Жасым 20-дан асты. Мінез-құлқым, жүріс-тұрысым, іс-әрекетім — бәрі жігітке лайық. Басы артық ештеңе байқалмайды. Әкесіз өстім. Анама жақынмын. Ол менің қыз болып туғанымды қалаған сияқты. Қыздармен жүргенмін. Бірақ соңғы кездері ер кісілерді ойлайтын болып жүрмін. Ер адамға әлсіз болғым келеді. Осы үшін өзімнен қатты ұяламын. Өлгім келеді. Денем тым жұмсақ. Қатты қол тисе, төсімнің ұшы қышиды. Ұшын уқаласам, басылады. Бөксем ісінеді, неге олай? Ешкімге айта алмаймын. Негізі ел қатарлы үйленіп, бала-шағалы болғым келеді. Не істесем болады? — деп жазған еді Азамат.

Азматтың сауалына психолог Сая Бақимова жауап берді. Оның айтуынша, әдетте адамдар психологқа қарым-қатынасқа байланысты проблемамен келеді. Қарым-қатынас дүниеге келгеннен-ақ анаға немесе оның орнына қамқор болатын адамға ұмтылудан, оның мейірлене қарауына ұмтылудан басталады.

Екі адам арасындағы мейірім мен жылуға ұмтылу, ержете келе физикалық жақындықты қалау — адам баласына тән қасиет. Тұлғаның табиғи қажеті. Бұл жерде екі нәрсе маңызды. Біріншісі — адам өзін іштей қай жыныс деп есептейтінін білу болса, екіншісі — қай жыныc объектіcін таңдайтынын білу. Ол ұл ма, қыз ба — соны ажырату керек. Көбіне адам физиологиясы қай жынысты көрсетсе, ол психология тұрғысынан да өзін сол жыныстан сезінеді. Қарсы жынысты адамды өзінің жыныстық объектісі санайды. Физиологиясы ұл болса, психологиясы да ұл болады дегендей. Бірақ адам психикасы кейде біздің басымыздағы жаттанды жолға қолын бір сілтейді де, өз ережесімен жүреді. Дәстүрлі емес жыныс бейімі де сондай, — дейді Сая Бақимова.

Ата-ананың ұлды емес қызды немесе керісінше қалауы баласына әсер етеді.  

Психологтың айтуынша, Азаматта дәстүрлі емес жыныс бейімінің оянып жатқаны жасөспірім шақтағы психо-сексуал дамудың бір қыры болуы мүмкін. Жасөспірім үшін өзін тануға тырысуы, эксперимент жасауы, өзінің жыныс бейімін анықтау үшін ізденуі — қалыпты жағдай. Әдетте, осы жастағы гомосексуал құштарлық уақыт өте келе өзгереді де, гетеросексуал құштарлыққа айналады. Ал жасөспірім шақтан кейінгі жағдай сәл басқаша.

Сая Бақимова
Сая Бақимова. Фото жеке архивінен

Азаматтың психология тұрғысынан өзін бір жынысқа жатқызуы көптеген факторға тәуелді. Біріншіден, ата-анасы екі-төрт жасына дейін балаға о бастан қандай жыныс траекториясын бергеніне тікелей байланысты. Мүмкін Азаматтың әке-шешесі, өзі айтқандай оның қыз боп туғанын қалаған шығар. Оған соны айтқан да болар. Бұл — ата-ананың сана мен бейсанадағы фантазиясы. Мұндай фантазиядағы адам ұлының бойынан қызға тән мінез-құлық көргісі келеді. Тіпті, қыздың киімін кигізуі де мүмкін. «Ұлым болса екен» деген ата-ана да қызына осындай фантазияны телуі ғажап емес. Мұндай фантазия — баланың өзін қай жынысқа жатқызуына әсер ететін бірінші фактор, — дейді психолог.

«Мен = анам»

Сая Бақимованың айтуынша, бала туғаннан өте бейімделгіш. Баланың дүниеге келгеннен тірі қалуы үшін жалғыз істей алатын амалы — бейімделу. Тундрада туған бала тундрада өмір сүруге, джунглиде туған джунглиде өмір сүруге бейімделеді.

«Қандай ортаға тап болдым? Не болса да, осы ортаның ережесіне, заңына, талабына бағынсам, мені жақсы көреді, мені қорғайды, мен керекпін». Бала бейсаналы түрде осылай ойлайды. Сондықтан ата-ананың біреуінің бейсаналы болсын фантазиясына баланың бейсанасы жауап беріп, бейімделсе, таңғалуға болмайды. Оның басқа қандай таңдауы бар? — деді маман.

Әке әлсіз немесе қатал болса, «мен = анам» теңдеуі пайда болуы мүмкін.

Баланың өз жынысы мен қарсы жынысын таңдауына ата-ана арасындағы қарым-қатынас та әсер етеді. Анасының ойынша әкесі қандай жігіт? Бала оның бәрін іштей ойлап жүреді. Кейде әке бейнесі әлсіз, қауқарсыз болып қабылдануы мүмкін. Ал кейде керісінше, әке деспот, өте қатал адам, анасы құрбан сияқты көрінеді. Оның әлсіздігі сондай, баланың қамқорлығы керек сияқты болады.

Азамат, дәстүрлі емес жыныстық бейімділік
Иллюстрация: Dribbble.com ©Jerzy Wierzy

Менің айтып жатқандарымды бейсанадағы, жай уақытта адамға біліне бермейтін жайттар деп түсіну керек. Әкесін әлсіз санаған немесе әкесі өте қатал бала психологиялық түрде өзін анасымен сәйкестендіре бастайды. Өзінің жағдайын анасының жағдайымен тең деп есептеуі мүмкін. Мен = анам. Олай болса, іштей өзін анасы сияқты сезінсе, оған анасының жанындағы ер адам сияқты оған да ер адам керек деп ұғынуы мүмкін, — деді Сая Бақимова.

