Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Тұрғын үй ауласына көлік қоюға тыйым салына ма?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Ішкі істер министрлігі 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің аулаларында көлік қоюға тыйым салынады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің ауласында көлік құралдарын қоюға тыйым салатын жаңа нормалар енгізілетіні туралы ақпарат тараған.

Осыған байланысты ІІМ аталған мәліметті жоққа шығарып, көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар өзгеріссіз қалатынын хабарлап отыр.

Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрлік қолданыстағы жол жүрісі қағидаларына сәйкес көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға әрі тоқтатуға тыйым салынатынын еске салды.

ІІМ жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және өзара құрмет танытуға шақырды. Ведомство балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың көшедегі мінез-құлқын бақылауды күшейтіп, жол қауіпсіздігі ережелерін үнемі түсіндіріп отыру ұсынылды.

ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек балаларға жолдың жүріс бөлігінде және өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын түсіндіру маңызды екенін айтты.

Тек бірлесіп қана біз жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын ала аламыз, – деді ол.

Мақалаға реакция