Биыл магистратураға түсу емтиханын тұңғыш рет Ұлттық тестілеу орталығы өткізді. Бұған дейін оны жоғары оқу орындары өткізіп келген еді.

Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұловтың хабарлауынша, Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №600 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына 2019 жылғы 12 тамыздағы №358 бұйрық бойынша өзгеріс енгізілді. 

Енгізілген өзгеріс бойынша

қазақ немесе орыс тілінде оқытылатын магистратураға тұлғаларды ақылы негізде қабылдау кешенді тестілеу қорытындылары бойынша кемінде 50 балл, соның ішінде: шет тілі бойынша кемінде 25 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бір дұрыс жауап таңдау арқылы кемінде 7 балл, бір немесе бірнеше дұрыс жауап таңдау арқылы кемінде 7 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша кемінде 7 балл жинаған жағдайда жүзеге асырылады. 

— ағылшын тілінде оқытылатын магистратураға тұлғаларды ақылы негізде қабылдау кешенді тест қорытындылары бойынша кемінде 25 балл, соның ішінде оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бір дұрыс жауап таңдау арқылы кемінде 7 балл, бір немесе бірнеше дұрыс жауап таңдау арқылы кемінде 7 балл жинаған жағдайда жүзеге асырылады.

— шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының тобы бойынша магистратураға ақылы негізде қабылдау кешенді тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша шығармашылық емтихандардың нәтижелері бойынша кемінде 50 балл, соның ішінде: шет тілінен кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тестіден кемінде 7 балл және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша әр шығармашылық емтиханнан кемінде 7 балл жинаған жағдайда жүзеге асырылады

Мемлекеттік білім гранты бойынша білім алу үшін кешенді тест және шығармашылық емтихандар бойынша

1) қазақ немесе орыс тілінде оқытылатын ғылымипедагогикалық және бейінді магистратура үшін, оның ішінде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының тобы үшін кемінде 75 балл, соның ішінде: шет тілінен 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тестіден кемінде 7 балл және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша бірінші пәннен кемінде 7 балл, екінші пәннен кемінде 7 балл жинаған талапкерлер,

2) ағылшын тілінде оқытылатын магистратура үшін кемінде 50 балл жинаған, соның ішінде оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бір дұрыс жауап таңдау бойынша кемінде 7 балл, бір немесе бірнеше дұрыс жауап таңдау бойынша кемінде 7 балл жинаған талапкерлер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алады.

Сонымен бірге Ұлттық тестілеу орталығы мамандарынан мемлекеттік гранттар игерілмей қалған жағдайда оның қалай берілетінін де сұрадық.

Игерілмей қалған грантты анықтау ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне жатады. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы N58 қаулысымен бекітілген «Бакалавр немесе магистр дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларымен» реттеледі, — деп жауап берді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 15 тамызға дейін тестілеу тәртібін бұзғаны және емтиханда тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін 820 талапкердің тестілеу нәтижесі жойылған. 31 талапкер емтиханға өз орнына бөгде адамды кіргізуге әрекет жасаған. Тестілеуге кіргізу және тестілеу өткізу барысында тыйым салынған барлығы 17 338 зат тәркіленді.  

Айта кетейік, биыл магистратурада оқуға 13 484 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Оның ішінде ғылыми-педагогикалық магистратураға 12 984, ағылшын тілінде оқытылатын бейінді магистратураға 500 грант беріліп отыр. Грант иегерлерінің тізімі 27 тамызға дейін БАҚ-та жарияланады.

Бұған дейін магистратураға түсу үшін негізгі грантпен бірге жекелеген жоғары оқу орындарына квоталанған грант берілетіні хабарланған еді. Магистратураға тапсырушы өтініште бір білім беру бағдарламасының тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.