— Асылан, қазіргі балалар оқитын өлең қандай болуы керек? Сұхбатты осыдан бастасақ.

— Баланың әлемі өте таза. Оның психологиясын, тілін түсіну қиын. Балаға өлең жазу үшін өтірік айтпау керек. Болып жатқан жағдайды көркемдеп, өзі сүйсініп оқитындай жазу қажет. Кішкентай кезімізде не нәрсе оқысақ, соған сендік. Кейіпкердің тағдырына қуанып, бірге мұңайдық. Мысалы, Алматы туралы өлең оқысақ, осы қалаға келуді армандадық. Сол кезде оқыған өлең авторлары бізді алдамады. Сондықтан біз де осы таза әлемде жүргендіктен оқырманға өтірік айтпауымыз керек. Балалар әдебиетін зерттеп оқысақ, әртүрлі формада еңбектенген — Жарасқан Әбдіраш. Балаға кітап оқытудың тиімді формуласы ол — өлеңді жан-жақты түрлендіріп беру. Балалар оқитын өлең жазу үшін көп ізденіс қажет. Ересектерге арналған көркем әдебиетте қардың жауғанын жай ғана суреттеп жазуға болады. Балаға оны ерекше әсерлей жазу керек. Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Апаң сенің базардан» деп басталатын өлеңін бәріміз жатқа білеміз. Бізге қазір баланы қызықтырып, тәрбиелейтін осындай өлең керек.

Балаға арналған өлеңде ақыл айтпау керек. Марат Қабанбаевтың бір сөзі бар еді: «Ақыл айтатын дидактиканы оқыған бала сақалы бар кішкентай данышпан болып шығады». Балаға ақыл айтпайтын, оны қызықтыратын туындылар керек.

Өзіме Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Үшінші кластың жетекшісі» деген шығармасы қатты ұнайды. Қанша оқысам да, жалықпаймын. Ал Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесін оқыған әр адам бітпесе екен деп ішінен тілеп отырады. Балаға да бітпей, жалғасы болса екен деп отыратын шығарма жазу қажет.

2012 жылы балалар басылымына жұмысқа орналастым. «Ұлан» газеті, «Ақ желкен»  журналының әр санына балаларға арнап жазатын авторларды табу қиын болатын еді. Бұрынғы авторларды қайта-қайта жариялай беру оқырманды жалықтырады. Кез келген басылым жаңалық ашып, баланы қызықтырғысы келеді. Біз де жаңа есімдерді шығарып, оларды оқырман білсе екен дейміз. Алайда балаларға арнап жазып жүрген қаламгерлер аз. Содан балалар басылымында жұмыс істеп жүргендіктен өзім де жазып көрейін деп ниеттендім.

Асылан Тілеген
Асылан Тілеген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Баланы қызықтыратын өлеңді қалай жазасыз? Идея қайдан келеді?

— Жалпы, жазу үшін бірдеңе түрткі болады. Балаға өлең жазу үшін оның формасын анықтау қажет. Әр автор өзіне «Мұны бала оқи ма? Баланы қалай қызықтыруға болады?» деген сұрақ қойып, жауапкершілікпен ойланғаны дұрыс. Содан соң балаларға арнап өлең жазу үшін сол ортада жүру қажет. Қалада пәтердің ауласында ылғи балалар ойнап жүреді. Мен сол аулаға әдейі барып, балаларды бақылап, олардың айтқан сөзіне, ерке қылықтарына қарап отырамын. Тіпті, метрода немесе автобуста жанымда бала тұрса, соның әр қимылын бақылаймын. Кейде балалармен сөйлесіп, оларға әртүрлі сұрақ қоямын. Осы әрекеттермен мен олардың әлеміне еніп, неге қызығатынын білгім келеді. Балалармен сөйлесу барысында олардың ересектерден әлдеқайда ақылды екеніне көзім жетеді.

— Балаларға арналған «Ұлттық музейге экскурсия» өлеңдер топтамасы қалай жазылды?

— Бір жыл бұрын Nur Otan партиясы «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады. Соның ішінде «Балаларға арналған шығарма» номинациясына «Ұлттық музейге экскурсия» атты өлеңдер топтамасымен қатысып, жүлделі болдым. Байқаудың шарты бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қамтылып, баланың патриоттық сезімін оятатын шығарма қажет болды. Ойлана келе тарихи құндылықтардың музейде барын ескеріп, бала қызығатын өлең жазуды ұйғардым. Мысалы, музейге барғанда экскурсовод сізге музейдегі экспонаттарды таныстырады. Содан мен де гид болып, әр экспонатты өлеңмен сипаттап, балаларды қызықтырғым келді. Өлеңдер топтамасын бір ай көлемінде жаздым. Әрине, өлеңді бірден отыра салып жазбадым. Алдымен музейді өзім зерттедім. Өйткені бала өлеңді оқып, музейге барып сол экспонатты іздегенде ол жоқ болып шықса, мен өтірік айтқандай боламын. Ал балаға өтірік айтпау керек. Өлеңде бәрі қандай әдемі болса, шынайы өмірде де солай сақталғаны жөн. Музейдің тарихы, сыртқы көрінісі — бәрін-бәрін зерттеп, өлеңмен суреттеп, балаға түсінікті етіп жазу қажет болды.

Құлағыңа құй бәрін,
Көргендей боп дидарын.
— Мәшһүр Жүсіп шапаны,
— Домбырасы Динаның.

Құты болған талайдың,
Құтысы анау Абайдың.
Абылай хан шапанын
Қастерлім деп санай біл.

Жәдігері көп залдың,
Секілді анау ақжал құм.
Іші толған өлеңдей
Портфелі Мағжанның.

