Мейіржан Жылқыбай – Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тумасы. Алматы технология университетінің инжиниринг және ақпарат технологиялары факультетінің түлегі. 2008 жылы оның “Тауға саяхат” әңгімелер топтамасы Дулат Исабековтің алғысөзімен жарық көрді. 2011 жылы “Қырық бірінші өтіріктің соңы” туындысы үшін халықаралық “Дарабоз” әдеби байқауында ынталандыру сыйлығын, 2015 жылы “Саяқ” әңгімесі үшін жүлделі 2-орын алды. 2017 жылы “Батыр қоян” ертегісі Оңтүстік Кореяда төрт тілге аударылып, басылып шықты. Жуырда жазушы “Тауға саяхат”, “Батыр қоян” кітаптарын көпшілікке таныстырады. 

“Батыр қоян” ертегісі қалай жазылды?

– Біздің түсінігімізде қоян қорқақ. Өмірде де қоян кейіптегі сужүрек адамдар бар. “Батыр қоян” ертегісіндегі түрлі кейіпкердің мінез-құлқы өмірдегі адамдардікіндей. Мысалы, қоян қорқақ, түлкі мен жылан ақылды, ал тиін ақылсыз әрі күлкілі болып сипатталған.

Бұл ертегі арқылы адам өз күшіне сенсе, мақсатына жете алатыны туралы жазғым келді. Ертегінің басты кейіпкері – қоян. Өзіне деген сенімге кездейсоқ ие болады. Содан кейін түлкі қояннан қашып кетеді. Ал қоян өзінің батырлығына сене бастайды. Сөйтіп қоян ормандағы ең батыр жануарға айналды.

Қазақстанның байтақ жерінде табиғаттың алуандығына сай түрлі жануар тіршілік етеді. Оның ішінде бұл ертегіге кейіпкер ретінде тек орманда ғана емес, қала ішінде кездестіруге болатын жануарларды да таңдап алдым. Алматыда тиін жиі кездеседі. Ал әл-Фараби атындағы университеттің аумағында түлкі бар. Біз тұрып жатқан планетаның барлық материгінде көп кездесетін жануарларды қолданып, бәріне жақын, бірақ мағынасы терең ертегі жазғым келді.

“Батыр қоян” ертегісі не себепті Оңтүстік Кореяда басылып шықты? 

– “Батыр қоян” суретті кітабы Оңтүстік Кореяның Азия мәдениет орталығының қолдауымен қазақ, орыс, корей және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Кітаптың суретшісі – Нам Соң Хун. Ертегі кейіпкерлерін бейнелеу үшін суретші зообаққа барып, қоян, тиін, түлкіні өз көзімен көрді. Өйткені әр елдің бір өзгешелігі болады. Кітаптағы жануарлардың түсі қатты қанық емес. Кореяда балалар кітапханасы мен иллюстраторлар музейіне барғанда байқағаным – кітаптардың жалпы суреттегі бояу қанық емес. Өйткені қанық түстер балаларды эпилепсия ауруына шалдықтырады екен. Сондықтан Кореяда солғын түстерді пайдаланады. Жалпы, олар кітаптағы суретке аса қатты мән береді. Егер балықшының суретін баскиімсіз қылып салса, кітапты баспа қабылдамайды. Себебі суретті көрген бала баскиім кимей, басынан күн өткізіп алуы мүмкін. Сонымен қатар “Достық” деген кітап назарымды аударды. Кітапты жазушы жазған, бірақ ішінде бірде-бір сөз жоқ. Кітаптағы суреттерге қарап, әңгіменің сюжетін түсінуге болады. Белгілі бір тілді білу де қажет емес. Кез келген бала суреттерге қарап автордың ойын түсінеді. Кішкентай кезімізде кітапты оқығаннан гөрі суретіне мән беруші едік қой. Қазір соны ескеріп, оқушы кезімде бастаған әңгіме-хикаяттарды топтастырып, “Тауға саяхат” атты кітабымды тағы шығарып жатырмын.

Мейіржан Жылқыбай
Мейіржан Жылқыбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

“Тауға саяхат” кітабының электрон нұсқасын интернеттен оқып едім. Бұл кітап қалай жазылды?

– 7-сыныпта көлік қағып кетіп, төрт ай ауруханада жаттым. Сол кезде анам көп кітап алып келді. Авторына қарамай, күні-түні балалар әдебиетін оқыдым. Содан бір күні қолыма Алан Милнның “Винни Пух” кітабы түсті. Қарап тұрсам, ертегінің асып бара жатқан сюжеті де жоқ, бірақ кейіпкерлері оқырманды қызықтырады. Әр кейіпкердің өзіндік мінезі, сүйкімі бар. Ертегіні оқып болған соң өзім де осыған ұқсас шығарма жазғым келді. “Тауға саяхат” әңгімесін жаздым. Шығармамның алғашқы оқырманы – анам. Әңгімемді анам құрбыларына, кейін мектептегі мұғалімдерге оқып берді. Дулат Исабековтің телевизиялық бағдарламада “Балалар әдебиетін жазып жатқан ешкім жоқ” дегенін естіген анам жазушының нөмірін тауып алып, хабарласты. Дулат Исабековпен кездесіп, әңгімемді оқып бердім. Жазушының алғысөзімен “Ақ желкен” журналына алғашқы шығармам жарияланды.

