Журналистер шабуылға ұшырағанда, өміріне қауіп төнгенде қалай әрекет етуі керек? New Reporter медиаресурсы Қазақстандағы Internews Network ұйымының заңгері Ольга Диденкомен бірге осындай жағдайларға арналған 15 түрлі кеңес берді. 

Журналиске шабуыл жасау және жұмысына кедергі келтіру

Мұндай әрекет әдетте журналистің әлдеқандай маңызды ақпаратты алуына, өндіруіне және таратуына тосқауыл қою мақсатымен жасалады. Өткір әлеуметтік мәселелерге, басқа да өзекті тақырыптарға арналған баспасөз мәслихаттарында, брифингілерде, бұқаралық шаралардан хабар тарату кезінде, төтенше оқиғалар кезінде журналист осындай жағдайларға дайын болуы керек.

1-кеңес. Журналист оқиғаның аудио немесе видеожазбасын жасауы керек. Бұл — деректі дәлел.

2-кеңес. Әріптесіне шабуыл жасалып жатқанын көрген журналист телефонмен фотоға не видеоға түсіруді тоқтатпай, ақпаратты редакцияға жолдап, әлеуметтік желілер арқылы таратуы керек.

3-кеңес. «112» нөміріне, адвокатқа және редакторға қоңырау шалу қажет. Редакцияда барлық журналистің медиамен ынтымақ жөніндегі келісімі бар адвокаты болуға тиіс.

4-кеңес. Шабуылға ұшыраған журналист адвокатымен бірге полицияға барып, қылмыстық іс қозғау туралы өтінішін тіркетуі керек. Дене жарақаты болса, оны емханаға барып, есепке алғызу қажет. Кәсіби техникаға нұқсан келген болса, бағалаушыларға көрсетіп, шығын мөлшерін есептету керек.

5-кеңес. Журналист адвокатымен бірге арызы бойынша қажет сараптамалар белгіленуін, барлық куәгерден жауап алынуын, басқа да қажет материал өндіріске қосылуын, сотқа дейінгі тергеу тоқталмауын және сотқа жетуін қадағалауы керек.

6-кеңес. PRESS деген жазуы бар жилет пен басқа да қауіпсіздік құралдары редакциядағы барлық журналисте болуы керек. Редакция куәлігі әрқашан журналистің қолында болғаны жөн. PRESS жазуы бар атаулы үлкен бейдж де артық болмайды.

Журналистің техникасын сындыру немесе тартып алу

7-кеңес. Шығын бағаланғаннан кейін қылмыстық іс шеңберінде техниканың өтемақысын талап ету керек немесе техниканы жөндеудің немесе сатып алудың шығынын талап ету туралы жеке арыз берілгені дұрыс.

8-кеңес. Редакция мүлкі мен журналистің жеке мүлкі тек сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тәркіленуі керек, адвокаттың қатысуымен тиісті хаттама толтырылуға тиіс.

Журналист пен оның жақындарына қауіп төндіру

9-кеңес. Әлдекім журналиске телефонмен, ауызша немесе жазбаша қоқан-лоқы көрсеткенде, қорқытып-үркіткенде полицияға адвокатпен бірге барып қылмыстық іс қозғау туралы арызды Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркету қажет. Өндіріс аяғына дейін, яғни сотқа дейін жетуі керек.

10-кеңес. Бір жаққа барғанда қауіпсіздік ережелерін сақтау керек, балаларды жабық әрі қауіпсіз нысандарға дейін бірге жеткізу керек, рульде сақ болған жөн. Арандатушы кез келген жерден тап беруі мүмкін.

11-кеңес. Қауіп тыйылмаса, журналист құқық қорғау органдарына жеке басы мен отбасын қорғауды талап етіп, арыздануы қажет.

Журналисті полицияға алып кету

12-кеңес. Журналист полицияға редакция куәлігін көрсетіп, «Журналистің тиісті куәлікпен табиғи апат ауданында, митингілер мен демонстрацияларда және басқа да наразылық шараларында жүруіне құқығы бар» екенін құқық қорғау органдары өкілдерінің есіне салу керек.

13-кеңес. Журналист мүмкіндік болғанда оқиғаны телефонға түсіруі немесе әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жасауы керек. Журналистің ұсталып жатқанын көргенде де камераны немесе диктофонды өшірмей, фотосуреттер түсіру керек, ақпаратты редакцияға жолдап, редакцияның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында таратқан дұрыс.

14-кеңес. Әуелі адвокатқа, кейін редакторға қоңырау шалу керек. Полиция адамды бөлімшеге үш сағаттан аспайтын уақыт ішінде жеткізуі керек екенін есте ұстаған абзал.

Журналисті адвокатсыз тергеу

15-кеңес. Журналист күтпеген шабуылға немесе басқа да жағдайға тап болғанда адвокат оқиға орнына келе алмай қалуы мүмкін немесе оның оқиға орнына келуіне, журналиспен кездесуіне рұқсат берілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда журналист кезекші адвокаттың келуін талап етіп, адвокатсыз қандай да бір әрекет жасаудан бас тартуы керек.