Басты бетЭкономикаНұр-Сұлтанның белсенді...

Нұр-Сұлтанның белсенді әйелдері әлеуметтік кәсіпкерлік негіздерін оқып жатыр

Кездесуді белгілі коуч, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров жүргізді.

Шын мәнінде масыл болғысы келмейтін әйелдер бар. Біздің міндетіміз — оларды қолдау. Бізге келген әйелдерге көмектесіп, оқытып және ақпараттық қолдау көрсетуге тырысамыз. Олардың әлеуеті көп нәрсеге жетеді. Сондықтан сол қырын ашу керек. Әлеуметтік кәсіпкер болғандықтан мақсатым ақша табу емес, проблеманы шешуге көмектесу, — деді Эмин Әскеров.

Айта кетейік, Әйелдердің көшбасшылық мектебін қаланың қоғамдық даму істері басқармасы мен «Даму» қазақстандық қауымдастығы ұйымдастырған.

Әйелдердің көшбасшылық мектебін құру кезінде белсенді әйелдерді жинау туралы алдын ала хабарлама бердік. Барлығы 70-тен астам анкета түсті. Олардың сұраныстарымен танысқан соң, жұмыс жоспарын құрып, екі отырыс өткіздік. Алғашқы отырыста қатысушылар Рысты Жұмабековамен кездесті. Ол өзінің жоғары дәрежеге қалай жеткенін айтып, көшбасшы қандай қасиеттерге ие болуы керектігі туралы баяндады. Екінші отырыста психологпен кездесті. Біз әйелдердің қоғамның барлық саласына араласып, жан-жақты дамығанын қалаймыз, — деді «Даму» қазақстандық қауымдастығының директоры Анар Бітебаева.

Оның айтуынша, жоба қатысушылары келесіде Баян Ахметжановамен кездеседі. Ол қатысушыларға тайм-менеджмент пен уақытты бағалауды үйретеді.