“Тауға саяхат” – әртүрлі жастағы балаларға арналған әңгімелер жинағы. Интернеттегі нұсқаны толықтырдым, суретші Айсұлу Алмасбаева әңгіме мазмұнына иллюстрация жасады. “Балалар кітап оқымайды” деп айта бергеннен гөрі оларға қызық жобаларды өзіміз қолға алғанымыз жөн. Бірақ балаларға арналған кітап шығару өте қиын. Қазір балалар өте талғампаз. Баланы кез келген кітаппен қызықтыра алмайсыз. Сондықтан кітаптағы сурет сапалы әрі көп болуы қажет. Кітаптың құны автордың еңбегін ақтамайды. Өйткені суретін, мұқабасын, қағазын бәрін есептеп сатылымға шығарғанда кітап кейбір ойыншықтан қымбат болып кетеді. Сондықтан оны әр адамның қалтасы да көтере бермейді.

ІТ маманы бола тұрып не себепті балалар әдебиетін таңдадыңыз?

– Ағаларым – ІТ саласында еңбек етіп жүрген мамандар. Өзім де бұл салаға кішкентай кезімнен жақын болдым. Бірақ мамандық таңдауға келгенде көп ойландым. Өйткені ол – болашақта жейтін наның. Мектеп бітіретін кезде әдебиет әлеміндегі әкем Дулат Исабековпен ақылдастым. Сол кезде жазушы маған “Сен еден жусаң да, арба итеріп, шахта қазсаң да, жазуға деген қабілет болса, жазушы болып қала бересің” деп ақыл айтты. Жазушы болу үшін диплом қажет емес. Содан кейін ІТ саласына бет бұрдым. Бірақ әдеби ортада жүріп, әдебиетпен ауырмаймын. Меніңше, мен әдебиетті емес, әдебиет мені таңдады. Жыл сайын өтетін әдеби байқауларға да қатысамын. Бірақ мен шығармаларды белгілі бір уақытта жазып бітіре алмаймын. Жылдам жазуға да тырыспаймын. Ұзақ уақыт жазсам да, кішкентай оқырманға сапалы әңгіме ұсынғым келеді.

Басты бір арманым бар. Ол қазақ әдебиетіндегі барлық ертегі кейіпкерін жинау. Мен бұл арманыма жақындау үшін талпынып та көрдім. Оның дәлелі – “Ертегілер елінде” атты шығармам. Онда Перінің қызы Бекторы біздің әлемге келіп, ноутбуктар ұрлап кетіп, ертегідегі батырларды компьютер ойынына тәуелді етеді. Енді ерлік жасайтын ешкім жоқ. Міне, өткен мен бүгінгі заманды тоғыстырып, балалардың әдеби талғамынан шыққым келеді. Қазір ерлік жасайтын ер азаматтар жоқтың қасы. Бәрі әлеуметтік желіде “батыр”. Осы мәселені негізге ала отырып, тәрбиелік мәні бар әңгіме жазғым келген.

Мейіржан Жылқыбай
“Батыр қоян” кітабы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Балалар әдебиетінде фантастика көп болуы қажет пе?

– Фантастика әдебиетке міндетті түрде керек. Осы жанрда жазуға тырысып көрдім. Бірақ фантастика қаншалықты қызық болса, соншалық қиын. Ең алғашқы программист Августа Ада Кинг Лавлейс жазушы болған. Ең бірінші компьютер пайда болғаннан 100 жыл бұрын программистер туралы шығарма жазған. Чех жазушысы Карель Чапектің “Р.У.Р” фантастикалық пьесасында “робот” сөзі алғаш рет пайдаланылған. Фантастика болмаса, ғылым болмайды, адам ештеңеге ұмтылмайды. Фантастикада оптимизм мен пессимизмнің ерекше орны бар. Оптимист ұшамын деп тікұшақты, пессимист құлаймын деп парашютты ойлап тапты. Фантастика – бұл бізді алға жетелеуші күш.

– Балалар мен жасөспірімдерге қандай топ-3 кітапты ұсынасыз?

– Марк Твеннің “Том Сойердің басынан кешкендері” кітабы бірлікке шақырады. Льюис Кэрроллдың “Алиса ғажайыптар елінде” кітабын оқыған бала Алисамен саяхаттайды. Ал жоғары класқа көшкенде Джек Лондонның “Мартин Иден” шығармасын оқыса, әдебиетке деген махаббаты оянады.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Мейіржан Жылқыбайдың “Тауға саяхат” кітабын Аgatay.kz сайты арқылы тапсырыс беріп, сатып алуға болады.