Не болды?
Қазақстанда бірқатар азамат шипажайда тегін немесе жеңілдікпен емделе алады. Мұндай мүмкіндік зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға арналған. Сонымен қатар бұл ауыр сырқат пен отадан кейін оңалтудан өтетін азаматтарға қатысты. Baribar.kz тілшісі шипажайға мемлекет есебінен қалай баруға болатынын тарқатып жазып отыр.
Мәлімет
Мемлекет мына санаттағы тұлғаларды қолдайды:
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
- басқа мемлекет аумағындағы әскери операцияға қатысқан ардагерлер;
- тыл еңбекшілері;
- 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар;
- зейнеткерлер;
- мүгедектігі бар азаматтар.
Шипажайға жолдама алу тәртібі мен төлем шарты өңірге қарай өзгереді.
Астана мен Алматыдағы азаматтарға жолдама беру тәртібі
Астанада бұл бастама жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Мемлекет жасына қарай зейнетке шыққан жандардың жолдама құнының жартысынан көп сомасын өтейді. Көпшілік үшін жолдаманың 80%-ы, ал зейнетақысы аз азаматтар үшін 85%-ы төленеді.
14 күндік емдеу курсының орташа құны — шамамен, 385 мың теңге.
Зейнеткерлер негізінен Щучье-Бурабай курорт аймағындағы шипажайға, Қарағанды облысындағы «Балқаш» сауықтыру кешеніне және Түркістан облысындағы Сарыағаш шипажайына жіберіледі.
Жолдамаға өтінішті Birge.astana.kz порталынан беруге болады. Біреу жолдамадан бас тартса, босаған орын сайтқа бірден жарияланады.
Алматыда тегін жолдама тек Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектігі бар азаматтарға беріледі.
Жасына қарай зейнетке шыққан жанның табысы белгіленген шектен аспаса ғана еміне өтемақы ала алады. Биыл бұл өтемақыны алу үшін жан басына шаққандағы табыс үш ең төмен күнкөріс мөлшерінен (152 553 теңгеден) аспауы керек.
Өтінішті аудан әкімдігінен беруге болады. Арнайы комиссия өтініш берушінің тұрмыс жағдайын бағалап, шешім қабылдайды.
Шымкенттегі мүмкіндік
Шымкентте жыл сайын қала бюджетінен 5 500 ардагер мен зейнеткердің шипажайда демалуына қаржы бөлінеді. Барлық жолдама тегін. Зейнеткерлер мынадай төрт шипажайға бара алады:
- «Ақсу демі» шипажайы;
- «Күлпаршын» шипажайы;
- «Денсаулық» шипажайы;
- Жамбыл облысындағы «Айша бибі» шипажайы.
Қалада «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы да бар. Онда зейнеткерлерге 10 күндік сауықтыру курсы қарастырылған. Орталық жыл сайын үш мыңнан аса адам қабылдай алады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жолдама алу үшін Geo-shym.kz сайты арқылы кезекке тұру қажет.
Қарағандыдағы өтемақы жүйесі
Қарағандыда мемлекет есебінен шипажайға бару тәртібі басқа. Мұнда азамат алдымен жолдаманы өзі сатып алып, кейін мемлекеттен өтемақы алады.
Екінші жүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, олармен теңестірілген тұлғаларға және еңбек ардагерлеріне 100% жеңілдік қарастырылған. I топтағы мүгедектігі бар жаннның, 70 жастан асқан зейнеткер шығынының 70%-ы өтеледі. Емделушінің жүріп-тұруына көмектесетін азаматтарға да арнайы өтемақы қарастырылған.
Емнің бір күніне 22 580 теңге бекітілген. Азамат бірнеше санатқа бірдей сәйкес келсе, әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша тағайындалады. Барып-қайту жолақысын емделуші өзі төлейді.
Емделіп болған соң жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне шот есебін, түбіртек пен көрсетілген қызмет актісін тапсыру қажет.
Басқа аймақтағы азаматтар өтінішті қалай бере алады?
Өзге облыс тұрғындары шипажайда ем алу тәртібі мен қойылатын талаптарды нақтылау үшін әкімдікке немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Әр өңірде әлеуметтік көмектің мөлшері, оны алу шарттары мен құжат тізімі әртүрлі болуы мүмкін.
Ота мен сырқаттан оңалту мақсатындағы ем
Көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндік – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы оңалту шарасы. Инсульт, инфаркт, ауыр жарақат, буынға жасалған ота және басқа да күрделі аурудан кейін азаматтар тегін оңалтудан өте алады. Бұл қызмет стационарда, арнайы оңалту орталығында немесе шипажайда көрсетіледі. Жолдама алу үшін учаскелік дәрігерге хабарласып, медициналық құжаттарды рәсімдеу керек.
Контекст
Елімізде соғыс ардагерлерінің қанша зейнетақы алатынын мына жерден оқыңыз.