Замананың қиыны,
Жанның шер мен күйігі —
Мынау көрме сыр айтар
«Алашорда» ұйымы…

…Босап соғыс отынан,
Заман туды оқыған.
Ғарыш, тыңды игеру —
Көрсетіп тұр экран. 

(«Ұлттық музейге экскурсия» өлеңінен үзінді)

— Балалар әдебиетінде қандай тақырыптар жазылмай жүр?

— Жақында бір жазушы досыммен сөйлескенде оның «әр буын өз заманын жазуы керек» деген сөзіне ойланып қалдым. Шынында да әр буын өз заманын жазуы керек. Біз оқыған Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза шығармалары Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыл өмірі тақырыбында жазылған. Біз ол соғысты көрмесек те, авторлардың шығармасын оқу арқылы сол замандағы ауыл өмірінің қасіретін білеміз. Егер біз қазір өз заманымызды жазсақ, ол келер ұрпаққа қажет тарих болып қалады. Қазір оқырманның талғамы жоғары. Оған кез келген өлеңді ұсына алмайсың. Сондықтан авторға жан-жақты ізденіс қажет. Автор оқырманды емес, оқырман авторды іздейтіндей болуы керек.

Мұзафар Әлімбаев «Балдырған журналы — балалар әдебиетінің бас кітабы» деген. Журналға еңбегі жарияланған әр авторды балалар әдебиетінің өкілі деп айтуға болады. Қазіргі авторлар өзінің жеке өмірін жазады. Ол оқырманға қызық болмауы мүмкін. Әр адамның өмірі, балалық шағы әртүрлі ғой.

Қазіргі авторлар фантастика, мистика жанрында жазса деймін. Қазіргі заманғы танымдық әдебиет те жазылмай жүр. Мысалы, қазір балалар самокат тебеді, YouTube көреді. Сол туралы өлеңдер бізде жоқ. Журналға материал дайындау барысында бізге авторлар жетпейді. «Ақ желкен» журналында «Бастауыштың балалары» деген айдар бар. Соған Ретбек Мағаз есімді автор батырлар жыры негізінде «Ерлер мінген арғымақтар» деген өлең жазды. Жылқы десе, қазақ баласы рухтанады ғой. Сондықтан біз журнал шығару барысында автор іздеумен қатар оларға тақырып ұсынуға да мәжбүрміз. Журналда «Қорқынышты әңгіме» айдарын аштық, бірақ балаларға мистика жазатын авторлар, өкінішке қарай, жоқ.

Былтыр мақала жазу барысында режиссерлардан киноға қатысты пікір алдым. Сонда Данияр Саламаттың айтуынша, қазір балаларды қызықтыратын қаһарман жетпейді. Бұл — тек киноға қатысты емес, әдебиетте де өзекті проблема. Балалар әдебиетіне қазақы қаһарман керек. Біз бала кезімізде тау көтерген Толағайды көріп, тау көтермесек те, күші көп, намысшыл болуға тырыстық. Сол сияқты бала психологиясына әсер ететін кейіпкер керек.

Асылан Тілеген
Асылан Тілеген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Балалар басылымында кішкентай оқырманмен, кішкентай авторлармен қалай қарым-қатынас жасайсыздар?

— Бала деген өте қызық. Нөмірімді қайдан тауып алатынын білмеймін, таң демей, түн демей  WhatsApp-пен хабарласатындар бар. «Менің өлеңім қашан шығады, неге шықпай жатыр?» деп сұрақ қояды. Оларға «журнал ай сайын шығады, сол кезде өлеңің жарияланады» деп түсіндіреміз. Бәрін түсінгендей болса да, екі-үш күннен соң тағы жазады. Кез келген оқырманға құрметпен қарауға тырысамыз. Кейбіреулеріне жіберген мақаласы не өлеңі талапқа сай келмегендіктен жарияланбайтынын айтамыз. Электрон поштамызға көбіне бір ауданның кітапханасында өткен шаралар туралы материалдар жіберіледі. Журналға мақала ақылы шығады деп ойлайтындар бар. Мүлдем олай емес. Оқу жылының соңына қарай «Балам журналистикаға тапсырып жатыр, мақаласы шығуы керек» деп хабарласатын ата-ана көбейеді.

«Ұлан» газетіндегі «Жауқазын» айдарына келетін өлеңдердің редакторымын. Бала деп бетінен қақпай, жазуға деген ынтасы жойылмасын деп жүргенде кейбіреулер белгілі бір ақынның өлеңін көшіріп, өз атынан береді. Өлеңді оқығанда кімнің жазғаны белгілі болады. Өлеңнің бір жолын Google іздеу жүйесіне енгізгенде оның авторы, қай уақытта жазылғаны шығып тұрады. Біз балаларға бұлай істеуге болмайтынын айтып, түсіндіреміз. Дегенмен балалармен жұмыс істейтініме қуанамын. 1-2 жыл бұрын бір ата немересімен бірге редакцияға келіп, 12 беттік дәптерге жазылған өлеңдерін қалдырып кетті. Дәптерден «Аяз атаға» деген өлеңге көзім түсті. Бала Аяз атаға үйдегі жағдайын түсіндіріп, «несиемізді жауып берші» деп жазыпты. Міне, баланың әлемі сондай шынайы. Бірақ бір ескеретіні — баланың шығармашылығын ата-ана бақылауы керек. Электрон поштамызға келетін хаттардың 80%-і ана, туған жер, ұстаз, тәуелсіздік ұғымдары туралы жазылған. Ата-ана бұл өлеңдер баланың өз жүрегінен туды ма, әлде санадағы насихаттың салдары ма, соны анықтауы керек.

— Әңгімеңізге рақмет!