Атырау облысының Жылыой ауданында қолайсыз ауа райы салдарынан 1238 бас қой мен ешкі қырылып қалды. Алдын ала мәлімет бойынша, мал ұзақ уақыт жаңбыр астында қалып, үсіп өлген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2-3 маусым күндері Жылыой ауданындағы Сарықасқа және Желтау аумақтарында болған.
Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына аудандық ветеринариялық қызмет мамандары барған. Зерттеу нәтижесінде Қошағыл ауылдық округі, Құлсары және Майкөмген ауылдық округі аумақтарындағы шаруашылықтарда 1 238 бас қой мен ешкінің қырылғаны анықталған.
Облыстық әкімдіктің алдын ала деректері бойынша, мал шығынына ұзақ уақыт бойы жауған жаңбыр мен ауа райының күрт нашарлауы себеп болған. Мамандардың айтуынша, жануарлар суыққа ұрынып, үсіп қалған.
Сонымен қатар жазғы жайылымдарда қора-қопсының болмауы және малдың балшыққа батып қалуы да қосымша фактор ретінде қарастырылып отыр.
Ветеринариялық қызмет өкілдері қырылған жануарларды жою жұмыстары толық көлемде жүргізілгенін мәлімдеді. Қазір мамандар оқиғаның барлық мән-жайын нақтылап жатыр.
