Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапарының видеосы жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында бірқатар кездесу өткізді. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли сапардың алғашқы күнінің бейнеролигін жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы саналатын Atlantic Council («Атлантика кеңесі) ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі американ саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесумен басталды.

Кездесу кезінде Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдығы, Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция әлеуеті туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Мемлекет басшысы Bloomberg ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі иесі Майкл Блумбергпен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Bloomberg ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, әлем экономикасының күн тәртібіндегі өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Анхел Моратиноспен кездесті. Тараптар өзара іс-қимыл перспективаларын, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту жайын талқылады.

Түстен кейін Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында американ және жетекші трансұлттық компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Кешкісін компания жетекшілерімен дөңгелек үстел басында пікір алмасты.