«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі — адами капиталды дамыту, жаңа жағдайға — білім экономикасына көшуді қамтамасыз ету үшін креатив қоғам құру, ақпарат технологиялары саласында білікті кадрлар тапшылығын шешу. Қазақстанда жоғары оқу орындары осы сала мамандарын қалай даярлап жатыр? Біздегі білім халықаралық нарық талабына сай келе ме? Студенттер өндіріске қалай араласып жүр? Baribar.kz Халықаралық IT университетінің маркетинг және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шыңғыс Қарабаевпен және осы оқу орнының студенті Арман Кемежановпен әңгімелесу барысында осы сауалдарға жауап алды.

— Халықаралық IT университетінде студенттерді қанша мамандық бойынша оқытасыздар?

— Бұған дейін 11 мамандық бойынша IT-мамандарды дайындайтынбыз. Қазір Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен мамандыққа бөліп оқытуды жойып, сегіз білім беру бағдарламасын жасадық. Бұл — бұрынғы 11 мамандықты 28-ге көбейткенмен тең. Білім беру бағдарламаларына туыс мамандықтар біріктірілді. Мысалы, Ақпарат технологиялары бағдарламасына бұрынғы төрт мамандық кірді. Олар: информатика, ақпарат жүйелері, есептеу техникасы және программа жасау, математикалық және компьютерлік пішіндеу.

Халықаралық ІТ университеті АҚШ-тың Carnegie Mellon университетімен тығыз ынтымақтастықта ашылды. Сarnegie Mellon — бүкіл әлемде алгоритм, компьютер желілері, программалау тілі, робот техникасы, компьютер лингвистикасы және программа жасау бойынша көшбасшы университет.

Шыңғыс Қарабаев
Шыңғыс Қарабаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Студенттер практикалық білімін қайда жетілдіреді, өндіріске араласа ма?

— Университет жылына 600-700 IT-маман дайындап шығарады. Түлектердің жұмысқа орналасуы 100% жүзеге асады деп айта аламын. Себебі IT саласы жұмыс істеу үшін зауыт-фабрика тұрғызуды, инвестиция салуды қажет етпейді. IT-маманға ең керегі — білім мен интернетке қосылатын компьютер. IT — осы екеуімен қай жерде отырса да, жұмыс істеп, ақша табуға болатын сала. Біздің студенттер 2-3-курста ресми түрде жұмыс істейді. Оқу бітіргеннен кейін де біраз студент өз компанияларын ашады. Сол компаниясына біздің түлектерді жұмысқа алып жатады. Болашақ IT-мамандар студент кезінен еңбекке араласады.

Университетте маркетинг және қоғаммен байланыс департаментіне қарасты Карьераны дамыту орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтың негізінде құрылған, жұмыс іздеушілерге арналған сайт бар. Онда біздің университет келісімшартқа отырған 500 компанияның тізімі енгізілген. Студенттің қалауына қарай сол компанияларға тәжірибеден өтуге жібере аламыз. Әр студент компаниямен өзі байланыс жасап, резюме, сертификатын енгізіп, тәжірибеден өтеді, әрі қарай карьерасын құра алады. Бұл сайтқа тек студенттер емес, жұмыс беруші компанияның өкілдері де кіріп, өзіне қажет маманды таңдай алады. Оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде студенттің бәрінің жұмысқа орналасуына көмектесеміз.

Өміріміздің барлық саласына IT керек. Мысалы, сіз үйде болмай-ақ, пәтердегі газды өшіру, салқындатқыш құралды қосу деген сияқты қарапайым жұмысты смартфон арқылы істей аласыз. Осыдан 5-10 жыл бұрын коммунал төлемдер үшін адамдар «Қазпоштаға», одан кейінгі жылдары банкке баратын еді. Қазір бұл істі ешқайда шықпай, мобайл қосымша арқылы тындыруға мүмкіндік бар. Заттар интернеті, автоматизация дейді. Әлемде үлкен таксопарктер бар. Олардың бірде-бір көлігі жоқ, бірақ адамдарға қызмет ұсынады.

Халықаралық IT университеті
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Университеттегі білім халықаралық нарықтың талабына сай келе ме?

