Порталымыздың “Сұрақ-жауап” платформасына оқырман өзін толғандырған сұрақтарды жазады. “Денсаулық” санатындағы сұрақтардың қатарында қыздық пердеге қатысты сауал көп. Оқырманның нақты проблеманы айтуға қысылатынын да байқадық. “Қыздық перденің бар-жоғын қалай анықтауға болады”, “Қыздықты қалай қалпына келтіруге болады?” деген сияқты басқа да сауалдарға Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың әйелдер консультациясы бөлімінің гинекологы Динара Құлжабаева жауап береді.

Қыздық, интим
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қыздық перде және аплазия

Қыздық – қыздардағы қынап пен ішкі жыныс ағзаларын оңашалап тұратын перде. Латынша hymen деп аталады.

Кейбір мәліметтерде қыздық перденің болуын аңыз деп жазады. Бірақ анатомия қыздарда зәршығару түтігімен және жыныс еріндерімен бірге қыздық перде болады деп есептейді.

Алғашқы жыныстық қатынаста перде созылып, жыртылады. Кейде перде бірден жыртылмайды, ол екінші не үшінші қатынаста ғана алынуы мүмкін. Әйел босанғаннан кейін бұл перде мүлдем көрінбей кетеді. Қыздық перде жүйке жүйесі жасушаларынан тұратындықтан жыртылған кезде ауырады. Перде адамның жаратылысына қарай әр адамда әртүрлі: тор немесе ортасы қуыс, дөңгелек болып келеді.

Қыздар кішкентай күнінде байқаусызда түрлі жарақат алып жатады. Мұндай кезде қыздық перде жыртылып кетуі мүмкін. Физикалық күш, яғни қыздардың атқа мінуі немесе гимнастика сияқты спортпен айналысуы пердені икемді, созылмалы етіп жіберуі мүмкін. Мұндай қыздарда алғашқы қатынаста қан болмайды. Себебі перде созылмалы, яғни ол жыртылған жоқ.

Аплазия – қыздық перденің болмауы. Адам кішігірім кемістікпен туылуы мүмкін. Сол сияқты қыздық перденің болмауы да адамның жаратылысынан. Осыған қарамастан ол қыз болып есептеледі.

Перде болмаса, қыздың жыныстық қатынасқа алғаш рет түскенін қалай анықтайды?

“Қыздың жыныстық қатынаста болмағанын тек пердеге қарап анықтауға болады” деп ойлау – қате. Қызда аплазия болса, оның бұрын ер адаммен жыныстық қатынаста болған-болмағанын ер адам бірден біле алады. Егер қыз бұрын қатынасқа түскен болса, қынап кең, ауырсыну аз болып, бәрі байқалып тұрады.

Алғашқыда қыздар жыныстық қатынастан ешқандай ләззат алмайды. Оргазмның не екенін түсінбейді. Себебі оған әр қатынас ауыр болуы мүмкін. Бұл – қынаптың әлі кеңеймегенін, әйелдің қатынасқа үйренбегенінің белгісі.

Америкада қыздар алғашқы жыныстық қатынаста қиналмауы үшін оған дейін пердені хирургиялық жолмен алдыртады. Содан кейін ғана қатынасқа емін-еркін түсе береді.

Интим
Иллюстрация: Dribbble.com © Brittany Theophilus

Алғашқы жыныстық қатынас

Қазір 12-13 жастағы қыздардың жыныстық қатынасқа түсуі қалыпты жағдайға айналып келеді. Тек 18 жаста адамның ағзасы дамып, жыныстық қатынасқа дайын болады. Ерте жыныстық қатынасқа түскен адамдарда аурудың бірнеше түрі кездеседі. Қыздар бірнеше жігітпен қатынасқа түссе, обыр ауруы пайда болуы мүмкін. Жас кезде жоспарсыз жүкті болып, баланы алып тастау – өте қауіпті. Бірінші жүктілікте түсік тастаса, кейін бала көтеру былай тұрсын, жатырсыз қалуы ғажап емес. Осындай жағдайлар болмас үшін үйде, отбасында, қыздың денсаулығына тек анасы емес, әкесі де алаңдап отыруы қажет. Жас қыздар уақытша сезімнің арбауына түсіп, балалықпен асығыс шешім қабылдамауы маңызды.

