Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс берушілерді жалақыны кешіктірмеуге үндеді

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова ірі кәсіпорын басшыларына қызметкерлерге жалақыны кешіктірмей беруді ескертті. Бұл туралы облыс әкімінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Вице-премьердің айтуынша, бизнес қауымдастығы еңбек өнімділігін арттырумен және индустрияландыруды дамытумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпауы керек. Гүлшара Әбдіқалықова ерлері жұмыссыз көпбалалы аналар туралы да айтты. Ол кәсіпорындарды көмекке мұқтаж адамдарды назардан тыс қалдырмауға, әсіресе, көпбалалы аналарды қолдауға, мүмкіндігіне қарай олардың баспана мәселесін шешуге үндеді.

Бүгінде біз жалақыны уақытында беруге баса назар аударуымыз керек. Қазір елімізде кикілжіңдердің 30%-ы жалақының уақытында төленбеуіне байланысты туындап отыр. Сондықтан да осы мәселенің шешімін табу қажет. Екіншіден, еңбек қауіпсіздігі сақталуs керек. Үшіншіден, жалақыны индекстеуге байланысты көтеру назардан тыс қалмағаны жөн. Бюджет қызметкерлерінің жалақысын индекстеу мемлекет тарапынан жүргізіліп келеді. Бұл жеке кәсіпорындарға да қатысты, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Премьер-министрдің орынбасарымен бірге өңірлерді аралап жүрген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыс берушілерге әлеуметтік шиеленістерді болдырмау қажет екенін айтты.

Оның айтуынша, ұжымдық келісімшарттағы барлық міндет орындалуы керек. Президент алға қойған талаптар бойынша жұмысшыларды қысқартпай, ең төменгі жалақыны кем дегенде инфляция деңгейінде ұстап, еңбекақыны кешіктірмей беріп отыру қажет.

Мемлекет басшысы жиі назар аударатын мәселенің бірі — шетелдік және отандық жұмысшылардың тең құқылы болуы. Оларға жағдай бірдей жасалуы керек. Батыс Қазақстан облысында он шақты шетелдік компания жұмыс істейді. Қазақстанда болғаннан кейін қай кәсіпорын да еліміздің заңнамасын сақтауға міндетті. Басқасын айтпағанда, олардың еңбекақысында айырмашылық болмауы керек. Бас прокуратура тексерген кезде осындай өзгешеліктерді тауып жатады. Сонымен қатар компания өз кәсіпорны ғана емес, сол өңір алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпауы керек. Мысалы, көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесін алайық. Олардың арасында тұрғын үй кезегінде тұрмағандар да аз емес. Міне, кәсіпорындар өз табыс-мүмкіндіктерін есептей отырып, көпбалалы аналарды қолдауға, жұмыспен қамтуға өз үлесін қосып отырса, дұрыс болар еді, — деді Бердібек Сапарбаев.