— Лаура Бекболатқызы, жеңіл босану үшін не істеу керек?

— Жүктілік — Алланың әйел адамға берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Бала бойға біткеннен тоғыз айға дейінгі кезең әрі жағымды, әрі қиын. Ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің орталықтан «Жүктілік кезінде қандай жаттығулар жасау керек?» деп жиі сұрап жатады. Аяғыңыз ауырлап, енді жаттығуды бастаймын десеңіз, қателесесіз. Бұл кезеңде жаттығулардың көбіне шектеу қойылады. Себебі балаға кері әсері болуы мүмкін.

Мысалы, қонаққа баратын болсақ, әдемі көйлек сатып алып, ерекше болуға тырысамыз ғой. Сол сияқты жүктілік кезеңіне де дайындалуымыз керек. Ол — жеңіл жүктілік пен дені сау ұрпақтың кепілі.

Лаура Сейітбек
Лаура Сейітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жаттығулар туралы ақпаратты кеш білген болсаңыз, оны минимал түрде жасауға болады. Ол жаттығуды мүлде жасамағаннан гөрі пайдалы. Жаттығу деп жатқанымыз физикалық күш жұмсау емес. Бұл — тыныс алу мен интим мүшелерді жаттықтыру техникасын толық меңгеру.

— Жүктіліктің алғашқы кезеңінен бастап қандай техниканы меңгерген жөн?

— Жүктіліктің І кезеңінде (триместр) орындалуы тиіс техника — ішпен демалу. Бұл жаттығуды отырып немесе жатып істеуге де болады. Мұрынмен терең тыныс алып, кеудені қимылдатпай ауаны ішке толтырамыз. Қаншалықты ұзақ ауа жұтасыз — соншалықты ұзақ шығуы тиіс. Сол кезде ғана қабырға сүйектері екі жаққа ашылып, ішке ауа барады. Кейбір әйелдің қатесі — кеудемен демалып, ішті күштеп шығарады.

Бұл жаттығуды толықтай босаңсыған күйде жасау керек. Сол кезде ауа ішті жай ғана томпитады. Ауа сыртқа шыққаннан кейін іш қайта қалпына келеді. Бұл жаттығуды жасаған кезде диафрагма толық ашылып, өкпенің өз потенциалын толық орындауға ықпал жасаймыз.

Бүгінгі таңда жаңа туған балаларда гипоксиянемесе басқа да ауру түрлері көп кездеседі ғой. Оның басты себебі — оттегінің жетіспеушілігінде. Осы жаттығуды жүкті екеніңізді білген күннен бастап, бала туылғанша жасасаңыз, жүктілігіңіз жеңіл, толғағыңыз оңай болады.

Лаура Сейітбек
Лаура Сейітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Интим бұлшықеттерді жаттықтырудың жүкті әйелге қандай пайдасы бар?

— Жүктіліктің ІІ триместрінде бала әбден орнығып, қимылдай бастайды. Бұл кезеңде іштің көлденең бұлшықеттерін, яғни «ана» бұлшықетін (төменгі жақ) жаттықтыру арқылы «мұнара» техникасына дайындық жүргізіледі. Өйткені ауыр салмақтың түсуінен жатырдың сіңірлері әлсіреп, төмен түсіп кетуі әбден мүмкін. Іштегі бала өскен сайын зәр қалташасына ауыр салмақ түсіп, ана жиі-жиі кіші дәретке бара бастайды.

Лаура Сейітбек
Лаура Сейітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мұндай кезде екі қолды үстелге қойып, еңкейіп, ішті төмен қарай салбырату керек. Осылай жасасаңыз, ішіңіз босайды. Сол кезде төменгі бұлшықетті қысасыз. Қатты емес, жай ғана қысып, бірден босату қажет. Бұл техниканы жүктілікке дейін меңгеріп, кейіннен көлікте немесе ауыр нәрсе көтергенде істесеңіз ішкі корсет сізді қорғап тұрады.

Жамбас қуысы және интим бұлшықеттерді (қынап, анус, зәр шығару мүшесі) қысып, әрқайсысын жеке-жеке басқарып та үйрену керек. Күнде жасай берсеңіз, дағдыланып кетесіз.

Лаура Сейітбек
Лаура Сейітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жүктіліктің ІІІ кезеңінде «көбелек» жаттығуының пайдасы көп. Бұл жаттығуды орындықта отырып жасау керек. Іштің қысылып қалмауына назар аудару қажет. Бұл жаттығуды жүктілікті жоспарлап жүрген кезде үйреніп алғаныңыз абзалырақ. Алғаш жасап бастағанда бұлшықеттер қысылып, қиындық туғызуы мүмкін. Күнделікті жасайтын болсаңыз, қан айналымыңыз жақсарады. Сонымен, «көбелек» техникасын ішпен тыныстап отырып, аяқты ашып-жабу арқылы жасаймыз. Аяқты ашқан сәтте қынапты ақырын қысамыз (гүлдің күлтешелері сияқты). Ал аяқты жапқан кезде керісінше қынапты ашамыз. Бұл жаттығу да алдыңғы техникалардағыдай дененің бос болуын талап етеді. Босаңсыған денеде қанайналым жақсы жүреді. Жаттығу барысында жағымсыз жағдайлар болса, әрі қарай жалғастырмаған жөн.

Лаура Сейітбек
Лаура Сейітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Айы-күні жақындаған әйелдерге қандай кеңес бересіз?

— Егер интимдік жаттығуларды меңгермесеңіз, 35-аптадан бастап залалсыздандырылған бір реттік қолғапты киіп, сұқ саусақпен қынаптың аузына массаж жасасаңыз болады.  Массаж жасау арқылы, қынапта қанайналым жақсарып, босанғанда қынапты жыртылып кетуден сақтайды. Көп әйел интим бұлшықеттерін дұрыс басқара алмаған соң босану кезінде қиындыққа тап болып жатады. Жүктілікке дайындықты бастаған кезден осы жаттығуларды меңгеріп алып, күнделікті орындап жүрсеңіз, жеңіл, әрі тез босанатыныңызға кепілдік беремін. Себебі толғақ кезінде де дұрыс тыныс алып, балаға оттегіні беріп, бұлшықеттерді басқара алсаңыз, бәрі оп-оңай.

Лаура Сейітбек
Лаура Сейітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жүкті әйелдің барлығына мына кеңесті айтамын:

1. Интим жаттығуларды жүктілікке дейін жасап, дайындалыңыз.
2. Дәрігерге уақытылы тексеріліңіз;
3. Зиян тағамдардан бас тартыңыз;
4. Суды уақытылы ішіңіз;
5. Тыныс алу және басқа да жаттығуларды жасауды ұмытпаңыз. Сонда оңай, тез әрі қиындықсыз босанасыз;
6. Барынша сабыр сақтап, ашуланбай жақсы көңіл-күйде болыңыз. Есіңізде болсын: сіздің өткеріп жатқан эмоцияңыз құрсақтағы балаға әсер етеді;
7. Ерте тұрып, үнемі ізденісте жүріңіз;
8. Құран тыңдаңыз. Баланың алғыр, зерек, иманды, көркем мінезді болуына септігін тигізеді;
9. Пайдалы білімдер алып, босануға және одан кейін қалыпқа келуге дайындалыңыз.

— Кеңесіңізге рақмет!