©Marcin Mokierów-Czołowski

Климаксқа дейін жыныстық қатынаста ер адам доминант болса, енді қатынасқа түсуді әйел өзі бастауы керек. Өйткені 45 жастан асқан ер адам жалқауланып, жыныстық өмірді іздемеуі мүмкін. Ал бұл әйел ағзасы үшін өте маңызды. Әйелдің беті ғана әдемі болмауы қажет. Денесіне уақытылы депиляция жасап тұрғаны жақсы. Шаш дәреттің, тердің иісін ұстап қалады. Гормон бөлінген сайын әйел жас көрінеді. Әйел өзінің нәзіктігін, сүйкімін қай жаста болсын жоғалтпауы керек. Өзінің әйелдігін сақтаған адамда климакс жеңіл өтеді, — дейді маман.

Тоғжан Әлиеваның қабылдауында 46 жасында климакс кезеңіне жеткен әйел болған. Бірақ ерімен жыныстық қарым-қатынасы жиі әрі сапалы болғандықтан 48 жасында бала көтерген. Бұл ағзадағы гормон деңгейінің түскенімен толық жойылып кетпейтінін көрсетеді. Гинекологтың айтуынша, жыныстық қатынас жиі болса, етеккір қайтадан келуі мүмкін.

Әйелде климакс басталып, етеккір тоқтап қалды. Бірақ гормондарының деңгейі бірқалыпты. Әйел де өзін жас сезінеді. Мұндай жағдайда гормон ішуге кеңес береміз. Денсаулығында кінәрат болмаса, етеккір қайта келе бастайды, — дейді Тоғжан Әлиева.

Дәрігер климакс кезінде әйелдің қынабы құрғайтындықтан интим гелін пайдалануға кеңес береді. Оны қатынастың алдында әйел қынапқа жағады. Бірақ мөлшері қалыптыдан артып кетпеуі керек. Олай болған жағдайда ер адамның ұрығы ерте шығып, әйел қанағаттанбай қалуы мүмкін.

Тоғжан Әлиева.
Тоғжан Әлиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Климакс кезінде әйел өзін ажарсыз сезіне бастайды. Оған күйеуі көп қолдау көрсетуі керек. Жарына жиі комплимент айтып, бұрынғыдан да көп көңіл бөлсе, әйел өмірге тұнжырап қараудан арылады, — дейді дәрігер.

Бұл кезеңде болатын проблеманың бірі — дәретті ұстай алмау. Ылғи төсемемен жүріп, қонаққа барғанда, ең алдымен, дәретхананың алыс-жақындығын аңдуға тура келеді. Көп су ішуден қорқады. Ер адаммен қатынаста болғанда «Ұстай алмай қаламын ба?» деген қорқыныш пайда болады. Басында түшкіріп, жүгіргенде, суға шашалғанда дәрет ұстай алмай қалуы мүмкін. Кейін ол тұрақты қайталанады.

Климакстың барлық белгісін болдырмаудың емі бар. Ал дәретті ұстай алмауға қарсы дәрі жоқ. Оны эстетикалық медицина емдейді. Қынап кеңеймес үшін және дәрет ұстау бұрынғы қалпына келу үшін аутогендік гимнастика жасау керек, — дейді Тоғжан Әлиева.

Климакс — адам ағзасындағы кезең ғана. Маман оны сексуал өмірдің аяқталуымен, әйелдік сезімнің азаюымен, қартаюмен өлшеуге болмайтынын айтты. Бұл кезеңді жеңіл өткізу адамның өз қолында.

6 пікір

  1. Сұрақ: мен 49 жастамын. Климакс жүріп жатыр. Үш- төрт айда бір келеді.Күйеммен қосылғанда ұрық ішке кетсе бала көтеріп қоймаймын ба?

  2. Жогарыдагы суракка жауап алгым келеди?

  3. Етеккірім тоқтап қалды 3 ай болды жолдасымен қосылғанда көтеріп қоймаймын ба жасым 44 те

  4. Жасыс 37де климакс болып журмин ысыа кеткмин бала туа вламынба

  5. Сәлеметсізбе АМГ гормон төмен гормон ішіп қайта келтірсем болама 2-3 кун келеді мешныйым

  6. Жасым 34 те УЗИ тусирди кан токтайын деп жатыр деди. Климакс басталып жатыр деди. Канды токтатпау ушин не истеуге болады. ? Етекир айына 2 рет кеп журди.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!