— Біздің университеттен шыққан мамандарға сұраныс көп. Себебі түлектер ағылшын тілін меңгерген, программалау тілін де жетік біледі. IT-білім әуелі ағылшын тілінде жазылады. Біздің студенттер кез келген ақпаратты түпнұсқадан оқып, үйрене алады. Университет білім беру бағдарламаларын жылда жаңартып, қазіргі нарыққа қандай мамандар қажет екенін біліп, сондай маман шығаруға тырысады. Ірі компаниялар қандай IT-мамандар керек екенін айтады. Біз осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында оқу жүйесін де жаңалап отырамыз. Осының арқасында біздің түлектердің алды Google, «Яндекс», Facebook-те жұмыс істесе, соңғылары Microsoft және Booking.com-де жүр. Бұл біріншіден, олардың ағылшынды жетік меңгергенін, екіншіден, біздегі білімнің ол жақтағыдан еш кем емес екенін білдіреді. Бір өкініштісі — өзіміздің мықты мамандардың шетел асып, кетіп жатқаны. Мұны біздегі компаниялардың мықты маманға жағдай жасай алмайтынымен түсіндіруге де болады. Жақсы маманды өзімізге алып қалғымыз келсе, оған шетелдің алпауыт компанияларындағыдай жалақы төлеуіміз керек. Осы жағын реттейтін заң я бағдарлама керек.

ІТ халықаралық университеті 2009-да ашылса, 2013-тен бастап алғашқы түлектер оқуды бітірді. Содан бері алты жылда біздің студенттер белді компанияларда жұмыс істейді, кейбірінің кәсіптері бар. Елбасының тапсырмасымен былтыр техника және технологиялар саласына 20 мың гранттың 15 мыңы бөлінді. Енді қазір жылына 1400-дей маман даярлаймыз.

Қазір бүкіл әлемде қаржы саласын меңгерген IT-мамандар керек. Бізде де осы бағыт бойынша IT-дағы қаржы немесе IT-дағы менеджмент деген гуманитарлық мамандықтар бар. Әдетте, қаржыгерлер мен IT-мамандар өз бетімен өмір сүреді. Қазіргі заман маманның екі саланы бірдей меңгеруін талап етіп жатыр. Мысалы, қазір электрон журналистиканы оқытамыз. Заман талабы бойынша журналист өзі дайындағысы келген материалдың текстімен бірге, фотосын, монтажын жасап, оны өзі жариялап, тарата алуы керек.

Шыңғыс Қарабаев
Шыңғыс Қарабаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Университетте қандай лабораториялар бар?

— Студенттердің алған білімін тәжірибеде жетілдіруі үшін бізде 30-дан астам лаборатория бар. Мысалы, Инновация орталығында студент сабақтан тыс стартап жобалармен айналысады. Сонымен қатар өз саласының мықтылары бізге келіп, дәріс оқиды. Олар дәл қазір қай бағыттағы IT-маман қажет екенін айтады, тәжірибесін береді. Университетте әлемдік SAP, Cisco, Apple және тағы басқа компаниялардың лабораториялары орналасқан. Студент нені үйренгісі келсе, сол лабораторияға жазылып, оқи алады. Онда оқыған студентке «осы компанияда жұмыс істеуге қабілетті» деген сертификат беріледі. Unicef инновация лабораториясы студенттерге коворкинг орталығында жобалармен айналысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл орталықтың жазғы мектебі бар. Онда 18 жастан бастап программалау тіліне қызығатын кез келген адамды оқытамыз.

Халықаралық IT университетінің өнертапқыш студенттері өз жобаларын жасап, түрлі форумда оны жүзеге асыруға қаржы ұтып алады. Университет сала технологияларымен қатар менеджмент, экономика, коммуникация дағдылары, тереңдетілген ағылшын тілі бойынша сапалы білім береді.

Халықаралық IT университеті
Инновация орталығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Болашақта IT саласында жұмыс істегісі келетін талапкер қандай қарапайым ресурстарды білуі керек?

