Алдағы үш тәулікте түнгі мезгілде ызғар болады

Күнтізбе бойынша басталатын күзбен бірге күн суиды. «Қазгидромет» кәсіпорнының синоптиктері 3-5 қыркүйек күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Бұған дейін Қазақстанның солтүстік жартысында жаңбыр мен күннің сууына себеп болған циклон алдағы үш тәулікте де республиканың батыс, солтүстік және орталық облыстарына әсер ете береді. Циклонмен байланысты атмосфераның суық фронттары оңтүстік, содан соң оңтүстік-шығыс және шығыс облыстар арқылы жылжиды, — деп хабарлады «Қазгидрометтің» баспасөз қызметі.

Циклонмен және фронттармен бірге республика бойынша жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, оңтүстік облыстарда температура төмендейді, солтүстік облыстарда ауа температурасы климат нормасынан 3-6 градус төмен болады.

Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық өңірлерінің жекелеген аудандарында түнгі уақытта 1-3 градус үсік болуы мүмкін, — делінген «Қазгидромет» таратқан хабарламада.