Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығының басшысы болып тағайындалды

Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығының басшысы қызметін атқарушы болып тағайындалды.

Біз Ұлттық тестілеу орталығының басшылығына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс атқарған Дидар Смағұловты қызметке шақырдық. Дидар Смағұлов осы қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарып, Орталықтың тек заңнамаға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жұмысын алға сүйреп шығады деп сенім білдіремін, — деп жазды министр Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында.

Ұлттық тестілеу орталығының жаңа басшысы Facebook желісіндегі парақшасында орталық назарын талап ететін деректер туралы хабарлауды өтінген жазба қалдырды.

Еске салайық, Тестілеу орталығының бұрынғы басшысы Рамазан Әлімқұлов қамауға алынған. Экс-директор делдал арқылы «жүйелі түрде аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген.

6 маусымда білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның ұсталғаны белгілі болды. Ол 6 тамызға дейін қамауда болады. Оған пара алу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Айта кетейік, бүгін — ҰБТ-ның екінші күні. Биыл ҰБТ-ға барлығы 117 242 талапкер қатысады, оның 96 мыңнан астамы — биыл мектеп бітіргендер.