Алматыда аударыспақтан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты аяқталды

Аударыспақтан 2001-2003 жылы дүниеге келген жасөспірімдер бақ сынасты. Ел біріншілігінде 40, 50, 60, 70 және 70 келіден жоғары салмақтағы спортшылар сынға түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша 40 келі салмақта Ақтөбе облысының тумасы Мейірман Әріпов чемпион атанды. Ал екінші орынды түркістандық Азамат Жұмабек және үшінші орынды Жамбыл облысынан келген Айбек Жапаров жеңіп алды.

50 келі салмақта бас жүлдені түркістандық Бекзат Қамбар иеленді. Екінші орыннан ақтөбелік Абай Тұрсынбаев көрінсе, үшінші орынға жетісулық Сұңқар Тәукебаев ие болды.

60 келі салмақта бірінші орын Батыс Қазақстан облысының спортшысы Мирас Берікбаевқа бұйырды. Екінші орынды Алматы облысының спортшысы Еділ Ерболатұлы, ал үшінші орынды ақтөбелік Әлішер Сәлімжанов жеңіп алды.

70 келі салмақта чемпиондық атаққа Түркістан өңірінің тумасы Расул Құрайыш ие болса, күміс жүлдені қарағандылық Төлеген Мадияр алды. Ал қола медаль жамбылдық Ағаділ Ахатбекке бұйырды.

70 келіден жоғары салмақта сынға түскен спортшылар арасында Ақтөбе облысының спортшысы Аслан Есенғарин бас жүлдені иеленсе, жамбылдық Асланбек Сүндетов екінші орынды місе тұтты. Жүлделі үшінші орынға Алматы облысынан келген Айдар Ділдәбек жайғасты.

Чемпионат бағдарламасына сәйкес 29 маусым күні теңге ілу мен жамбы атудан сайыс өтсе, көкпардың финалдық ойындары мен жарыстың жабылу салтанатты 30 маусым күні мәресіне жетті.