Семейде Ұлттық домбыра күні аталып өтті

Семейде Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музей қызметкерлері  және  татар өнер мектебі түлектерінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай арнайы акция өтті. Шара барысында өнерпаздар Құрманғазының күйлерін орындап, қоғамдық көліктегі жолаушылардың құлақ құрышын қандырды.  Мақсаты — халық арасында қазақ күйлерін насихаттап, ұлттық мұраны жандардыру. Акция аясында ұйымдастырушылар  жолаушыларға XVIII-ХХ ғасырдағы күйшілер туралы викториналық сұрақтар қойып, жеңімпаздарға отбасымен музейге кіру билеттерін  табыстады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Домбыра — қазақтың жаны. Өйткені ол халықтың қуанышы мен мұңын білдіретін қасиетті аспап» деген.

Бүгінде домбыраны халық арасында насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында осы акцияны ұйымдастырып отырмыз. Тарихқа көз жүгіртсек, Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский арасында қазақ өнеріне деген ортақ жанашырлық болған. Сол уақытта қазақтар туралы мәліметтер аз болғандықтан, Федор Достоевский Шоқан Уәлихановқа қазақтың кең-байтақ жері мен елі туралы толық жазуын өтінген. Сонымен бірге ол Шоқанмен бірге қазақ ауылдарын аралап, салт-дәстүрімен танысып, домбыра аспабына ерекше баға берген, — деді музейдің бөлім меңгерушісі Салтанат Нұрлыбекқызы.

Акцияға белсене қатысқан жолаушылар арасынан домбыраны қолына алып, көпке күй орындап берген жандар да болды.

Бүгін Семей өнер ордасының орталығында Ұлттық домбыра күніне орай акция өтіп жатыр. Қоғамдық көліктерде біз домбыраның үнін өз құлағымызбен есту мәртебесіне ие болдық. Осындай акция жыл сайын өтіп тұрса деген ниеттеміз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — деді қала тұрғыны Назым Келербекова.