— Негізі талапкер физика-математиканы жақсы оқыған болса, біз оған ақпарат технологияларын жасауды басынан үйретеміз. Талапкерлер оқуға түсер алдында информатика мен ағылшын тілінен кіріспе емтихандарын тапсырады. Бұл емтиханның оқуға түсуге әсері жоқ. Мұндай емтихан баланы оқытпас бұрын оның деңгейін анықтап алу мақсатында тапсырылады. Негізгі аудиториямыз — Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Білім-инновация» лицейі. Сонымен қатар информатика түгілі, орыс тілін білмейтін балалар келсе, кіріспе емтиханы арқылы деңгейін анықтап, бәрін басынан үйретеміз. Бала әрі қарай алып кетсе, құба-құп. Мұндай дайындық оқу жылы басталмай тұрып өтеді. Бізде қазақша мен орысшаны түсінбейтін, тек ағылшынша сөйлейтін мұғалімдер бар. Тіл білмейтін бала қанша талантты болса да, әрі қарай оқуы қиын. Мұндай талапкерлерді арнайы курсқа шақырамыз. Бізге программалау тілі мен ағылшынды меңгеріп келетін оқушылар бар. Солардың қасында өзге балалар да тең дәрежеде болсын, сабақты бірге алып кетсін деген мақсатта курс ұйымдастырамыз. Мысалы, ағылшын тілі курсы бір айға созылады. Бағасы — 40 мың теңге. Ата-аналардан «Неге қымбат? дегенді жиі естиміз. Бірақ өзге курстармен салыстырғанда біздің дайындық сабақтары аптасына бес рет 4 сағатқа созылады. Сонда сіз 80 сағат дайындықты 40 мың теңгеге сатып аласыз.

Соңғы үш жылда біз диплом жазудан бас тарттық. IT өзі практикаға құрылған сала болғандықтан екі-үш студенттің нақты диплом жобасын қорғағанын дұрыс көрдік. Кейін түлектер сол жобаны компанияларға ұсына алады. Осылайша олар болашақта үлкен жобаны жүзеге асыруда қажет тәжірибені жинайды. Сонымен қатар сабақтардың 40%-ін практикаға арнап отырмыз. Семестр бойы мұғалім үйреткенді олар емтихан тапсырудың орнына жоба ретінде қорғауы керек.

Халықаралық IT университеті
Қабылдау комиссиясы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Арман Кемежанов есептеу техникасы мен программа жасау мамандығында оқиды. Биыл ол 4-курсқа өтті. Қазір Монғолияда болатын конкурсқа дайындалып жүр. Оның студенттер командасы асықты көтеріп, лақтыра алатын робот құрастырып жатыр.

— Қазір ABU robocon халықаралық робот техникасы конкурсына дайындалып жатырмыз. Қазақстанның атынан біздің университеттің студенттері бұл байқауға 2012 жылдан бері қатысып келеді. Жарыс өткен жылы Вьетнамда өтсе, биыл біз Монғолияға барамыз. Роботты байқаудың шартына қарай құрастырылып жатырмыз. Тапсырма бойынша біз асықты көтеріп, лақтыратын робот дайындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, робот асықты өзі ойнайды. Екінші робот төртаяқты, жүретін болуы қажет. Жақын күндері роботты Монғолияға жібереміз, өзге мемлекеттермен жарысамыз. ABU robocon халықаралық байқауында дәл осы тапсырманы бірінші орындаған студенттер жеңеді.

IT университетінің студенттері қалауына қарай Робот техникасы лабораториясында дайындалады. Жарты жыл сайын студенттер арасында іріктеу болып, робот техникасы бөліміне қабылданады. Робот жасаудың басқа бөлімдердің жұмысынан ешқандай қиындығы жоқ. Тек аздап тәжірибең болса, жеткілікті. Қазір роботтар автоматизацияда және гаджеттерді құрастыруда қажет. Негізі роботтар аса сұраныста емес. Себебі олардың мүмкіндігі шектеулі, барлық қызметті ұсына алмайды.

Арман Кемежанов
Арман Кемежанов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Болашақта қай салада жұмыс істегің келеді?

— Робот техникасымен мектеп кезінен таныспын. Арнайы байқауларға қатысып көріп, содан кейін IT университетіне келдім. Университетім маған керек мүмкіндіктің бәрін берді. Қазір мен өз командамда инженермін. Бірақ оқуды бітіргеннен кейін де робот техникасымен айналысамын дей алмаймын. Бүгінде жаңа идея іздеп жүрмін.