«Баяғыда Шымыр деген марғау болыпты. Ол өзге бауырларынан мүлдем өзгеше, жүнсіз, тап-тақыр, жып-жылтыр болып дүниеге келген. Шымыр қайда барса да, мазаққа ұшырайды. Тіпті, тышқандар да одан қорықпайды. Ол цирк жұлдызы болуды армандайды, таң атқаннан кеш батқанға дейін бұтақтан-бұтаққа секіріп, жаттығады. Ал оның ата-анасы «Аса биікке өрмелей берме, сен әлі кішкентайсың» деп тыйым салады. Бірақ Шымыр ешкімді тындамай жаттыға береді. Өйткені ол цирк артисі болуға осы жаттығулардың көмектесетінін біледі. Бір күні Шымыр өзі тұратын қалаға цирк келетінін естіп, қатты қуанады. Ол циркке жүгіріп келе жатып, Мамық деген марғауды кездестіреді. Мамық циркте өнер көрсетеді, ол қыдыруға шығып адасып кетеді, оған қоса саусағын да жаралап алады. Шымыр оны циркке жеткізеді. Бірақ Мамық қалай өнер көрсететінін білмей, қатты уайымдайды. Оның орнына Шымыр шығып, небір қиын трюкті орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленеді. Осылайша Шымырдың арманы орындалып, нағыз цирк артисіне айналады. Әлемді шарлап, атағы шартарапқа жайылады, ата-анасы, барлық досы оны мақтан тұтады».

Бұл — жазушы Джан Аманиидің «Шымыр атты марғау» ертегісінің сюжеті. Ертегі балаларға арманның орындалатынын, ол үшін тынбай еңбектену керек екенін түсіндіреді.

— Джан, балалар үшін қандай кейіпкер, образ жасайсыз? Шығармаларыңызды кішкентай оқырман қалай қабылдайды?

Фантастика — әдебиеттегі ең қиын жанр. Бірақ маған фантастиканы жазу оңайырақ. Осы күнге дейін балаларға арнап төрт кітап жаздым. Алдағы уақытта тағы да үш кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.

«Даниялдың ғажайып әлемі» — бұл алғашқы туындым. Мұндағы кейіпкер — менің ұлым. «Даниялдың ғажайып әлемі» кітабының жақында екінші бөлімі шығады. Ертегі балаларға қатты ұнады. Ол үш тілде жазылды. Қазақстандық балалардың ұғымына түсінікті, жанына жақын келетін ертегіде бүлдіршіндердің бойында туыстарына, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін оятады. Кітапта Асанәлі Әшімовтің суреті бейнеленген. Өзім Асанәлі Әшімовті қатты сыйлаймын, осындай актердың барына қуанамын. Сондықтан шығармада актердың бейнесі болғанын қаладым. Кітаптың соңында аудиодиск бар, оны бала кез келген уақытта тыңдай алады. Оны М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актерлары дыбыстады.

Джан Амани
Джан Амании. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Қызыл бәтеңкенің басынан кешкендері» ертегісі балаларға аяқкиімді таза ұстауға үйретеді. Шығармада иесіне өкпелеп, үйінен қашып кеткен қызыл бәтеңкенің басынан өткізген оқиғалары баяндалады. Ертегі мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Кішігірім аяқкиімдер қалашығында екі ағайынды бәтеңке өмір сүреді. Оң бәтеңке және Сол бәтеңке. Олардың түсі қып-қызыл. Бәтеңкенің иесі — Диас атты балақай. Ол көбіне Оң бәтеңкені барынша күтіп ұстайды, ал Сол бәтеңкені көп елей бермейді. Оған Сол бәтеңке өкпелеп қала береді. Ол бір күні «Қожайыннан қашып кетем бір күні. Ол мені туралы мүлдем ойламайды. Күтіп-баптап, тазаламайды. Тіпті, ит екеш ит — Ақтөс пен ерке мысық — Сырбаз да маған күн көрсетпейді. Мені тістелеп, қажап, мазамды алады. Не жазығым бар?» — деп ренжіп, үйден шығып кетеді. Ол көшеде адасып, көп нәрсені көреді. Осы кезде ол өз үйін, сыңарын сағынады. Бұл ертегі де кішкентай оқырманның көңілінен шықты. Олар осы ертегіні оқыған соң міндетті түрде аяқкиіміне күтім жасайды. Кей ата-ана баласының осы кітапты құшақтап жататынын айтты.