Маманның айтуынша, қоғамда жыныс бейімі бар адамға қысым көп болған соң олардың арасында суицид жасау деңгейі жоғары.

Қоғамның «ондай адам ауру, өйту керек, бүйту керек» деп айтатынын білеміз. «Ондай адам» дегеніміз көз көрмейтін, құлақ естімейтін жердегі адам емес. Кәдімгі сіз бен біз сияқты күнделікті өмірі бар, қолында интернеті, телефоны бар адам. Ол біздің «қыру керек», «жою керек» деген сөздерімізді естімейді, оқымайды деймісіз? Содан да ашылып ешкіме сыр айта алмайды, — деді психолог.

«Біржыныс туабітті емес»

Жыныс бейімі — тұлғаның терең ядросын қалыптастыратын белгілердің бірі.

Оны «О-о, пәленше сөйтіп жатыр екен, мен де істейін» деп өзгерте салу мүмкін емес. Дәстүрлі емес жыныс бейімі бар адамдар туралы көп айтылып, жазылып кетті дейтіндер бар. Оның насихат екенін, өзгелерді еліктіретінін айтып жатады. Сіз оң қол немесе сол қолмен жазуды оңайлықпен өзгерте алмайсыз. Сондықтан олай ойлауды бос қорқыныш деп айтар едім. Тағы айта кететін нәрсе, бұрын біржыныс туабітті бейім дейтін. Ол – өтірік. Дәстүрлі емес бейімге өтуіне адамға үлкен бір оқиға әсер етуі мүмкін, — деді Сая Бақимова.

Психологтың айтуынша, Азамат сияқты ойдағы жігіттер көбіне айналасындағылардың «той қашан?» деген әңгімесінен құтылу үшін үйленеді. Содан кейін өзі де, әйелі де бақытсыз болуы мүмкін.

Азаматтың үйленгім келеді деген ниеті жақсы. Бірақ алдымен өзін түсініп алуы керек. Адам алдыңа келіп, сенімен сөйлеспегеннен кейін сырттай оның проблемасын шешу қиын. Азамат өзі сияқты ойда жүрген әлемдегі, тіпті, Қазақстандағы жалғыз адам емес екенін түсінуі керек. Психологқа келіп, осы мәселесін айтып, терапиядан өтіп жатқан жігіт қаншама?! Осы сезімнен арылуға тырысудан бұрын оның неден пайда болғанын түсіну үшін терапиядан өтуі керек. Егер оның орнында болсам, психологпен жұмыс істеген соң үйленер едім, — деді маман.

Азамат өзін өзгерте ала ма?

Сая Бақимова Азаматтың өзін, ойын өзгерту-өзгертпеуі проблеманың шығу себебіне қатысты екенін айтты.

Азамат, дәстүрлі емес жыныстық бейімділік
Иллюстрация: Dribbble.com ©Rossana Piazzini

Ата-анамен қарым-қатынас дұрыс болмауының себебінен пайда болған патологиялық біржыныс болса, Азамат ойын өзгерте алады. Бұл сезімнен арыла алады. Әрине, психологтың терапиясынан өтуі керек. Ал адамның табиғаты сондай болса, өзгерту қиын, — деді маман.

Психологқа осындай мәселемен келетіндерден гөрі әлеуметтік желіге хат жазып сұрайтындар көп. Әрі жасырын, фейк аккаунттардан жазады.

Олар «Осыдан емделемін бе, қалай жазыламын?» деп сұрайды. Үнемі қайталайтыным: «Иә, психологиялық терапиядан өткеннен кейін, анамен, әкемен қарым-қатынасты санада, бейсанада ретке келтіргеннен кейін жыныс бейіміңіз ауысуы мүмкін. Ауыспауы да мүмкін. Бірақ мен емделу деген сөзді қолданбас едім. Сіз ауру емессіз». Азаматқа да айтарым — осы, — деді психолог.

«Азаматқа гормондарға анализ тапсыру керек»

Азамат денесіндегі өзгерістерге қатысты да сұраған. Оған андролог, уролог-дәрігер Әлімжан Қожамжаров жауап берді.

Азаматқа ең алдымен психологтың көмегі керек. Ал денесіндегі өзгерістер гормондардың өзгеруінен болуы мүмкін. Ол үшін мынадай гормондарға анализ тапсыру керек: тестостерон, сарыдене гормоны (лютеинизирующий гормон), фолликул жандандырушы гормон (фолликулостимулирующий гормон). Қандай да бір шешім шығару үшін ультрадыбыс зерттеуінің (УЗИ) қорытындылары керек. Азамат өзі андролог немесе урологқа осы анализдердің қорытындысын алып баруы қажет. Біздің қабылдауымызға келетін ерлердің анализдері әртүрлі. Сондықтан қысылудың қажеті жоқ. Дәрігерлер де анализ қорытындыларының әртүрлі болуына үйреніп кеткен, — деді Әлімжан Қожамжаров.

Тестостерон — ұлдарда ерге тән дене тұрқының, дауыс тембрі мен денедегі түктердің қалыптасуына жауап беретін гормон. Ер адам ағзасындағы сарыдене гормоны тестостерон өндіретін Лейдиг интерстициаль жасушаларына жағдай жасайды. Фолликул жандандырушы гормон — жыныс бездерінің жұмысын реттейтін гонадотропин гормоны.