Атаулы күнге орай ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде «Қамалы бекем, халқы қайсар Отырар» атты көрме ашылды. Көрме Отырар мемлекеттік археология қорық-музейінің қор материалдары негізінде ұйымдастырылған. Орталық музейдегі археология орталығының жетекшісі Хамит Айтқұл бізге ондағы жәдігерлерді таныстырды.

Отырардың негізін қаңлылар қалауы мүмкін. Өйткені қаланың пайда болған уақытында қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағын осы тайпа мекендеген. Хамит Айтқұлдың айтуынша, орта ғасырларда қаланың дамығанын канализацияның, монша мен жылы еденнің бар-жоғынан білуге болады.

Отырарлықтар үй саларда еденнің асты мен қабырғаның ортасына түтін жүретін құбыр орнатқан. От жаққанда түтін құбырды бойлап сыртқа шыққан. Осылайша бір отпен тамақ та істеп, үйді де жылытып отырған. Қазіргі «жылы еден» сол кездің өзінде болған. Отырар III ғасырдан бастап протоқала ретінде қалыптаса бастады. XIX ғасырға дейін өмір сүрген. Қаланы зерттеу үшін 1969 жылы Кемел Ақышевтың жетекшілік етуімен археология экспедициясы құрылды. Қазақстанның археология мектебі де осы қаланы қазудан басталды деуге болады. Өмірін археологияға арнаған көп зерттеуші осы мектептен өтті, — дейді Хамит Айтқұл.

Көрме ІІІ-VIII ғасырлардан бастап Отырардың қайта бой көтеру дәуірін қамтитын төрт бөлімнен тұрады.

тұғыр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тұғыр. Қыш күйдіретін пештің ішіне қышты топтап салған. Бір-біріне жабысып қалмас үшін арасына осындай үшбұрышты тұғыр қойып отырған. Құмырашының құралын ыдыстың түбін тегістеу үшін пайдаланған. Қыш ыдыс икемге келіп тұрған кезінде түбін осы құралмен ұрып жалпайтқан. Политраларға түрлі бояуларды құйып, қыштың сыртын бояған. Суретшілердің аквареліне ұқсайды.

Алтарь бөлігі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алтарь бөлігі. Негізі төртбұрышты болады. Ошақ секілді бір шетіне от жағып, үстіне аяқ қойып отырады. Сонда аяқты бірқалыпты жылытады. Қыштан жасалған ыдыс қақпағының тұтқасын қошқармүйіз сияқты жануар мүшесіне ұқсатып жасаған. Қошқармүйіз шексіздік ұғымын білдіреді. Осы ыдыстан тамақ ішкен отбасының мал басы шексіз көбейсін деген сенім болған.

Шыны ыдыс
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Шыны ыдыс. Отырардың дамыған уақытында шыны жасайтын ұстаханалар пайда болған. IX-XII ғасырларда қала өзін шынымен толық қамтамасыз ете алған. Шыны ұстаханалары қаладан алшақ, Сырдария бойында орналасқан. Шыны шикізат болғандықтан тез бұзылады. Қалаға келем дегенше балшық кеуіп, құрамындағы минералдар жойылып кетеді. Қыштан жасалған затты күнделікті пайдаланатын ыдыс ретінде және қоныс тұрғызуға пайдаланған. Ал шынының ыдыстары қонақтың дастарханына қойылған. Әрі терезеге, қабырғаны әсемдеу үшін және медицина саласында қолданған.

Хамит Айтқұл
Хамит Айтқұл. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

2003 жылы Отырар маңындағы Құйрықтөбені қаздық. Бадыраттың орнын таптық. Бадырат — қоқыс төгетін шұңқыр. Оны қала қабырғасының үстінен тесіп жасайды. Қабырғаның қалыңдығы шамамен 1,5 метрдей болады. Біздің жақта оны дуал дейді. Дуал берік әрі биік болғандықтан оны ойып, қоқысты соның ішіне төккен. Жыл сайын қоқыстың үстіне 5 сантиметр қалыңдықта күл төгіп тастайтын болған. Күл қоқыстың иісін шығармайды. Сол жерден жүзімнің сүйектері мен иіссу құйып қоятын ыдысқа ұқсас шыны таптық. Жүзімді көргендер қалада шарап өндіріпті деп ойлайды. Олай емес. Жүзімнің сүйегін езгенде май шығады. Оны парфюмерия саласында иісі ұзақ сақталу үшін иіссуға қосқан. Қазір айтып жүрген қалдықсыз өнім дегеніміз — сол, — дейді археолог.

Құмыра бөліктері
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Құмыра бөліктері. Құмырадағы кірес басқа діни көзқарасты білдірмейді. Бұл — қола дәуірінен бар түсінік. Дүниенің төрт бұрышы дегенді білдіреді. «Төрт құбылаң тең болсын!» деген тілек те осы ұғымға саяды.

Майшамдар
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Майшам. Хамит Айтқұлдың айтуынша, 90-жылдарға дейін ауылдарда осындай майшам қолданылған. Қойдың құйрықмайын қазанға қуырады. Алынған сұйық майға мақтаны малып, майшамға салады. Бір ұшын аузынан шығарып қойып, сол жерден тұтатқан. Майшамның тұмсығы қарайып тұратыны содан. Құйрықмайға малынған мақта ұзақ уақыт өшпей жанып тұратын болған.

Шығыр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Шығыр. Ағаштан шеңбер жасап, өзеннің түрлі ағысына орнатады. Шеңбердің бойына шығырларды қаз-қатар бекітіп тастайды. Өзеннің жанына дейін егіске апаратын су құлағын қазып қояды. Шеңберді айналдырғанда шығыр өзенге батып, су толтырып шығады. Оны құлаққа барып төгеді. Егіске суды осылай тартқан.

Сфераконустар
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сфераконустар. Сынап сияқты қауіпті сұйық металдар осы ыдысқа құйылған. Сфераконус қыштан жасалған.

Қыштан жасалған ыдысты, қыштан қаланған ғимараттың сыртын әрлеу IX ғасырда басталған. XI-XII ғасырларда қоңыр, қара түстер пайдаланылған. Исламның келуіне байланысты көк, жасыл түстер қолданысқа енді. Адам мен аңның суреті доғарылып, орнына өсімдік пен арабша жазулар келді. Мына түстерді үстінен боямаған. Топырақтан аршып алғанда осындай болатын. Сол заманнан қалған бояу өшпейді. Оның құпиясын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Біздің елде осы бояудың неден жасалғанын анықтап, химиялық құрамын зерттейтін институт жоқ, — дейді Хамит Айтқұл.

Отырар қамалының айналасында халық Пышақшытөбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Бесіктөбе, Күйікмардан деп атайтын төбелер бар. Ел аузында халық Пышақшытөбеде қару-жарақ өндіргені, Алтынтөбеден алтын қазғаны туралы сынды аңыздар бар. Шын мәнінде солай ма?

Бұл төбелер — кішігірім қамалдар. Құйрықтөбені төбесінен қарағанда қойдың құйрығына ұқсайтындықтан солай атаған. Ал Күйікмардан кезінде өртенген. Отырар ауданында Арыстанды-Қарабасты деген жел бар. Бір тұрғанда апталап соғады. Сол жел тұрғанда шөбі қураған төбе өртенеді. Содан қарайып тұрады. Сол себепті халық Күйікмардан немесе Қоңыртөбе деп атап кеткен, — деп жауап берді археолог.

Көрмені Орталық музейден 1 қыркүйекке дейін тамашалауға болады.