«Алуан түсті балықтар және Дария» ертегісі — жақсылық жауыздықты жеңіп, түбінде әділдік орнайтыны туралы. Бұрынғы өткен заманда жап-жасыл ну орман мен шексіз терең көк теңіздің жанында орналасқан кішкентай ғана ауылда Қали деген адам өмір сүреді. Оның Ділда атты сүйікті жары, Мансұр деген ұлы және Дария деген қызы болады. Қали күні бойы балық аулап, әйелі мен қызы үй шаруасымен айналысып, адал еңбектерімен бақытты өмір сүріп жатады. Күндердің күнінде Ділда қайтыс болады. Үнемі көңілді, ақжарқын жүретін Қалидің жүзінен жылылық, көзінен күлкі кетеді. Жұбанышын теңізден іздеп, таң атқаннан кеш батқанға дейін күнін сонда өткізеді. Әкелерінің қабырғасы қайысып, әбден құса болғанын көрген Мансұр мен Дария оның өз жұбын тауып, үйленгенін қалайды. Осылайша әкесі ауыл ұстасының Бедер деген қызына үйленеді. Бірақ Бедер қатыгез, долы, іші тар әйел болып шығады. Ол отбасының берекесін қашырып, жоқ жерден кінә іздейді. Дария бір күні теңіз жағасына барып, іштегі өкпе-назын шығарып жүреді. Теңіздегі балықтар Дарияны жұбатады. Бір күні ол жараланып қалған балықты көріп, суға түсіп, жарасын сипалап, жазып жібереді. Ал балықтар теңізден маржан тастарды жинап, оған сыйлайды. Мұны байқап қалған Бедер Дария мен Мансұрды үйден қуып шығады. Көп ұзамай мұны Белбек деген хан естіп, ұлдарына дереу Дарияны тауып әкелуге жарлық береді. Ханның кенже ұлы Ескендір әкесінің бұйрығын естіп, бейкүнә қызды құтқарғысы келеді. Ол Дарияға ғашық болып қалады. Осылайша екеуі бір-бірін ұнатып, қосылады. Жәнібек хан да баласының таңдауына қарсы шықпай, жастарға ақ батасын береді.

— Қазіргі жазушылар балаларды түсініп жүр ме? Балалар әдебиетіне қандай тақырыптар жетпейді?

— Менің ойымша, балаларға Қазақстан, туған жер, Отан тақырыбында көбірек жазып, оларға осындай дүниені көбірек ұсыну керек. Жақында ABAYbooks баспасы балаларға арнап «Сәлем, Қазақстан!» бояу кітаптарын ұсынды. Кітаптың презентациясына қонақ ретінде қатыстым. Маған қатты ұнады. Бұл — тамаша жұмыс. Балалар үшін осындай тақырыптағы дүниелерді көбірек өндіру керек. Олар Қазақстан туралы көп біліп, кейін шетелге оқуға немесе қыдырып барғанда міндетті түрде еліміз туралы айтып, мақтануы керек.

Балалар жазушысы болған соң шет тіліндегі кітаптарды да оқып тұрамын. Олар өз елі туралы тек жақсы нәрсені жазады, мақтайды. Мұны оқып өскен баланың туған жерге деген махаббаты сөзсіз оянып, онымен мақтанады. Сол себепті біздегі балалар жазушылары да Қазақстан туралы көбірек жазуы керек.

Джан Амани
Джан Амании. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Кітап жазуға шабытты қайдан аласыз? Идея қалай пайда болады?

— Баланы жақсы көрмесеңіз, оның психологиясын түсінбесеңіз, кітап та жаза алмайсыз. Жазушының балаға деген махаббаты таза, шексіз болуы керек. Өзім үш бала өсіріп отырмын. Олар менің кітап жазуға шабытымды оятады. Кітапты алғаш оқитын да — солар. Баланы жақсы көру — оның тәрбиесі мен өмірі үшін ауадай керек нәрсе. Ата-ана мұны ешқашан ұмытпауы керек. Егер бала ата-ананың, үйдегі үлкендердің сүйіспеншілігіне бөленсе, ол өз-өзіне сенімді болып өседі.

