Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Көгершіні бар» 2000 теңгелік банкноттарды қайда өткізуге болады?

Фото: Sputnik.kz
Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валютаны қорғауды күшейту үшін «Сақ стилі» жаңа банкноттар сериясын кезең-кезеңімен айналымға шығарып жатыр. Бұрынғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттардың қатар айналым мерзімі аяқталып, әлеуметтік желілерде халық арасында «көгершіні бар» банкноттардың жарамдылығына қатысты түрлі сұрақ көбейді. Кейбір сауда орындарының мұндай банкноттарды қабылдамағаны туралы ақпарат та тарап жатыр.
Осыған орай, Baribar.kz тілшісі 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттың жарамдылық мерзімі мен айырбастау жолдарына шолу жасады.

«Көгершіні бар» ескі 2 000 теңгелік банкноттар жарамсыз ба?

Жоқ. Ұлттық банк бекіткен тәртіп бойынша, жаңа дизайндағы банкноттар айналымға енгеннен кейін белгілі бір уақыт аралығында ескі және жаңа үлгідегі ақша қатар қолданылады. 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттардың қатар айналым кезеңі 2026 жылғы 24 маусымда аяқталды.

Бұл мерзім аяқталғаннан кейін ескі банкноттарды күнделікті саудада қолдана алмайсыз. Алайда бұл олардың мүлдем жарамсыз болып қалғанын білдірмейді.

Қолыңызда ескі банкнот қалса, не істеу керек?

Қолыңызда 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкнот болса, оны бірден тастауға немесе жарамсыз деп есептеуге болмайды.

Baribar.kz тілшісі бұл мәселе бойынша Қазақстандағы белгілі екінші деңгейлі банктің касса меңгерушісі Эльмирамен тілдесіп, ескі банкноттарды айырбастау тәртібін анықтады.

«2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттарды екінші деңгейлі банктер үш жыл бойы қабылдайды. Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі оларды мерзімсіз айырбастай береді», – дейді банк қызметкері.

Демек, азаматтардың қолындағы ақша жарамсыз емес, оны дүкенге жұмсаудың орнына банк айырбастап алу керек.

Қайдан айырбастауға болады?

Сарапшының айтуынша, азаматтардың бірнеше мүмкіндігі бар:

  1. екінші деңгейлі банктердің кез келген бөлімшесіне жүгіну;
  2. кейінгі үш жыл ішінде жаңа үлгідегі банкнотқа айырбастау;
  3. үш жылдан кейін де Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің аумақтық бөлімшелеріне барып, банкнотты мерзімсіз айырбастау.

Ұлттық банктің мәліметіне қарасақ, жаңа және ескі банкноттардың қатар айналымы аяқталғаннан кейін екінші деңгейлі банктер оларды үш жыл бойы қабылдап, айырбастайды. Ал Ұлттық банк барлық ескі үлгідегі банкнотты мерзімі шектеусіз алмастырады.

Кейбір дүкендер ескі банкнотты не үшін қабылдамайды?

Мамандардың айтуынша, қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін сауда орындары бұрынғы үлгідегі банкноттарды төлем құралы деп қабылдамауы мүмкін.

Қатар айналым мерзімі аяқталмай тұрып дүкен немесе қызмет көрсету орны заңды төлем құралын қабылдаудан бас тартса, бұл заң талаптарына қайшы. Ұлттық банк мұндай жағдайда ескі және жаңа банкноттардың қатар қолданылатынын бірнеше мәрте түсіндірген еді.

Банк комиссия ұстап қала ма?

Азамат заңнамада белгіленген тәртіппен банкнотты айырбастаса, ол дәл сол номиналдағы жаңа банкнот алады. Демек, ескі 2 000 теңгелік банкнот 2 000 теңге болып айырбасталады да, комиссия ұсталмайды.

Мақалаға реакция