«Ұлы Отан соғысы» атауын қолдану дұрыс па?

Екінші дүниежүзілік соғыс әр елде түрліше аталады. Ағылшынша Great Patriotic War, немісше Großer Vaterländischer Krieg, кейбір автор «Екінші дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы» деген сөз тіркесін қолданады. Бұл Германия қолданған «Шығыс майдан» деген ұғымға жақын. Ал «Ұлы Отан соғысы» ұғымы 1941 жылы 3 шілдеде Иосиф Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін пайда болды. Сталин «ұлы» және «Отан» деген сөздерді бөлек-бөлек, бір-бірімен байланыстырмай қолданды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың айтуынша, тарихтың жеті міндеті бар. Олар: білім, ғылым, тағылым, тәрбие, саясат, идеология және болашақ. Қазіргі Қазақстан тарихы үшін «Ұлы Отан соғысы» атауы ғылыми маңызынан гөрі саяси астары көп мәселе болып тұр.

Берекет Кәрібаев
Берекет Кәрібаев. Фото: Kaznu.kz

«70 жылдан астам уақыт «Ұлы Отан соғысы» болып келді. Дүниежүзі тарихында мұны әртүрлі атайды. Еуропада «Шығыс майданы» десе, неміс тарихында «Герман-Кеңес майданы» деген атау қолданылады. Бұл соғысқа 60-тан аса ел қатысты, айналып келгенде Екінші дүниежүзілік соғыс екені белгілі. «Ұлы Отан соғысы» — Кеңес Одағы берген ресми атау. Ал қазір Кеңес Одағы жоқ. Өкінішке қарай, жеңісті Ресей жекешелендіріп алды. «КСРО-ның тікелей мұрагерімін» деп оның қарызын да төледі, сырттағы байлығын да иемденді. Қазақ қоғамында бұл сұрақ ішкі дау-дамайды тудырады, бұл заңды. Ғалымдардың кейбірі, көзі ашық азаматтар да интернет арқылы посткеңестік елдердегі, әлемдегі жағдайды қадағалап отыр. Осы сұраққа әлемдік өркениет тұрғысынан жауап бергісі де келеді. Кейбір зиялы қауым мемлекетпен байланысты. Олар елдің саяси идеологиясы тұрғысынан қарайды. Бұл — өтпелі кезеңде болатын заңдылық. Жеңіс — бұрынғы кеңес халқының жеңісі. Егер Ресей оны неғұрлым өзіне қарай тарта беретін болса, басқа республикалар оған «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп қарауы мүмкін», — дейді Берекет Кәрібаев.

Тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікірінше, біздің ел ескі стереотиптерден құтылып, «Екінші дүниежүзілік соғыс» атауын қолдануы керек.

Әзімбай Ғали
Әзімбай Ғали. Фото: Zonakz.net

«Барлық атаудың негізі ғылым болуы керек. Химия, физика, Қазақстан тарихы да — ғылым. Сонымен бірге идеологиялық туындамалар да болады. Мысалы, біз отар болдық, қазір отар емеспіз деген сияқты. Отаршылдық экономика деген ұғым да болды. Біз отаршылдық кезеңнен өттік. Ол 1731 жылдан бастап, 1991 жылға дейін жалғасты. Кеңес дәуірінде отаршылдық басқа сипат алды, коммунистер диктатурасы басталды. Бұрын Патша үкіметі, содан кейін аз уақыт Уақытша үкімет, Алашорданың егемендік үшін соғысы, Азамат соғысы (бұл атау да дұрыс емес, азамат соғысы — тап күресінің белгісі. Бұл — іс жүзінде ұлт-азаттық қозғалыс), ар жағында Алашорданың бастауымен болған көтеріліс — бірақ соңында қызылдар жеңіп кетті. Содан бері қызыл диктатура 1991 жылға дейін жалғасты. Егемендік алдық, бірақ біздің ел коммунизм жүйесінен, стереотиптерден бірден құтыла алған жоқ. Десе де, бізге де ол соғысты «Екінші дүниежүзілік соғыс», «Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақстандықтардың қатысуы» деп атау қажет. Қазақстандықтардың бұл соғысқа қатысуы — прогрессив жағдай, әлемдік фашизммен соғысу. Біз саяси егемендік алдық та, руханият егемендігін ала алмадық. Отаршылдықтан құтылдық, бірақ экономикамыз да бірден егемен бола алмады. Коммунистік сана ұзақ сақталды. Біздің элита жағдайды сезді, мүддесіне сәйкестендірді. Өйткені коммунистік идеологияны жақтасаң, нарық қозғалмайды, дамымайды. Сондықтан олар жекеменшікті заңдастыру үшін коммунистік идеологиядан бас тартты. Біз енді стереотиптерден арылуымыз керек. Бұл қарапайым қазаққа да, билеуші класқа да керек. Өйткені олардың артында консерватив отаршылдық идея тұр», — дейді Әзімбай Ғали.

