Сарапшылардың пікірінше, халық санының көптігіне байланысты жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі еліміздің оңтүстік өңірлерінде тіркелген.

Жұмыспен қамту үлесінің артқанына қарамастан Алматыда жұмыссыз азаматтардың саны 50,3 мың, Алматы облысында 48 мың, Түркістан облысында 42,1 мың адам болды. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда жұмыссыздар санының теріс өсу динамикасы Маңғыстау облысында 12,7%, Атырау облысында 6,5%, Нұр-Сұлтанда 5,7% болды, — деді орталықтың еңбек нарығын талдау департаментінің директоры Жақсылық Конанов.

Оның айтуынша, жұмыссыздардың ең көбі 25-тен 35 жасқа дейінгі азаматтар болып шықты — 169,9 мың адам, олар — барлық жұмыссыз азаматтың 38,5%-і.

Жұмыссыздардың басым бөлігінде орта кәсіптік (41,4%) немесе жоғары білім (33%) бар және 2018 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда орта кәсіптік білімі барлар саны 10,3% және жоғары білімі барлар 17,3% артқан. Жұмыссыздықтың негізгі себебі — түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі аздығы — 24,8% (93,5 мың адамның жұмыс табуға мүмкіндігі жоқ, 14,3 мың адам оқудан кейін жұмыссыз) және мамандардың тұрақтамауы — 35,5% (өз еркімен жұмыстан кету — 116,8 мың, еңбек келісімшарты мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыссыз қалу — 37,5 мың), — дейді Жақсылық Конанов.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы өкілінің айтуынша, мамандардың белгілі бір жұмыс орнында тұрақтамауына өңір мен экономика салаларында еңбекақының әркелкі болуы — негізгі себеп.

2019 жылдың екінші тоқсанындағы еңбек нарығына жүргізілген талдауды мына жерден көруге болады.