Ескерткіш тақта Денис Тен
Фото: Мейірман Лес

Алматыда  Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Талантты мәнерлеп сырғанаушы қазіргі Назарбаев көшесі, 46-үйде тұрған еді.

Салтанатты шараға КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Тарасова мен жас мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионова арнайы келді.

Татьяна Тарасова
Татьяна Тарасова. Фото: Мейірман Лес

Денис, қайран балам… Бәріміз дауыс етіп жыладық… Ол тек осы елде өмір сүргісі келді. Осы елдің даңқын асқақтатқысы келді. Өкінішке қарай, осылай болды. Ол осы елде қайтыс болды. Ол өз Отанын әлемге танытты. Оның өнерін, өмір жолын тамашалаған миллиондаған адам картадан Қазақстанның қай жерде екенін іздеді. Бұл елдің қай жерде екенін көпшілік біле бермейді. Ол – өз халқының ұлы баласы. Ата-анасына сондай бірегей адамды тәрбиелегені үшін алғыс білдіремін. Маған онымен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Ол – өз кәсібін ерекше жақсы көретін, кәсібі арқылы көп нәрсеге жетуге болатынын түсінетін адам. Ол үздіктердің үздігі болды. Бала кезінен бірегей жігіт болды, – деді Татьяна Тарасова.

Татьяна Тарасова Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, ол осы шара үшін тұңғыш рет келіп отыр. Бұл – оның әйгілі мәнерлеп сырғанаушыға деген ерекше ықыласы, құрметі, әрі оның рухына деген мәңгі тағзымы.

Оған бір айтқанды қайталаудың қажеті болмайтын. Үлкен мұзға, әлем чемпионатына алғаш шыққанынан бастап істегенінің бәрі стадионды ду көтеретін еді. Біз алғаш әлем чемпионатында, Лос-Анджелесте болғанда стадион ол баланың қай жақтан келгенін де білмеген еді. Ол бірден үздік ондыққа кірген еді, кейін үздік төрттікте болды. Стадион сол бір кішкентай жігіттің энергиясынан – әлемді баурап ала білетін сондай таланттан бір сілкініп, көпке дейін отыра алмады. Мен көпті көргенмін, ал сондай қошеметті ешқашан естімеген едім. Мен мұны ұмытпаймын. Ол тамаша сәт болды. Бұл жай адам емес, тамаша адам, тосын адам еді, – деді Татьяна Тарасова.

Шарада Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобров, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева да сөз сөйледі. Арман Қырықбаев көктемде Алматыда Денис Тенге ескерткіш қойылатынын хабарлады.

Мемориалдық тақтамен бірге бүгін Halyk Arena-да “Денис Тен қорының” ашылғаны  да ресми түрде таныстырылды. Қордың мақсаты – Денистің жобаларын іске асырып, шығармашылық жастарға қолдау көрсету.

Денис Тен қорының ашылуы
Фото: Ақпараттық-спорттық хаб

Денис Тен 19 шілде күні автоұрылардың қолынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Бұл оқиға бойынша “Адам өлтіру” бабымен қылмыстық іс қозғалды. Спортшының өліміне қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталып, тергеліп жатыр – Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!