Ақпарат агенттіктері немесе медиакомпаниялар әлеуметтік желіні ақпарат жинаудың көзі ретінде қарастырады. Ал әлеуметтік желіні қолдану барысында журналистер өздерінің онлайн пікірлері, твиттері немесе посттары үшін кей жағдайда үлкен сын астында қалып жатады. Журналистердің көпшілікпен сәйкес келмейтін пікірді білдіруі, өздерінің саяси ұстанымдары жайлы жазуы немесе президенттіке кандидаттардың бірін қолдауы — осының жарқын мысалы.

Медиа және пиар мамандары үшін әлеуметтік желі — қоғамға хабар жеткізуде құнды инструмент. Оны қолданудағы дұрыс стратегияны ұстану да кәсіби журналистерге бейтарап пікірді білдіруге, «протоколды» сақтауға және жұмысын орындау барысында кәсібиліктен аттамауға мүмкіндік береді. Аталмыш мәселенің аясында атақты Cision Global Social Journalism Study зерттеуі журналистердің әлеуметтік желіні қалай қолданатыны жайлы қызық деректер тапты. 2012 және 2017 жылдар аралығында сауалнамаға қатысқан журналистердің 12%-і ғана әлеуметтік желіде контентті күн сайын бөлісетінін айтқан. Зерттеуге сенсек, журналистердің 78%-і әлеуметтік желінің арқасында өз аудиторияларымен тығыз коммуникация орнатқан.

Медиа мамандары әлеуметтік платформаларда бөлісетін контент саны артып, тиісінше оларды қолдануда журналистер үшін де, желіде ықпалы бар қолданушылар үшін де нұсқаулықтарға (guidelines) сүйенудің маңызы артып келеді.

Әлеуметтік медианы қолдану бойынша нұсқауларды жасайтын атақты ұйымдардың бірі — Кәсіби журналистер қауымдастығы (The Society of Professional Journalists — SPJ). SPJ мүшелерінің айтуы бойынша ұйым өз басшылығы мен қызметкелерін әлеуметтік желіні өздерінің арасында ғана емес, журналистер қауымдастығымен де кең коммуникация орнату мақсатында қолдануды сұрайды. Сондықтан ұйым жасайтын нұсқаулардың миссиясы — оның мүшелері арасындағы әлеуметтік желіні қолданудағы жалпыға ортақ практикаларға сүйену. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, SPJ журналистерді әлеуметтік желі қолдану барысында этиканы сақтауға шақырады.

Әлеуметтік желілерде медиа саласының мамандары мен журналистердің этика заңдылығына сүйенбеуі түрлі дау-дамайға себеп болуы мүмкін. Мәселен, 2018 жылдың басында АҚШ-тың Вермонт штатында орналасқан диджитал форматындағы медиаагенттік Twitter-дегі пікірлері үшін атқарушы директоры Дэнис Финлиді жұмыстан шығарып жіберді. Финли Вермонт штатында сол уақытты дау туғызған мәселе — автожүргізуші куәлігіне үшінші жыныс графасын енгізуді «елді құрдымға әкелетін» қадам деп твит жазған еді. Қазақстанда бұл мәселе ерсі көрінгенімен гендер мәселесі өте сенситив саналатын АҚШ-та ол этикамен тығыз байланысты. Осыған ұқсас жағдай атақты The Atlantic баспасында жұмыс істейтін колумнист Кевин Уильямсонның аборт мәселесі жайлы жазған твиттеріне байланысты болды. Ол Twitter-де «Аборт жасатқан әйелдер адам өлтірген қылмыскерлер ретінде қарастырылып, өлім жазасына кесілуі қажет» деген ойды жазған. Осы екі қарапайым мысал журналистер арасындағы этика мен олардың әлеуметтік медианы қолдануы мәдениетінің маңызы жайлы көп нәрсені айтады.

