Журналистер мен блогерлердің мақсаты әртүрлі. БАҚ жаңалықтарды үздіксіз жариялау арқылы неғұрлым көп оқырманға ақпарат таратуды көздесе, блогерлер кез келген оқиға бойынша жеке пікірін білдіреді. Дегенмен, қазақстандық контекстте блогерлердің ролі өсіп, олар қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе жайлы белсенділік көрсетіп жатады. Аудиторияның олар тарататын, бөлісетін ақпаратына реакциясы бөлек әңгіме.

Электрон кеңістікте блог пен интернет-БАҚ түрлі орын алғанымен, олардың арасында қазір бәсеке өсіп жатыр. Медиа құралдары блогтың маңыздылығын мойындауының бір мысалы — олардың блогтағы ақпараттарға жиі сілтеме беруі (телеграм-канал, фейсбук, инстаграмдағы пост).

Блогтарда БАҚ-тың кейбір ұқсас сипаттамасы бар, бірақ оларды дәстүрлі медиаға жатқызуға болмайды. Біріншіден, блог — жеке жазбаларға арналған желілік журнал, ол субъектив пікірден құралған «күнделік». Блогерлер жазбаларында эмоцияға берілсе, журналистикада фактілерге сүйену — басты қағида. Екіншіден — жазу стилі, өйткені блогер желілік неологизм, слэнгті жиі қолданады. Блогердің сөздік қорында журналистикада кездестірмейтін жаргондарды жиі кездестіруге болады. Үшіншіден, жазбаның көлемі, жазылу жиілігі әрдайым автордың өз қалауына байланысты. Төртіншіден, блогтардың жұмысы ешқандай заңнамамен бекітілмеген, ал оның авторы журналист сияқты құқыққа ие емес және заңмен қорғалмаған.

Коммуникация модельдері өзгеріске ұшырағанымен, журналист те, блогер де стандарт пен этиканы ескеруі керек. Медиадағы этика — журналистер мен блогерлердің өзгенің ар-намысына тиетін, құқығын таптайтын материалдарды жариялаудан алшақ болуды, кәсіби білігін көрсететін маңызды индикатор. Бұрын-соңды арнайы тапсырыспен өзге тарапқа БАҚ арқылы қысым көрсетілген болса, қазір мұны блогерлер арқылы да жүргізу практикаға енді. Әсіресе, Қазақстандағы Facebook-тің саясиланғанын ескеретін болсақ, аталған интригаларда блогерлердің қажеттілігі артып отыр.

Блогер мен журналистерге қатысты дауға жауапты Германиядағы Отто Бреннер қоры жүргізген зерттеуінен алуға болады. Осы мақсатта Остфалияның қолданбалы зерттеулер университетінің (University of Applied Sciences Ostfalia) ғалымдары Олаф Хоффджанн және Оливер Хайдукевич зерттеулерінде 936 кәсіби журналист пен 463 блогерді және 156 интернет қолданушылары арасында арнайы сауалнама жүргізген. Одан бөлек, зерттеушілер 20 блогерлермен арнайы эксперттік сауалнама жүргізді. Бұл зерттеуде ғалымдар дәстүрлі БАҚ-та да жұмыс істейтіндерді де, блог жүргізетіндерді де журналист деп қарастырғанымен, оларды ажырату мақсатында «кәсіби журналистер» және «блогерлер» деген ұғымды қолданған.

Зерттеудің нәтижесінде ғалымдар келесідей төрт тұжырымға келді.

Маңыздылық

Журналистердің ойынша, блогерлердің БАҚ саласы үшін маңызы төмен. Әрбір үшінші кәсіби журналист блогерлерді ақпарат беруші ретінде қарастырмайды. Блогерлер болса, журналистердің жұмысын жоғары бағалайды және оны құнды, маңызды деп есептейді. Екі тарап та блогтың кең таралуы аудиторияның дәстүрлі БАҚ жұмысына көңілі толмауынан деп біледі.

Білім және кәсіби дайындық

Зерттеуге сенсек, блогерлердің кәсіби журналистерге қарағанда теория тұрғысында білімі төмен. Бірақ әр жетінші блогер коммуникация саласы бойынша білім алған. Журналистика саласы бойынша тәжірибеден өту блогерлер арасында сирек кездеседі.

Аптасына 20 сағат жұмыс істеп, өз жұмысын табыс көзі ретінде көретін әрбір үшінші блогер кәсіби блогер ретінде саналады. Бірақ Хоффджанн мен Хайдукевичтің айтуынша, кәсіби блогерлер ақша табу үшін көп жұмыс істейді. Блогерлер тек интернетте ізденеді және сонымен шектеледі. Олар потенциалын және уақытын көбіне маркетингке жұмсайды.

Мақсаттар

Кәсіби журналистер де, блогерлер де ақпарат беруді мақсат етеді. Блогерлер ойын-сауық туралы контент жасауға бейім, ал журналистер бақылағанды және сынағанды қалайды.

Екі тарап та сапаның негізі критерийлеріне сай болуға тырысады: ақпараттың дұрыстығы, шынайылығы, тәуелсіз болуы және кез келген күрделі және маңызды мәселелерді түсінікті етіп жеткізе білу қабілеті. Кәсіби журналистер бейтарап позицияны ұстануға бейім, ал блогерлер контентті жеткізуде жеке және субъектив тарапты ұстанады.

Сапа

Зерттеу авторларының айтуынша, кәсіби журналистер функционал, норматив, демократиялық бағытты ұстанатын сапа критерийлеріне мән берсе, блогерлер аудиториямен жұмыс мәселесіне байланысты сапа критерийлеріне (олармен тығыз байланыста болу, ойын-сауық контентті сапалы ұсыну) басымдық береді екен.

Уақытының көп бөлігін блогерлер аудиториямен қарым-қатынасқа түсуге, интерактивке (мысалы, блогтағы комментарийлер) жұмсайды. Блогерлер үшін өз оқырмандарымен тығыз байланыста болу маңызды.