— Досым, Жұмыспен қамту орталығына көбіне кімдер жүгінеді?

— Жұмыспен қамту орталығына әр саланың адамы жұмыс іздеп келеді. Оның ішінде оқуды енді бітірген және аяқтағанына 1-2 жыл болған жастар, белгілі бір себеппен жұмысынан шығып қалған, зейнет жасына аз қалған қарттар келеді. Сонымен қатар түзеу мекемелерінде жазасын өтеп шыққан азаматтар бізге жүгінеді. Биыл «Жастар жылы» болғандықтан келіп жатқандардың көбі — Жоғары оқу орнын бітірген түлектер. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларда әйел үйде бала күтімімен отырып, ері жұмыссыз болса, бізден көмек сұрайды. Мүгедектігі бар азаматтарға да жұмыс қарастырылған. Орталықтағы мүгедектер бірлестігі өз мүшелерінің Шахмат федерациясы сияқты мекемелерде ыңғайлы жұмысты істеуге мүмкіндік береді. Жалақысы 2 АЕК көлемінде.

— Зейнет жасына жеткен азаматтар жұмысқа орналаса ала ма?

— Зейнет жасына аз қалған кісілер көбіне кешірек келеді. Соңғы екі жылдағы нәтижені айтсам, зейнетке шығатын үлкен кісілерге мамандығымен жұмыс табыла бермейді. Себебі олар біраз жыл үйде отырды, жаңа технологиямен жұмыс істеп көрмеді. Сондықтан олар қысқамерзімді дайындық курсына жазылады. Бізде оларға компьютер тілі, экскурсия жасау, гүл өсіру және тағы басқа курстар бар. Мұндай жастағы азаматтар зейнетке шығатын уақытына ең кемі бір жыл қалғанда келуі керек. Себебі курсқа қатысып, жұмысқа орналасуға да уақыт кетеді.

Жұмыс іздеген адам арыз толтырады. Сондағы мәліметтерге қарай жұмыс қарастырамыз. Бірақ кейбірі өзінің қандай жұмысқа қабілеті барын білмейді. Мұндай жағдайда психологиялық тест арқылы қай салаға ебі, ыңғайы бар екенін анықтаймыз.

Жұмыспен қамту
Иллюстрация: Dribbble.com ©Uran

— «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы туралы айта кетсеңіз.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жас мамандардың жұмыссыз жүрмеуіне, өз саласында тәжірибе жинауына көмектеседі. Жоғары оқу орнын бітірген түлекті мамандығымен 6 айға тәжірибеге жібереміз. Ол үшін біздің орталыққа келу шарт емес. Қаладағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарында біздің мамандар отыр, сонда өтініш беруге болады. Дипломына, мамандығына қарай қайда барғысы келетінін өзі таңдайды. Тәжірибеден өткені үшін 6 ай бойы стипендия алады әрі өзінің қабілетін көрсетіп, тұрақты жұмысқа орналаса алады.

— Нарыққа қандай мамандар қажет?

— Алматыдағы орталыққа көбіне педагогтар, заңгерлер, IT-мамандар мен өнеркәсіп қызметкерлері, әсіресе, технологтар келеді. Бүгінде нарыққа өндірісте жұмыс істей алатын қызметкерлер, мамандар өте қажет. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп те, ауыры да мамандарға зәру. Қазақстандық өнім шығаруға мықты мамандар мен көп күш керек. Сондықтан осы салаға мемлекет те көп көңіл бөліп отыр.

— Кәсіп ашқысы келетіндерге қандай мүмкіндік жасайсыздар?

— Кәсіп ашып, бизнеспен айналысқысы келетін адамға 6% жеңілдікпен несие беріледі. Тек лайық, дұрыс құрылған бизнес жоспары болуы керек. Сонымен қатар кәсіптің халыққа, еліміздің экономикасына пайдалы болуына қараймыз. Әсіресе, инновация жобаларына сұраныс көп. Кафе, мейрамхана ашу бұрынғыдай тренд емес. Ең бастысы — тек өзі кәсіп ашып, содан пайда тауып қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет. Ал адамның бұрын бизнеспен айналысқан-айналыспағаны маңызды емес.

— Адамдар Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуді біле ме, орталық жұмысы қалай насихатталады?

— Бізге келетін адамдардың көбі Жұмыс беру орталығы туралы таныстарынан естігенін айтады. Сонымен қатар теледидар мен радиодан естіп, газеттен оқып, біздің қызметке жүгінеді. Жұмыспен қамту орталығына әр адам түрлі себеппен келеді. Біздің орталық — соңғы көмек беретін орын. Көбі қайда барарын білмей, шарасыз қалғанда жәрдем сұрайды. Сонымен қатар бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз, оны алдын ала хабарлаймыз. Enbek.kz порталымен жұмыс істейміз. Мекемелер жарты жыл сайын вакансиялардың есебін тапсырады, яғни өздеріне қандай қызметкер керек екенін порталға жариялайды. Порталға кез келген адам кіріп, жұмысты өзі іздеуіне болады.

Елімізде жұмыс іздейтіндер ғана емес, кәсібіне, компаниясына қызметкер іздейтін жұмыс берушілер де көп. Олар да біздің орталыққа келіп, қандай маман немесе қызметкер керек екенін айтып, өзіне қажет адамды тауып жатады.

Жұмыспен қамту орталығы азаматтарға «жұмыссыз», «7 жасқа дейін бала күтімімен үйде» және «бала тууына байланысты демалыста» деген үш статусты бере алады. Көпбалалы аналарда қазіргі жағдайға байланысты осы статустың біреуі болады. Егер балаларына қарайтын адам болса, жұмыссыз деп танып, еңбек етуіне көмектесеміз. Тек кез келген адам тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!