Мамандар әр платформаның өз ерекшелігі болады дейді. Facebook жеке парақша болса, Instagram жеке және бизнес мақсатында қолданылып, ал Twitter болса, маманның өз саласы жайлы пікірлерді салмақты және кәсіби түрде жеткізетін алаң ретінде қарастырылуы керек. Бұл нәрсе ең әуелі журналистерге қатысты: пікір білдірмес бұрын ол аудиториясының ерекшелігін ескеріп қана қоймай, жалпы медиа қауымдастығына «кір келтірмейтін» тұсын ойлауы керек, мамандықтың қадірін қашыратын, өзгелердің көңіліне тиетін пікір білдіруден аулақ болуы керек. Журналист — ол инфлюенсер, интернет сегментінде салмағы бар, қоғамдық пікірді қалыптастырушы тұлға. Сондықтан кәсібиліктің және этиканың шекарасын аттау — журналиске деген сенімді құнсыздандыратын қадамдар. Ой білдіру барысында олар үшін баланс сақтау және объектив болу өте маңызды.

Журналистердің әлеуметтік желідегі этикасы бойынша «дабыл қағатын» елдердің бірден-бірі — АҚШ. Тіпті, әлемге әйгілі The New York Times газеті өзінің қызметкерлері үшін әлеуметтік медиада жазба қалдыру бойынша бірнеше ереже енгізген. Бұл газет қызметкерлері арасында өзіндік бұлжытпай орындалуы тиіс «кодекске» айналып үлгерді. The New York Times газетінде әлеуметтік желілерді қолдану бойынша журналистер көңіл аударуы тиіс негізгі ұстанымдар келесідей:

       — әлеуметтік желіде посттарды жариялау барысында журналистерге «партизан» пікірлерді (белгілі бір саяси блокты, партияны, саясаткерді қолдауға бағытталған), саяси ұстанымдарын насихаттауға, белгілі бір кандидатты қолдауға, адамдардың діни, саяси және басқа да көзқарастарын қорлайтын немесе газеттің репутациясына кері әсер ететін нәрселерді жазуға тыйым салынады;

       — кез келген мәселе аясында жарияланған материалды газет объектив жазады, сондықтан журналист өз желісінде оған қарама-қайшы келетін пікір білдіруден аулақ болуы керек;

       — журналистердің әлеуметтік желідегі белсенділігі аталған ережелер аясында болғаны маңызды. Facebook, Twitter, Instagram, Snapchat сегменттеріндегі белсенділіктері «жеке кеңістікте» жүзеге асады деп ойласа да, олар басқан әрбір like немесе жазған пост редакцияның позициясы деп қабылданатынын қаперіңізден тастамаңыз;

       — аталған нұсқаулар ұйым ішіндегі барлық департамент қызметкеріне, тіпті мемлекеттік саясат пен үкімет жайлы жазбайтындарға да қатысты.

Осы сияқты атақты Ұлыбританияның BBC-і журналистеріне «ақымақтыққа жол бермеңіздер» деген жұмсақ ескерту жасайды. Медиаимперия өз қызметкерлеріне әлеуметтік желідегі биография бөлігіне жұмыс орны жайлы ақпаратты және жазылған пікірлер редакцияның позициясынан бөлек екені жайлы жазуға кеңес береді.

Қазақстанда журналистер әлеуметтік желіні белсенді қолданушылар болғанымен де жоғарыда аталған практикаларды сақтау әлі кенже қалып келеді. Біздің журналистер әлеуметтік желіні жеке, субъектив пікірді білдіруге мүмкіндік беретін кеңістік ретінде қарастырады. Мысалы, Instagram желісінде отыратын белсенді, оқырманы көп журналистер көбіне өз аудиториясының сұранысын қанағаттандыра алатын ойын-сауық контентке жиі көңіл бөледі. Оның ішінде ақылы жарнамалар, журналистер өздері ашқан дикторлық мектептеріне клиент жинау мәселелерімен әлек болып жатады. Басқаша айтсақ, журналистік этика мәселесі ұмытылып, медиа мамандары оқырман санын ұлғайту үшін қыруар әрекеттерге барып жатады.

Қазақстандағы кез келген медиаресурс өз мамандарын жоғарыда аталған Батыс практикасына сүйеніп, «тәрбие сағаттарын» жүргізеді деп айтуға әлі ерте. Кәсіби журналистің әлеуметтік желідегі белсенділігі ешқандай ережемен, нұсқаумен реттелмеген. Сондықтан медиа саласы мамандарының әлеуметтік желіні этика мен журналистік стандарттар тұрғысынан дұрыс пайдалануды нормаға айналдыруы жөнінде атқарылатын шаруа көп.