Қасым-Жомарт Тоқаев Bloomberg ақпарат агенттігінің басшысымен кездесті

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Bloomberg ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі иесі Майкл Блумбергпен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар Қазақстан мен Bloomberg ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, әлем экономикасындағы өзекті мәселелер жөнінде пікірлесті.

Қазақстан Президенті 2019 жылы 25 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін Bloomberg жаһандық бизнес-форумының маңызын атады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шараға Қазақстанның атынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Майкл Блумберг
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Майкл Блумберг. Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Блумбергке Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция мүмкіндіктері туралы айтып, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Блумбергті Қазақстанға шақырды.