Сайлауға дейінгі күндері:

  • Ешқандай сауалнама жүргізбеу керек;
  • Қоғам пікіріне жүргізілген сауалнама туралы материал жазсаңыз, сауалнаманы кім жүргізгенін анықтаңыз. ҚР Орталық сайлау комиссиясы қоғам пікіріне сауалнама жүргізуге екі ұйымның ғана рұқсаты бар екенін хабарлады, олар: «Қоғамдық пікір институты» ҚҚ және «Молодежь» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС;
  • Сауалнама жүргізуге рұқсаты бар екі ұйымның бірінің зерттеуін жариялаған кезде материалда міндетті түрде сауалнама жүргізуші заңды тұлғаны, сауалнамаға тапсырыс берген және ақша төлеген тұлғаларды, сауалнама алынған уақытты, ақпарат жинау әдісін, сауалнамаға өзек болған нақ тұжырымын, сұрау салынғандар санын, сауалнама нәтижесінің ала-құлалық коэффициентін міндетті түрде көрсету керек.

Интернетте қоғам пікірі сауалнамасының нәтижесін, сайлау нәтижесіне қатысты болжамды, сайлауға қатысты басқа да зерттеулерді жарияламау керек, кандидаттарға дауыс беруді ұйымдастырмау керек.

8 маусым, сенбі, «Тыныштық күні»:

Кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат материалдары жарияланбауы керек. Интернетте бұрын жарияланған үгіт-насихат материалдары бұрынғы орнында сақтала береді. Бұрын жарияланған материалдарды интернет-ресурстың басты бетіне шығаруға рұқсат етілмейді.

9 маусым, жексенбі, дауыс беру күні:

  • Журналистерге дауыс беру ашылғаннан жабылғанға дейін және дауыстар саналатын кезде сайлау учаскесінде болуға рұқсат етіледі. Оның жеке куәлігі және редакциядан тапсырма алғаны туралы анықтамасы болуы керек;
  • Сайлау учаскесінде дауыс беру барысын бақылауға болады, фотоға және видеоға түсіруге рұқсат етіледі, бірақ дауыс беру кабинасына кіріп түсіруге тыйым салынады;
  • Сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Сайлаушылардан кімге дауыс бергенін сұрауға да болмайды;
  • Сауалнама нәтижесін, сайлау нәтижесіне қатысты болжамды, сайлау туралы басқа да зерттеулерді жариялауға, кандидаттардың бірі үшін онлайн дауыс беруді ұйымдастыруға болмайды;
  • Журналистер сайлаушыларға бюллетень толтыруға көмектеспеуі керек;
  • Журналистер сайлау учаскесінен тыс жердегі дауыс беру туралы хабардар бола алады. Олар да сайлау учаскесінен тыс жердегі дауыс беруді бақылай алады.
  • Журналистер дауыс беру аяқталғаннан кейін дауысты есептеуге қатыса алады. Дауысты есептеу сағат 20.00-де басталып, қорытындысы шыққанша 12 сағаттан аспайтын уақыт бойы үзіліссіз жалғасады.

Дауыс есептеу тәртібі:

Әр кандидат жинаған дауыс бөлек есептеледі. Тиісті сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру аяқталғанын хабарлағаннан кейін сол комиссия өкілдері дауыс беру жәшігін ашады. Учаскелік сайлау комиссиясы әуелі сайлаушылар тізімі бойынша бюллетень алған сайлаушыларды есептеп шығады, содан кейін олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы немесе комиссияның оны алмастырушы мүшесі нәтижені жария етіп, оны дауыс берудің қорытындысы туралы хаттамаға енгізеді.

Әуелі дауыс берудің жылжымалы жәшіктері, содан кейін учаскедегі жәшіктер ашылады. Комиссия төрағасы немесе мүшесі отырғандарға бюллетеньді көрсетіп, сайлаушының таңдауын жария етеді. Бюллетеньдер әр кандидат бойынша жиналады, жарамсыз бюллетеньдер бөлек топтастырылады.

Дауыс берудің жылжымалы жәшіктеріндегі бюллетень саны сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру жөніндегі жазбаша өтініш санымен сәйкес келуі керек екенін ескерген жөн. Егер жылжымалы жәшікте бекітілген үлгідегі дауыс беру бюллетені өтініш берілгеннен көп болып шықса, жәшіктегі барлық бюллетень жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда сайлау учаскесінен тыс жерге апарылған жәшіктен барлық бюллетень алынып, оларды жарамсыз деп тану туралы акті жасалуы керек. Актіде сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беруді ұйымдастырған комиссия мүшелерінің аты-жөні жазылады.

Дауысты есептеу аяқталғаннан кейін қорытынды жазылған хаттамаға комиссия мүшелері қол қойып, сайлау учаскесіне іледі. Дауыс беру қорытындысы аумақтық сайлау комиссияларына, одан кейін Орталық сайлау комиссиясына жөнелтіледі.

Сайлаудан кейінгі күндері:

Сайлаудың түпкі қорытындысы дауыс беруден кейінгі 10 күннен кем емес уақыт аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс. Осы 10 күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы ақпарат құралдарында кандидаттар қорына түскен қаржы көздерін және қаражаттың жалпы сомасын жария етуі керек.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Anton Fritsler)