Оразаның пайдасын дәлелдеген ғалым Ёсинори Осуми Нобель сыйлығын алды

3 қазан күні медицина және физиология саласындағы ғалымдарға Нобель сыйлығы берілді. Биылғы жеңімпаз жапониялық Ёсинори Осуми. Ол «Аутофагия механизмін ашқаны үшін» марапатталды.

Ёсинори Осуми деген кім?

  • Нобель сыйлығының лауреаты 1945 жылдың 9 ақпан күні Жапонияның Фукуока қаласында өмірге келген.
  • Токио университетін бітіріп, 1974 жылы сол жерде диссертация қорғап, ғылым докторы атағын алған.
  • 1974–1977 жылдары Нью-Йорктегі Рокфеллер Университетінде зерттеуші-ғалым болған. Кейін жапон университеттерінде сабақ берді.
  • 2014 жылдан бастап — Токио технологиялық институтындағы жасушыларды зерттеу бөлімінің басшысы, профессор.

Аутофагия деген не?

  • Аутофагия (грек тілінде «өзін-өзі қоректендіру») —  тірі ағзадағы клеткаішілік құрылымдарды жаңартатын механизмдердің бірі, яғни клетка ішілік физиологиялық жаңару.
  • Аутофагия үдерісіне жасушадағы белгілі бір элементтер жауап береді: саңырауқұлақтар мен өсімдіктерде вакуоль, жануарларда лизосома. Ондағы аутофагасомалар ағзадағы ескірген, істен шыққан ақуыздар мен өзге де органикалық заттарды жойып, тазалап отырады.
  • Қажетсіз заттардан арылу ағзаға қосымша күш-қуат береді. Бұл үдеріс аштық кезінде қарқынды жүреді.

Осуми не үшін Нобель сыйлығын алды?

  • Жапон ғалымы аутофагия үдерісін 1980-1990 жылдары зерттеген еңбектері мен ғылыми мақалалары үшін алды.
  • Ол ағзаның аштық кезінде өзін-өзі тазартатынын тәжірибе арқылы дәлелдеді. Бұл үдерісті микроскоппен көру мүмкін болмағандықтан, Осуми ашытқы саңырауқұлағын жасанды жолмен өсіріп, оның жасушасындағы аутофагияға жауап беретін вакуольдің қызметін жойып, ағзаны ашықтырды.
  • Зерттеу барысында саңырауқұлақтың вакуолі зақымданған ақуыздар мен органикалық заттарды жоятын аутофагосомаларға толып кеткен.
  • Осы арқылы ғалым ағзаға аштық жариялап тұру арқылы оны тазартуға болатынын дәлелдеп шықты.

Осуми жаңалығы нені дәлелдейді?

  • Осумидің 1990-2000 жылдары зерттеген еңбегі аутофагияның маңызды физиологиялық үдеріс екенін түсіндірді.
  • Ағзаның өзін-өзі тазартуы оны түрлі вирустар мен қауіпті заттардан, ерте қартаюдан сақтайды. Себебі, ол кезде жарамсыз ақуыздар, жасушадағы зақымдалған элементтер ағзадан шығарылып, ретке келтіріледі.
  • Аутофагияның бұзылуы Паркинсон ауру мен қатерлі ісікке әкеледі.
  • Жапондық ғалымның жаңалығы гендік инженериямен бірлесе отырып, заманауи медицинаның күші жетпей отырған ауруларды емдеуге жол ашуы мүмкін.
ДереккөзИТАР-ТАСС