Елімізде магистратураға құжат тапсыру аяқталды. Талапкерлер Кешенді тест тапсыруға дайындалып жатыр. Жыл басында Білім және ғылым вице-министрі болған Асхат Аймағамбетов биыл магистратура мен докторантураға түсудің ережесі өзгеретінін мәлімдеген еді.

Магистратура гранты бірыңғай емтиханның нәтижесінде тағайындалады. Бұған дейін грант жоғары оқу орындарына берілетін. Олар тапсырмаларды өздері дайындап, емтихан өткізетін. Кімді қабылдап-қабылдамайтыны да өз билігінде еді. Енді GMAT форматындағы бірыңғай емтихан өткізілмек, яғни талапкер Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін Кешенді тест тапсыруға міндетті, — деді Асхат Аймағамбетов.

Емтиханнан жоғары балл жинаған талапкер грантқа ие болып, оқу орнын өзі таңдайды. Бұл грант тағайындаудағы ашықтық пен айқындық үшін керек. Сонымен қатар жоғары оқу орындары арасындағы бәсекені арттырады.

Қазақ немесе орыс тілінде оқытылатын магистратура

2019 жылы магистрлерді даярлауға арналған грант бакалавриаттағыдай конкурс негізінде тағайындалады. Талапкер қазақ немесе орыс тілінде оқытылатын магистратураға түсуі үшін үш бөлімнен тұратын Кешенді тест тапсыруы керек:

  • шеті тілдері бойынша тест (таңдауы бойынша ағылшын, неміс, француз тілінде). Тапсырмалар саны — 50. Әр сұрақта дұрыс жауап саны — біреу;
  • оқуға дайындығын анықтайтын тест (таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілінде). Барлығы — 30 тапсырма, оның ішінде сыни ойлау — 15, аналитикалық ойлау — 15. Әр сұрақта дұрыс жауап саны — біреу.
  • білім беру бағдарламаларының бейіні бойынша тест. Барлығы — 50 тапсырма, оның ішінде бірінші пән бойынша 30 тапсырма беріледі. Әр сұрақта дұрыс жауап саны — біреу. Ал екінші пән бойынша 20 тапсырма беріледі. Әр сұрақта дұрыс жауап саны — біреу немесе бірнешеу.

Осы үш бөлімнің тапсырмасын орындауға берілетін уақыт — 3 сағат 55 минут. Ең жоғары балл — 150. Бұл топтағылар грантқа үміткер болуы үшін кемінде 75 балл жинауы керек. Оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтайтын тест бойынша кемінде 15 балл, ал білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тестіден бірінші пән бойынша кемінде 15 балл, екінші пән бойынша кемінде 20 балл жинаған жағдайда гранттан үміттенуге болады.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша магистратураға тапсырушы да Кешенді тестіні осы үлгіде тапсырады. Бұл топқа жататын тұлға кемінде 74 балл жинауы керек. Оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтайтын тест бойынша кемінде 15 балл және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша әр шығармашылық емтиханнан кемінде 17 балл жинағанда конкурсқа түсе алады.

Оқуға дайындығын анықтайтын тест дегеніміз не?

Кешенді тестінің оқуға дайындығын анықтайтын бөлімі талапкердің магистратура бағдарламасы бойынша оқу қабілеті деңгейін анықтайды. Тест сыни ойлау және аналитикалық ойлау деген екі бөлімнен тұрады.

Сыни ойлау бөлімінің тапсырмалары сыни тұрғыдан ойлау, математиканың жеңіл есебін шешу, графика және кесте түріндегі ақпаратты талдап, түсіндіру, түрлі ақпаратты шоғырландыру қабілетін тексеруге бағытталған. Сыни ойлауға арналған тестілерді бағалау 6-класқа дейінгі математика есептері негізінде жасалады. Мысалы:

Топтағы балаларға бірдей мөлшерде 90 қарындаш пен 60 қалам таратылған болса, топтағы бала саны қанша?

A) 6

B) 30

C) 59

D) 26

E) 25

Аналитикалық ойлау бөлімінің тапсырмалары академиялық және күрделілігі әртүрлі ғылыми-танымдық мәтінді түсініп, талдау, мәтіннің негізгі ойын анықтау, себеп-салдар байланысын, жасырылған заңдылықты табу қабілетін тексеруге бағытталған. Мысалы:

Сөйлемді мағынасына сай толықтырыңыз: «Ғылымды үйренгенде … мақсатпен білмек үшін үйренбек керек».

A) таза

B) ілім

C) ақиқат

D) білім

E) негізінде.

Ұлттық тестілеу орталығының Тestcenter.kz сайтында «Докторантура мен магистратураға түсушілерге» бөлімінде ОДАТ-тың үлгі тапсырмаларымен танысуға болады.

Магистратура
Иллюстрация: new.law.asu.ru

Ағылшын тілінде оқытылатын магистратура

Талапкер екі бөлімнен тұратын Кешенді тест тапсырады. Бірақ ол қазақ немесе орыс тілінде оқитын талапкерге міндетті шетел тілі бойынша тест тапсырмайды. Қалған екі тапсырмасы бірдей. Сонда барлық тапсырма саны — 80. Оны орындауға 2 сағат 40 минут беріледі. Ең жоғары балл — 100. Бұл топтағы тұлғаға магистратураға түсуі үшін кемінде 25 балл жинауы керек. Оның ішінде оқуға дайындығын анықтайтын тест бойынша кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша бірінші пәннен кемінде 8 балл, екінші пәннен кемінде 10 балл жинауы тиіс.

Ал Кешенді тест және/немесе шығармашылық емтихандардың жиынтығы бойынша ең жоғары балл жинаған тұлғалар конкурс негізінде қабылданады. Қазақ немесе орыс тілінде оқытылатын ғылыми-педагогикалық және бейінді магистратура үшін, оның ішінде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының тобы үшін кемінде 100 балл жинау керек. Ағылшын тілінде оқығысы келетін талапкер кемінде 60 балл жинауы қажет.

Грант саны қанша?

Қазір Білім және ғылым министрлігі Үлгілік қағидаларға шекті балды төмендетуге қатысты өзгеріс енгізіп жатыр.

Конкурс грантымен бірге жекелеген жоғары оқу орындарына квоталанған грант беріледі. Магистратураға тапсырушы өтініште бір білім беру бағдарламасының тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Биыл магистратурада оқуға 13 484 мемлекеттік білім беру гранты бөлінген. Оның ішінде ғылыми педагогикалық магистратураға 12 984, ағылшын тілінде оқытылатын бейінді магистратураға 500 грант беріліп отыр.

Кешенді тест 8-16 тамыз аралығында өтеді. Грант иегерлерінің тізімі 27 тамызға дейін БАҚ-та жарияланады.