Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары болды

Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары болды.  2019 жылдың 30 қыркүйегінде Нұр-Сұлтанда Сенаторлар кеңесінің бірінші отырысы өтті. Отырыс кезінде Бірғаным Әйтімова төрағаның орынбасары болып сайланды. Кеңестің хатшысы қызметіне депутат Нұрлан Қылышбаев тағайындалды. Кеңесті Сенат төрағасы Дариға Назарбаева басқарады.

Сенаторлар кеңесіне Парламенттің бұрынғы және қазіргі 50 депутаты кіреді. 2019 жылдың 12 тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының бір топ депутатының өкілетін тоқтатқан еді, оның ішінде Бірғаным Әйтімова да бар.

Бірғаным Әйтімова 1953 жылы 26 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған. Әр жылдары Жастар ісі, туризм және спорт министрі, Қазақстанның Израиль мен Италиядағы елшісі болды. Сонымен бірге Премьер-министрдің орынбасары және Білім және ғылым министрі болып жұмыс істеді. БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болды. 2013 жылдың 26 тамызында Сенат депутаты болып тағайындалды.

Сенаторлар кеңесі — консультатив-кеңесші орган. Кеңес қолданыстағы және бұрынғы депутаттардың ұсыныстарын әзірлеу, тәжірибе алмасу, парламентаризмді дамытуға бағытталған шараларды өткізу үшін құрылған.

ДереккөзTengrinews.kz