Конгода Эбола індетіне шалдыққандар саны 808 адамға жетіп, 192 науқас қаза болды. Ел билігі аурудың таралуын тежеу үшін эпидемияға қарсы шараларды күшейтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Конго Демократиялық Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде Эбола вирусын жұқтырғандар саны 808 адамға жеткен.
Жексенбі күні тағы 26 жаңа жағдай расталып, 11 адамның қайтыс болғаны тіркелген. Індеттен болатын өлім-жітім көрсеткіші 23,8%-ға жеткен. Қазір 363 науқас оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Сонымен қатар індет басталғалы бері 48 адам дерттен айығып шыққан, — делінген хабарламада.
Эпидемияға қарсы жұмыстар әсіресе Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында жүргізіліп жатыр.
Билік өкілдері 15 мамыр күні Эбола-Бундибугио вирусынан туындаған індеттің ресми түрде таралғанын жариялаған болатын. Мамандар Эбола вирусының жаңа ошақтарының пайда болуы халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын арттырып отырғанын айтады. Кейбір сарапшылар Африкадағы эпидемиологиялық жағдайды мұқият бақылау қажеттігін атап өтіп, мұндай індеттердің болашақтағы жаһандық денсаулық сақтау қатерлерінің белгісі болуы мүмкін екенін ескертіп жатыр.
Эбола – адамнан адамға жұғатын, геморрагиялық қызбаны тудыратын аса қауіпті вирустық ауру. Оның негізгі белгілеріне жоғары температура, әлсіздік, бұлшықет ауруы, құсу және қан кету жатады. Аурудың ауыр түрлері өлімге әкелуі мүмкін.