Фото: History.kz

Соғыс Қазақстан аумағын да шарпығаны неге айтылмайды?

Әзімбай Ғалидің айтуынша, жау әскері бірнеше рет Орал облысы аумағын бомбалағаны, авиация пулеметімен атқылағаны туралы тарихи деректер бар, бірақ Қазақстанның тыл ретінде жеңіске қосқан зор үлесін зерттеу маңыздырақ.

Тыл болса да, халқы «жатып алмады», Кеңестің басқа елдері қалай қырылса, солай қырылды. Біздің ел аштықты сезінсе де, ішпей-жемей бәрін майданға жіберді. Балалары да соғысқа қатысты, тылда болса да, жанкештілік, батырлық көрсетті, — дейді ол.

Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Қазақстанның кей аймағы «Майданға іргелес аудандар» деген статус алған, бірақ осы дерек құпия болмаса да, көп айтылмай келеді.

Қазақстан сияқты сенімді тыл болмаса, майданда жеңу қиын еді. 1939 жылы Одақта өндірілетін қорғасынның 89%-і Қазақстаннан шықты. Бұл — әр атылған 10 оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды деген сөз. Қазақстан қай жағынан болса да, майданның ең сенімді, мықты тылы бола білді. Екіншіден, 1942 жылы тамыз айында немістердің Сталинград ішінде шайқастар жүргізуіне байланысты Атырау, Орал облыстары «Майданға іргелес аудандар» деген статус алды. Бұл статус мәлімделсе, билік әскери комиссарлардың да қолына беріледі, яғни соғыс жағдайындағы ауданда билік әскерилердің қолына жартылай көшеді. Атырау, Орал облыстарында сондай статус қабылданды. Немістің десантурасы Нарын құмына, Атырау облысының аймақтарына мұнай қондырмаларын, теміржолды, әскери маңызы бар басқа да объектілерді жою үшін бірнеше рет түсірілді. Оның құрамында Түркістан легионындағы қазақ жігіттері де болған. Мұның бәрі тарихта бар, әлі де айтылмай жатыр. Нақты әскери қимылдар — танкі жүріп, жаяу әскерлер cоғысып, зеңбіректер оқ атпаса да, батыс өңірлерде соған жақындатылған жағдайлар болды. Бомбалағанда да көпір, зауыт, теміржолдарды нысанаға алды, — дейді тарихшы.

Түркістан легионына ресми көзқарас қандай болуы керек?

Иосиф Сталиннің соғыс кезінде «Бізде тұтқындар жоқ, болса, сатқындар ғана» деген сөзі бар. Гитлер Германиясының Орталық Азиядағы Кеңес Одағына қарсы көзқарастағы түркі халықтары өкілдерінен құрылған бөлімі — Түркістан легионына тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы неге өзгермей келеді? Олар Еуропа лагерьлерінен соң Кеңес Одағы түрмелерінде азапталды, тәуелсіздік жылдары да «Отанын сатқан» деген айыптан ақталмады, бүгінде легионерлердің бірі де қалмай өліп кетті.

Түркістан легионы
Түркістан легионының түркімен еріктілері. Франция, 1943 жыл

Тарихшы Берекет Кәрібаевтың пайымдауынша, Түркістан легионы Гитлер Германиясының қолшоқпары ретінде әрекет еткен соң ақталуына әлі ұзақ уақыт керек.

Бұл да бірінші сұрақтан туындайды. Егер Қазақстан бұл соғысқа Кеңес Одағының көзқарасымен қараса, сол кездегі фашизммен одақтастың бәрі әлі де жау болып есептеледі. Түркістан легионына қатысқандар, әрине, Гитлердің бағдарламасына сенді, бірақ жағдай олардың күткеніндей болмады. Қазіргі ресми биліктің саясаты тұрғысынан қарасақ, олар ұзақ уақыт бойы ақтала қоймайды, — дейді Берекет Кәрібаев.

Әзімбай Ғалидың пікірінше, Түркістан легионының әрекеті ақталмаса да, оларға объектив көзқарас қалыптастыру қажет.

Түркістан легионына үш түрлі көзқарас бар. Біріншіден, олар фашистік Германия жағында болды, фашистермен тіл табысты, бірақ олар айтарлықтай зауал келтіріп соғысқан жоқ. Олардікі — коллаборационизм. Екінші жағынан, ол кезде қазақтар отар болды. Сондықтан Түркістан легионында ұлт-азаттық идея болды. Үшіншіден, бұл — мәжбүрлік. Әр адамның өмір сүруге құқы бар. Тіпті, қылмыскердің де. Сол себепті Түркістан легионына объектив көзқарас қажет, — дейді Әзімбай Ғали.