Шабыт — тылсым дүние. Оның қайдан келетінін болжап білмейсің. Ол үшін жазушы болып туу керек шығар. Бірақ өзге елде бұл кәсіпті арнайы оқытады екен. Бір күні телефонымды жоғалтып алдым. Хабарлассам, телефонды тауып алған адам оны қайтарғысы келетінін айтты. Шетелден келген қонақтар екен. Оларға алғысымды айтып, «Алуан түсті балықтар және Дария» деген кітапты сыйға бердім. Олар қуанып, қыздарының Швейцарияда жазушы мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтты. Мен сол кезде «Жазушы мамандығы бойынша оқуға бола ма?»  деп таңдандым. Бұл маған өте қызық естілді. Қазіргі уақытта жазушы болуды да үйрететіндер бар. Бірақ қанша дегенмен ол білім алып үйренетін нәрсе емес, адамның өзінде әдебиетке деген махаббат болуы керек деп ойлаймын.

Джан Амани
Джан Амании. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қазіргі балалар көркем әдебиетті аз оқиды деп ата-ана да, мұғалім де айтады. Оған себеп те көп. Сіздің ойыңызша, басты себебі не?

— Бала көп уақытын телефон мен компьютерде өткізетін болса, онда үйде оған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ деген сөз. Сол себепті ата-ана, үйдегі үлкендер балаға көңіл бөліп, оған кітап оқып беруі керек. Өзім балаларыммен бірге екі аптада бір рет кітап дүкеніне барып, түрлі көркем шығарма сатып аламыз. Қазір әлеуметтік желіде бизнес-тренингтердің жарнамасы көп. Менің ойымша, ата-анаға арналған тренингтер де көбірек өткізілуі керек.

Кенже ұлым Даниял дүниеге келгенде жазуға ниетім пайда болды. Өйткені балаға оқып беретін ертегі аз болды. Қазірдің өзінде қазақша кітаптар аз. Кітап жазуды бастамай тұрып психолог болып жұмыс істедім. Балалар психологы болған соң маған жазу қиынға соқпады. Өйткені баланың психологиясын жақсы түсінемін. Оларды не нәрсе қызықтыратынын, қандай түстерді ұнататынын білемін. Ертегілерімнің көлемі қысқа. Өйткені қазіргі балалар шағын шығармаларды оқығанды ұнатады. Бұрынғы балалар мен жасөспірімдер сияқты күнұзақ көлемді романдарды оқымайды, мәтіні ұзақ дүниелер оларды тез жалықтырады. Бірақ қысқа болғанымен мағыналы етіп жазғым келеді. Кітаптың иллюстрациясын салған дизайнерлер үнемі менің ойымнан шығып жүр. Бала кітапты қолына алғанда әуелі оның суретіне қарайды. Суреттері әдемі, анық болса, бала әрі қарай мәтінді оқи бастайды.

Ертегілерімді орыс, ағылшын, испан, француз тілдеріне аудардық. Бұл істі қолға алуымыздың себебі де жоқ емес. Дүниежүзінде қаншама қазақ тұрады. Олардың ертегіні түсініп оқып, мақтанғанын қаладық. Шығарманы шет тілдеріне тәржімалаған мамандардың барлығы — қазақстандық аудармашылар. Олар — әдебиетке, ғылымға жақын адамдар.

Джан Амани
Джан Амании. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Балалар жазушысы қандай проблемаларға жиі тап болады?

Кітап дүкендері балалар кітабына көбірек көңіл бөлсе, көркем туындылар бағасын арзандатса екен деймін. Қазір кітап дүкендерінің қоятын үстемақысы көп. Мемлекет те қолдау көрсетуі керек. Осы күнге дейін біраз мектепті аралап, балалармен кездесу өткіздік. Мектеп кітапханаларына кітапты тегін тараттық. Балалар қатты қызығады. Кітапты кезекке тұрып алатын көрінеді. Балаларға арнап кітап жазу, басып шығару, оны сату жазушыға ешқандай пайда әкелмейді. Бұл кәсіптің табыс көзі бола алмайтынын алғаш бастағанда-ақ түсінгенмін. Маған баспадағы қызметкерлер еңбектің қаншалықты қымбатқа түсетінін айтты. Бірақ бұл іспен айналысуды тоқтатқым келмейді.

— Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!