Алғашқы қатынаста ауырсыну болмас үшін арнайы гель, кремдерді қолдануға болады. Мұндай тәсіл қынаптың аузын ылғалдандырады. Негізі әйел адам қозған кезде қынаптан сұйықтық бөлінеді де, бұл қатынас кезіндегі ауырсынуды жеңілдетеді. Гинеколог маман ретінде айтайын, адам тек өзі жақсы көретін адамымен жыныстық қатынасқа түсуі керек. Алданып, балалықпен ақымақтық жасап емес, психологиялық тұрғыдан дайын болып, сүйіп қосылуы керек.

Қазір кей жігіттер “Маған дейін басқамен болмағанын, қаншалықты бала көтере алатынын тексеремін” деген сылтаумен жас қызды төсек қатынасына тартып, ісі біткен соң тастап кетеді. Ал ол қыздығынан айырылды, ең жаман дегенде жүкті болып қалады немесе ауру жұқтырады. Мұндай жағдайды күнде көріп жүрмін. Жігіт хабарласпай кетсе де, қыздар “Ол мені іздеп келеді” деп ұнатқан адамын жамандыққа қиғысы келмейді. Шынымен жақсы көретін жігіт қызды ешқашан асықтырмайды, жыныстық қатынасқа итермелемейді, үйленгенше күтеді. Керісінше болғанның өзінде қызды жылатып, тастап кетпейді.

Психологиялық дайындық

Әуелі ер адам асықпай, қызды психологиялық тұрғыдан дайындауы қажет. Өз әйелімен жыныстық қатынаста болмай тұрған кезде ер адам да бір кісідей сақтануға тиіс. Ағзаға жыныстық жолмен неше түрлі инфекция, вирус түссе, ауру балалар дүниеге келуі мүмкін. Вирус жұқтырған жігіт тасымалдаушы болып, бірнеше қыздың денсаулығына кесірін тигізетіні де бар.

Егер адам қалап тұрса, жыныстық қатынасқа күнде түсуге болады. Тәуліктің қай кезінде болса да, маңызды емес. Әр жыныстық қатынас сайын бақыт гормоны бөлініп, адамның көңіл-күйі жақсарады. Тері жасарып, бүкіл ағзаның жаңаруына, дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік болады. Жыныстық қатынаспен тұрақты айналысу бала туу уақытын да ұзартады. Дәл қазір 35 жасқа дейінгі әйел дені сау бала туа алады деп есептеледі. Ескеретін жайт, жыныстық қатынас кезінде “бала болса екен, көтеруім керек” деген нәрсені ойламау керек.

Сақтану мақсатында қолданатын таблеткалардың әсері алдағы жылдары білінбесе, әлі байқалған жоқ. Олардың микромөлшерленген түрі бар. Қолданғанда жүректі айнытпайды, бас ауруы болмайды. Әйтпесе, мұндай таблеткалардың әсері қатты байқалады да, көбі оған төзе бермейді. Бірақ қан қысымы, варикозы бар әйелдерге мұндай дәрілерді ішуге болмайды.

Интим
Иллюстрация: Dribbble.com ©Kath Nash

Қыздықты қалпына келтіру

Қыздықты қалпына келтіруге болады. Оны медицина мекемелерінде қолжетімді бағада қайта тігіп береді. Қатынасқа дейін үш күн бұрын жасалады әрі ешқандай зияны жоқ.

Алғашқы жыныстық қатынастың етеккірге әсері

Алғашқы жыныстық қатынастан кейін қыздардың менструациясында жағымды өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы, етеккір кезінде мазасызданатын қыздарда енді мұндай проблема болмайды. Етеккірі аз мөлшерде келетіндердің де мәселесі шешіледі. Бірақ алғашқы қатынастан кейін етеккір бір айда екі рет келсе, дәрігерге көрінген жөн. Дені сау адамда мұндай ақау болмауы қажет.

Жігіттің гені қыздың ағзасында сақталмайды

Қыздың алғаш төсектес болған жігітінің гені ағзада сақталып, басқа еркектен туған балалары алғашқы адамға ұқсап тұрады деген түсінік – жалған. Кейбіреулер бұл мәселені теория жүзінде қозғаса да, медицина оны дәлелдемеген. Мұндай болуы мүмкін емес. Себебі биоматериал басқа жігіттікі. Ол әйелдің ағзасында сақталып қалатын нәрсе емес. Хромосома 48 сағатта өліп кетеді. Баланың әкесіне ұқсауы қызбен сол кезде жыныстық қатынасқа түскен серіктесіне ғана байланысты.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!